Site icon ATAMEKEN

Мәслихат сайлауы — өңір дамуының маңызды қадамы Халық таңдау- ел болашағына деген жауапкершілік

2026 жыл Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды өзгерістермен ерекшеленіп отыр. Биыл елімізде жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум өтіп, Құрылтай депутаттарының сайлауы ұйымдастырылды. Алдағы уақытта мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткізіледі. Бұл саяси науқандар азаматтардың ел басқару ісіне қатысуының және өкілді органдардың қалыптасуының маңызын айқындайды.

Биылғы саяси науқандар – жаңғырудың маңызды кезең болды. Оның дәлелі: 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының ресми мәліметіне сәйкес, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 73,12 пайызы қатысып, дауыс бергендердің 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдады. Бұл елдің конституциялық дамуы жолындағы маңызды оқиға болды.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтті. Бұл сайлау жаңа мемлекеттік басқару жүйесіндегі жоғары өкілді органның құрамын қалыптастыруға бағытталды.

Аталған оқиғалар азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы, өз таңдауын білдіруі және елдің болашағына қатысты шешімдер қабылдауға араласуы маңызды екенін көрсетті.

​Ал енді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 13 қазандағы № 60/98 қаулысына сәйкес, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалды.

Мәслихат депутаттарының рөлі қандай?  Ол қалай өтеді? Деген сұрақтарға жауап іздеп жүрген азамамттар да бар.

Мәслихат— жергілікті халықтың мүддесін білдіретін және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді қарастыратын өкілді орган. Депутаттар жергілікті бюджетті бекітуге, өңірді дамыту жоспарларын талқылауға, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне және тұрғындардың өтініш-тілектерін тиісті деңгейде көтеруге қатысады.

Ауылдық елді мекендер үшін мәслихат депутаттарының қызметі ерекше маңызды. Өйткені жолдардың сапасы, ауызсумен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының жағдайы, абаттандыру, жұмыс орындарын ашу және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау секілді мәселелер тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.

Сондықтан депутаттың халықпен тұрақты байланыс орнатуы, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдауы және көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал етуі — оның негізгі міндеттерінің бірі.

​ Сайлау аясында 228 мәслихатта 3 447 депутатты сайлау жоспарланған.

Бұл науқан жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сайлаушылар өз өңірінің мәселелерін жақсы білетін, тұрғындармен ашық байланыс орнатуға дайын және жергілікті дамуға қатысты нақты ұсыныстары бар кандидаттарды таңдай алады.

Сайлау науқаны кезінде азаматтардың кандидаттардың бағдарламаларымен танысуы, олардың ұсыныстарын салыстыруы және саналы шешім қабылдауы маңызды. Ал сайлауға қатысу — әрбір азаматтың өз таңдауын білдіруіне берілген мүмкіндік.

​Демократиялық қоғамда сайлаудың маңызы тек дауыс берумен шектелмейді. Ол халық пен өкілді органдар арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті мәселелерді ашық талқылауға жол ашады. Тұрғындардың белсенділігі депутаттардың жұмысына қоғамдық бақылауды күшейтуге де ықпал етеді.

Әрбір азаматтың сайлау құқығын білуі, заң талаптарын сақтауы және қоғамдық өмірге жауапкершілікпен қарауы маңызды. Өңірдің дамуы тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, тұрғындардың белсенділігі мен ортақ іске атсалысуына да байланысты.

Қорытындылай келе, 2026 жылғы республикалық референдум, Құрылтай депутаттарының сайлауы және алдағы мәслихат сайлауы елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдерді құрайды. Мәслихат депутаттарын сайлау арқылы азаматтар өз өңірінің болашағына қатысты таңдау жасап, жергілікті мәселелердің шешілуіне ықпал ете алады.

Саналы таңдау, белсенді азаматтық ұстаным және халықпен тұрақты байланыс — өңірдің орнықты дамуының маңызды негізі.

Сыдыкова Сандугаш

Exit mobile version