Сәрсенбі күні Жамбыл ауылындағы Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде «Мәңгілік тұлғалар» атты халықаралық музейлер фестивалі өтті.
Дәстүрге айналған бұл шара Жыр алыбы, ХХ ғасырдың Гомері атанған ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы мен Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылды.
Рухани құндылықтарды дәріптеп, тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттауды мақсат еткен айтулы шара еліміздің әр өңірінен және бауырлас Қырғыз Республикасынан келген музей қызметкерлерінің басын қосты.
Фестиваль қонақтарын Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі қақпасында қазақы дәстүрмен ақ кимешек киген әжелер ән шырқап, шашу шашып қарсы алды. Ұлттық нақыштағы бұл көрініс алыстан ат терлетіп келген қонақтарға ерекше әсер сыйлап, қазақ халқының кеңпейілдігі мен қонақжайлылығын айшықтай түсті.
Рухани шараның алғашқы бөлімі Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Фестивальге қатысушылар жыр алыбының рухына тағзым етіп, ақын мұрасына құрмет көрсетті. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның рухына тағзым ету — фестивальдің мазмұнын тереңдете түскен маңызды сәттердің бірі болды.
Одан кейін қатысушы музейлердің арнайы көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде тарихи жәдігерлер, сирек кездесетін мұрағаттық материалдар, әдеби және мемориалдық құндылықтар қойылып, келушілерге тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен ақпарат берілді.
Салтанатты жиын барысында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы мен Халықаралық музейлер күніне арналған «Мәңгілік тұлғалар» халықаралық фестивалінің ресми ашылуы өтті. Ауқымды мәдени шараға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев қатысып, ауыл тұрғындары мен қонақтарды айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол:
“Бүгінгі шара – ұлт руханиятын ұлықтап, тарихи жадымызды жаңғыртатын, ұлы тұлғалардың мұрасын ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған мәні терең, маңызы зор шара.
Жамбыл атамыз – қазақ халқының ғана емес, күллі адамзаттың ортақ рухани қазынасына айналған алып тұлға. Ол – елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақын, халықтың рухын көтерген жырау, ғасырлар сабақтастығын жалғаған данагөй жырау. Жамбыл жыры – халықтың шежіресі, ел рухының айнасы.
Біз үшін бұл мерейтойдың мәні ерекше. Себебі, бұл жерде ұлы Жамбылдың өнегелі өмірінің ізі қалған.
Бұл өлке – ежелден ақындар мен батырлар мекені атанғаны жалпақ жұртқа белгілі. Қазақ сөз өнерінің шамшырағы Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Үмбетәлі Қарабаев, Әсімхан Қосбасаров, Есенқұл Жақыпбеков секілді дарынды тұлғалар туған өңір.
Бүгінгі фестивальдің халықаралық деңгейде ұйымдастырылуы – Жамбыл мұрасының ұлт шеңберінен асып, әлемдік мәдени кеңістікте де өз орнын айқындап келе жатқанын көрсетеді. Қырғыз елінен және еліміздің әр өңірінен келген музей өкілдерінің басын қосқан бұл шара – мәдени ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға, тарихи-мәдени байланысты тереңдетуге үлкен мүмкіндік береді. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін”,-деді.
Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес қырғыз елінен келген тұлғалық музейлер қатысты. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысынан «Абылай хан резиденциясы» музей кешені, Қырғыз Республикасынан Токтагул Сатылганов атындағы әдебиет музейі, Жамбыл облысынан Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі, Астана қаласынан «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» Сәкен Сейфуллин музейі, Жетісу облысынан Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі, Алматы қаласынан «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені фестиваль аясында өз жұмыстарын таныстырды.
Фестиваль үш кезең бойынша өткізілді. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздері иемденіп отырған тарихи тұлғалардың образын сахналық қойылым арқылы таныстырды. Бұл бөлімде әр музей шығармашылық деңгейін көрсетіп, тарихи тұлғалардың өмірі мен мұрасын көркем тәсілдермен сахнаға шығарды. Екінші кезеңде қатысушылар тұлғаларға қатысты құнды жәдігерлерді таныстырып, олардың тарихи әрі мәдени маңызын баяндады. Ал үшінші кезеңде командалық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, қатысушылар Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты білімдерін сарапқа салды.
Үш кезең бойынша сайысқа әділ қазы болғандар: музейтанушы, Санкт-Петербург мемлекеттік мәдениет институтының «музеология және табиғат пен мәдениет ескерткіштерін қорғау» мамандығы бойынша білім алған магистр, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрсерік Жолбарыс, ақын әрі Ақмола облысы мәдениет басқармасына қарасты Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Қонқаев Мұхамед Мерекеұлы, Алматы облыстық мәслихат депутаты, «Ата жолы» қоғамдық қорының төрағасы Бигельдиев Махаббат Садуақасұлы, сондай-ақ ақын, суретші, Суретшілер одағының мүшесі Ысқақов Әуелбек Мұсаханұлы төрелік етті.
Тартысты әрі мазмұнды өткен байқау қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздарға арнайы дипломдармен бірге қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталды.
Байқаудың бас жүлдесі – 500 000 теңге ақшалай сыйлықты Астана қаласынан келген «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» МҚКК Сәкен Сейфуллин музейі жеңіп алды.
І орынға – 400 000 теңге сыйақымен Қырғыз Республикасынан келген Токтагул Сатылганов атындагы адабият музейи лайық деп танылды.
ІІ орын – 300 000 теңгені Жетісу облысындағы Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі «Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану» МКҚК иеленді.
Ал ІІІ орын – 200 000 теңге сыйақыны Алматы қаласындағы «Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені» «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК еншіледі.
Бұдан бөлек осы фестивалге қатысқан барлық музейлерге Махаббат Бигелдиев “Ата жолы” қоғамдық қорының арнайы алғыс хаты мен қаржылай сыйлығын табыстады.
Айта кету керек, «Мәңгілік тұлғалар» фестивалі өткен жылы Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінде бастау алған болатын. Сол байқауда Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музей жеңімпаз атанып, эстафетаны қабылдап алып, биыл міне Жамбыл жерінде жалғастырды. Биылғы байқау қорытындысына сәйкес, келесі жылы дәстүрлі фестиваль елорда төрінде — Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби-мемориалдық музейінде ұйымдастырылатын болды.
Тарихи кезеңдерге терең бойлайтын бұл фестиваль ұлттық руханиятты жаңғыртып, музей саласындағы өзара тәжірибе алмасуға, мәдени ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін берді. Ұлы тұлғалардың мұрасын ұлықтауға бағытталған мұндай ауқымды шаралардың жас ұрпаққа берері мол.
Б.Айталы
