Site icon Атамекен

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ

Кеуде

Әңгіме

    – Ескендір, мені таныдың ба? – деді үстіне ескі спорт киімін киген қария көзілдірігінің астынан сүзіле қарап.

– Берік Бекетайұлы, сізді бірден таныдым ғой, — деп ұшып тұрып, қос қолдай амандастым.

– Сені осында деп, әдейі іздеп келдім.

– Зейнеткерлікке шыққан соң, Алматыма ауысқанмын ғой.

– Иә, естідім. Анау Арқадағы үлкен комбинатты бәленбай жыл басқарыпсың.   Сен де пенсияға шыққансың ба? Институттағы ең мықты шәкіртім едің.

Қолында ескі былғары сөмке, одан сыпыртқының басы көрініп тұр.

– Моншаға шығып едім. Мен қазір алтын аймақ аталатын дөкейлер тұратын жерде тұрамын. Әр жұма сайын моншаға түсемін, фитнеске барамын.

–Жап-жассың, жүрегім ауырады дейсің. Күніне мен сияқты он шақырым жаяу жүргің, дерт  дегенің өзі-ақ қашады. Қой, уақытыңды алмайын, телефоныңды беріп қойшы, хабарласып тұрайын, — деп  екі ұмтылып барып орнынан тұрды.

Баяғыда қалың бұйра шашты, тіп-тік, ұзын бойлы қасына адам жоламайтын айбынды кісі еді. Бәріміз қаһарынан ығып, сабағында тып-тыныш отыратынбыз. Өмірі қабағы ашылмайды, зілдене сөйлеп, емтиханында бәрін құлатуға құмар, өте қатал болды. Басы қасқаланып, желке тұсында ғана жидіп қалған ақселеу шашы ғана желбірейді. Түр-түсі мыж-мыж, әжім сойғылаған беті бұршақ тигендей шоқпыт-шоқпыт, қаракүрең даққа толы. Апыр-ау, осы профессор ұстазым қаншаға келді екен?

– Сені министр болатын шығар деп ойлаушы едім. Әй, бірақ талантты кім бағалап жатыр?

– Аға, ірі мекемені басқардым, қарамағымда үш мың адам жұмыс істеді. Енді соның осындағы филиалында істеймін, қағаз-жобаларын қарап беремін.

– Ескендір, хабарласып тұрармын. Ал, сау бол, — деп тырп-тырп басып шығып кетті.

Қатал уақыт бәрін еңкейтеді. Тіп-тік шынардай, үстіне қылау тұрғызбай шарт-шұрт екпіндей жүретін Берік ағайым да жауырын жотасы шодырайып, басы алдыға жығылып, еңкіш тартыпты. Киген киімі де тозған, олпы-солпы.

Қара жер адам ұзақ жасаған сайын басын игізіп, иілдіреді екен. Қайран Берік ағай, Берік Бекетайұлы қандай еді,  шіркін? Ол кісі емес, өзім де алпыстың мол ортасына келіп, шау тартып отыр емеспін бе?

Үш күннен кейін тағы телефон шалды.

сөйлессек…

– Аға, онда түсте бірге шәй ішейік, — деп кафеге шақырдым. Қазір Алматыда не көп өзбектің кафе, ресторандары көп. «Науат» деп аталатын соның бірінде отырмыз.

Ол кісі ұзақ созып отырмай әңгімесін төтесінен бастап кетті.

– Ескендір, сен алғыр, есті және ең сенімді шәкіртімсің, — деп тамағын кеней сынай қарап қойды.

– Саған мұңымды айтпағанда кімге айтайын? Баяғы өзің көрген Зейнеп деген әйелім осыдан жиырма жыл бұрын жүрек талмасынан қайтыс болып кетті. Жасы келген еркекке          әйелсіз сопайып жалғыз жүріп-тұру нағыз қиямет, итқорлық екенін ұқтым ғой. Екі ұлымның екеуі де үлкен қызметте, біреуі Астанада екіншісі шетелде. Өздерінің үй жайлары бар, әңгіредей кең үш бөлмелі үйде сүмірейіп жалғыз қалдым. Не керек ақыры бір әйелге үйленіп алдым. Пысық әлекейдей жалаңдаған оның бойжетіп қалған қызы үшеуміз тұрып жаттық. Қызына диплом әпердім, тұрмысқа бердік, бар шығынын көтердім. Әлгі әйел сауда жасап, тыным таппайды.  Ылғи тең-тең тауар тасып кеп жүргені. Керемет әп-әдемі,  үш бөлмелі үйімнің ішін қолқаны жапқан иістенген қытай, түрік, пәкістанның түрлі заттарына сықап толтырып қойды. Біреулер алып кеп жатады, қаба сақал біреулері алып кетіп жатады. Өзі үйде тұрмайды, апталап шетелге саудасына шығып кетеді. Ақырын айттым, қатты ескерттім. Үйде береке жоқ, тамақ істелмейді, кір жуылмайды. Көкейін тескен ақша, сауда. Ондай қатынның маған не керегі бар? Ақыры шыдамадым. «Енді қайқай, үйімді босат» деп әзер құтылдым.

Қалаған тамағын алғыздым, тәбеті тым жақсы.  Мен құсап ащы-тұщы жемеймін деп отырмай жігітше бәрін қарбыта жеп отыр. Алдындағы лағманды тұтас тауысқан соң, маған қайта бұрылып, әңгімесін сабақтады.

– Бір жылдай болып қалды қазір басым бос. Ескендір қарағым, мен бас құрап үйленейін, үй болайын. Жалғыздық адамды жабырқатып, жүдетіп шала жанған ағаштай бықсытып, жаман ойлар иектеп, жүдетіп жібереді екен. Дүңгірлеген үш бөлмелі үйім бос тұр. Орбитада бір бөлмелі пәтерімді жалға беріп, ай сайын ақшасын алып тұрамын. Кассада жинаған біраз қаражатым да бар. Енді тек маған серік болатын біреу тауып бергің, қарағым…

Ол жауап күтіп отырып қалды.

–Ал, бұған сен не дейсің? – деп қайта сұрады.

–Ойланайын аға…

– Сен көп ойланба, Ескендір. Дереу бұл іске бел шеше кіріс. Шынын айтайын маған енді отыз бестен аспаған, бала таба алатын әйел керек. Бір баласы бар болса да мейлі.

–Аға жасыңыз… денсаулығыңыз?..

–Көкейіңдегі сұрақты түсіндім. Оған қам жеме. Әкем жүзден асып дүние салған. Өзім бассейінге, фитнеске барып қара терімді шығарамын. Әлі күнге дейін бір түйір дәрі ішкен жоқпын, денемді тескізіп ине салдырған емеспін. Күн сайын он шақырым жаяу жүремін. Ол жағынан қорықпа.

олардың титтей жұмысы жоқ. Өзіңе лайықты өмір сүре бер, — дейді.

– Ештеңе қиындығы жоқ. Егер маған бала тауып берсе болды үш бөлмелі үйімді соның атына жаздыртып, нотариуске бекіттіріп қоямын. Ұқтың ба? Арамызда сәби болғаннан кейін кәкүр-шүкір деп жарасып өмір сүріп кетеміз. Сен ғана бұл мәселені дұрыс шеше аласың. Ауылың Алматыға жақын, әшейін тиіп тұр. Барып іздестір. Қаланың тікбақай орысшала бәлелері керек жоқ, елдің ішінен ізде. Сен табасың. Иманжүзді жағдайы болмай жүрген келіншектер бар ғой. Осы саған аманат – деп әңгіме бітті деп күбірлеп барып, бетін сипап, бата жасады.

Енді күнде телефон шалатын болып алды. Сөзбұйдаға салып, ұмыттырып жіберермін деген ойым бекер болып шықты. Міне, тағы да кеңсеме келіп тұр.

–   Ескендір қарағым, сен қашқақтама. Баяғыда бір емес екі шаруаңды сен айтқан соң бітіріп бергенім есіңде ме?

– Әрине аға, оны ұмытқан жоқпын.

Бұл профессор мені ерекше жақсы көрді. Оқу озатымын, айтқанын екі етпеймін. Төртінші курста шын аты Қуаныш болса да,  Желім деп атап кеткен курстас жігіт жатып кеп жабысты. Бірінші курста сынақта Берік Бекетайұлымен әбден салғыласып, ұрысып қалыпты. Өзі де дөкір, мінезі шәлкес қатты айтса керек. Профессорға қанша рет барса да сынағынан құлатып, ақыры «сен түк білмейсің» — деп қабылдамай қойыпты.

Институт бітіретін уақыт жақындаған сайын  Желім маған өлердей жалынды. «Осы ағайыңнан сынақтан өткізіп берші, құлың ғана болып өтейін» — деп соңымнан қалмады.

Жексенбі күні такси жалдап, профессордың үйіне алып келді. Бұрындары талай мәрте болғанмын, қалтамда Желімнің сынақ кітапшасы.

Есікті профессор ағайдың жары Зейнеп апай ашты.

– О, Ескендір төрлет! Ертең түске құдалар келмекші. Бірге күтісіп жібер. Бізде екі ұл ғой, кенжеміз келін әкеліп жатыр, – деп айра-жайра қуанып бар жаңалығын айта жөнелді.

апайым: – Ақшасын берейік қолдан сойып, бір қой басымен алып келе аласың ба? – дегені.

Далада Желім тағатсыздана күтіп тұр, оған мән-жайды айттым. Такси ұстап ауылға барайық деп едім, ол: – Көкбазарға    барып сатып аламыз. Мен төлеймін бәріне. Жүр тез, — деп қуанып кетті.

Семіз бір қойдың етін үйтілген бас сирағы, тазартылған ішек-қарнымен сатып алдық. Шертпек толы қымызымыз бар түс ауа профессор ағайдың үйіне әкелдік. Желім қапшықты көтеріп, менімен бірге кірді.

Оны көргенде есік ашқан Берік Бекетайұлының түрі сұрланып, қап-қара болып, екі көзі шапыраштанып ашуға булығып:

– Мынаны кім шақырды? – деп шаңқ ете қалды. Ар жағынан әйелі көлкілдей келіп:

–Беке, қане шулама. Мен ғой жұмсаған. Міне, ақшасын берейін,  –деп маған пұлын ұсынды.

Желім қайта безіп ап жоғалды.

–Аға, мынау өзіміздің қорадағы қойдың еті. Той құтты болсын! Арнайы алып келдім. Көршіміз қымыз ашытады, ішіп көріңізші, бал татиды, — деп ашуын бастым.

–Жүр онда, төрге отыр, — деп шәйға шақырды.

Екі кесе шәй ішкен соң:

–Ертең өзім келіп, асаба болып, тойыңызға қызмет етемін. Өзіңіз білесіз ән де саламын, күй де тартамын. Ал, енді ағатай, апатай! Тойға әкелген жаман ініңіздің сыйы деп осыларды қабыл алыңыз. Ал мына Сіздер берген пұлды той шашуы деп өздеріңізге беремін, — деп Зейнеп апайдың қайта қолына ұстаттым.

–Әп, бәрекелді! Көп жаса   қарағым! – деп екеуі де қауқылдап қалды.

–Аға, ағатай, жаңағы жігіт курстасым ғой, төрт жыл бойы өтініп қоймады. Аға, сынағынан өткізіп беріңізші, — деп сынақ кітапшасын алдына қойдым.

–Ол жүгермек мені тілдеді ғой, оған диплом жоқ. Маған салмаған адамы қалмады, — деп профессор қайта ашуына мінді.

–Беке, Беке десе, мына баланың меселін қайтарма. Жақсы адам кешірімшіл болады. Ертең келін түсірейік деп отырмыз, той-қуанышымыздың алдында Ескендір ініңнің бір өтінішін бітіре сал! – деп майдан қыл суырғандай жайлап айтқанда түңеріп отырған ағайым: –Әкелші онда – деп сынақ кітапшасына сайбақтата қол қойып, қайырып берді.

Желімнің қуанғанын айтпа, бір топ жолдастарымызбен сыраханада тойлатты ғой.

Бәдуан деген досым екеуміз аяқ астынан сорлап айықтырғышқа түсіп қалдық. Талғар жақта тойда болып, жатақханаға қайтып келе жатқанбыз. Бәдуан буыны кеткен түйедей мас, сүйемелдеп әрең алып келемін.

Милиция машинасы жанымызға тоқтай қалды да, ай-шайға қарамай екеумізді салды да әкетті. Мен де ішкенмін, бірақ мас емеспін. Екеуміз сонда түнеп шықтық. Ректорға табақтай қағаз жіберіпті, екі студентіңіз бұзақылық жасап, милицияға түсті, шара қолданыңыз десе керек.

Диплом аламыз деп жүрген шақ, есіміз шықты. Дереу деканымыз Берік Бекетаевқа барып, беттің әрін белге түйіп, бар шындықты айтып бердік.

Ол кісі шырт  етіп ашуланды,  екеумізді біраз жерге дейін ұрсып, сөгіп апарып тастады.

–Енді не істесем екен? Ректор бұйрық беріп екеуіңді көздеріңді бозартып оқудан шығарып жіберген шығар ендігі. Қой жүріңдер, онда, — деп бізді ертіп алып ректордың қабылдау бөлмесіне алып кірді.

–Жасұлан Мейірбековичке келіп едім, — деп еді бірден қабылдады.

Қара жерге  кіріп кетердей болып сүмірейіп отырмыз. Егер оқудан шығарып жіберсе тірі өлгеніміз ғой. Диплом алып келеді деп әке-шешеміз күтіп отыр, осы жазда үйленеміз деген қалындығыма не деймін? Кеудем қарс айрылып, өкініш өртеп, жынданып кете сақтадым. Қасымдағы Бәдуан да шүмектеп терлеп сүртіне береді.

Сүт пісірімдей уақыттан соң декан ағай шықты. Артымнан жүріңдер деп ымдап қарыштап басқан күйі ләм-лим деместен деканатқа әкелді.

Орнына ортырған соң сүметіліп тұрған екеумізге шаншыла қарап:

–Ал, мырзалар, құтты болсын! Өмірі ескерту алып көрмеген Берік Бекетаевич қатаң сөгіс алып келіп отыр. Екеуіңді қорғап қалғаным үшін маған сондай ауыр шара қолданды.  Әйтпесе сендерді оқудан шығаруға бұйрық дайын тұр екен. Жалынып, жалпайып әзер бетін қайтардым. Ескендір саған не болды, арақтан өлгенсің бе? Сені ішпейді, оқу озаты, үлгілі шәкіртім деп жүрсем…

–Ағай, ендігәрі өмірі ішпеймін, — дедім міңгірлеп.

–Адам боламын десеңдер, осы бәледен аулақ болыңдар. Марш, қане оқуларыңа! – дегенде сыртқа қалай атып шыққанымызды білмейміз. Ғұмыры содан кейін сол әзәзілге жоламай, қолыма стакан ұстамай кеттім ғой…

Ал, енді келіп сол ұстазым маған осындай қолқа салып отыр. Істеген жақсылығын қалай ұмытасың?

Амал жоқ дос-жаран, ағайын-туыстардан сыр тартып, сөйлесе бастадым. Біреуі күлді, біреуі жүре тыңдады, әйтеуір іздеуді тоқтатпадым. Төрт-бес әйелді барып көріп, әңгімелесіп байқасам, менің профессор ағайымның талғамына сай болмады.

Ақыры таптым-ау. Серіктас деген қыстақта  күйеуі өліп, бір баласымен қалып отырған жесір келіншекті лайықты көрдім. Өзін Сара деп таныстырған оның ауылда үйі жоқтықтан айдалада қыстауда отыр екен, жағдайы өте нашар.

Отыз алтыға іліккен топ-толық әп-әдемі үлпершектей сары шашты, бүйрек бет әйел қысылып, қып-қызыл боп ұяла береді. Қасымдағы жеңешем жақсы танитын көрінеді, батыра сөйлеп, ақыры келісімін алып шықтық.

Киіндіріп, жасандырып Алматыға алдырттым. Кафеде үшеуміз отырып, екеуін бір-біріне таныстыра бастадым. Профессорыма бірден ұнаса керек, елпілдеп кетті. Тек ә дегеннен:

–Бір айдан кейін юбилейім. Тойды сонда жасаймын. Тек бөпелі болсақ болғаны. Денсаулық отыздағы жігіттей уһ деп өмірі ауырдым дегем жоқ.

Уылжып піскен сары өріктей етжеңді келіншек ажарлы, бетінен қаны тамып тұр. Өзі көп сөзге жоқ, жымиып қысқа ғана жауап қайырып, төмен қарап отыр.

–Саражан, барлық тілегіңді орындаймын. Ермек деген екі жаста балаң бар екен, оны оқытамыз, үлпілдетіп ешкімнен кем қылмай өсіремін.

Берік ағай бір отырып, бір тұрып уәдені үйіп-төгіп беріп жатыр.

–Жүріңіздер онда үйді көрсетейін, — деп бәйпеңдеп Бекетаев жол бастады. Он екі қабат үйдің жетінші қабатындағы үш бөлмелі   пәтері сықырлап тұр. Люстра, үй жиһазы бәрі қымбат. Ал асханасы тым жұпыны, әйел қолы тимегені байқалады.

Қолы дірілдеңкіреген Берік ағам шәугімге су құйып, газды тұтатты. Үстел үстіне нан, анау-мынауларды қоя бастады. Сара қайнаған шәугімді алып, шәй дайындауға өзі кірісті. Келіншектің жүріс-тұрысына, әдемі жымиып қана, нұрлана жауап бергеніне, толқи басып қозғалғанына тоқсанға тақаған ағамның аузы ашылып, есі кетті.

Бізді төрге шығарып, Сара осы үйдің бәйбішесі секілді төмен шетте шәй құйып, кесе ұсына бастады.

–Айналайын Саражан, атыңды әдемі қойған екен. Міне, үй-жай осы. Осыларға өзің бас-көз ие боласың. Ештеңеден қолыңды қақпаймын. Бір бала тауып берсең болды, осы үйді өз атыңа жаздыртып беремін. Уәде – Құдай сөзі. Міне, мына Ескендір куә. Ана Орбитада бір бөлме пәтерім тағы бар, оны жалдап, тиын-тебенін алып тұрамыз.

–Аға некеге тұрасыздар ма? – деп мені куәге тартқан соң тікелей сұрадым.

–Саражанның аяғы ауыр болғаннан кейін бірден ЗАГС-ке барамыз, өзің бірге боласың, Ескендір. Келісесің ғой, Саражан, ә?

Шал қауқылдап түрегеп қаудырлаған күздегі жаупарықтай селкілдеп келіншектің жанына барды. Ол да орнынан лып көтерілді. Жұп-жұмыр білегінен ұстап, күздегі қызарған апорттай алаулаған екі бетінен алма кезек сүйді. Маған тіпті ерсі көрініп, төмен қарап, шәй ішкенсідім.

–Саражан, бәрін ойластырып қойғанмын. Туар айдың жетісінде юбилейім, ағаң тоқсанға келеді. Дәл сол күні сені осы үйге түсіремін. Осында кең-мол дастархан жайып, тойлаймыз. Келістік қой, Саражан.

Өрттей қызарған келіншек басын изей берді.

–Мынаған өзіңе жақсылап киім-кешек ал. Профессор Бекетаевичтің жары қандай дегенде ұялмайтындай болайық.

Еһе-еһе-леп ағам аузын аша күле сөйлегенде, жасанды тістері ақсиып, езуінен ұшып кете сақтады.

–Аға, мен қайта берейін. Сізбен тағы ақылдасамыз ғой, – деп рұқсат сұрадым.

–Саражанды өзім шығарып салып, таксиге отырғызып жіберемін – деп қауқылдаған қарияның қылығына таңғалып, ақырын шығып кеттім.

Шілде басталғалы аспаннан дым тамбай Күн күйіп тұр. Қала ішіндегі еріген тас жол, қаптаған машина иісі ауаны буып, жүрегіңді айнытады. Опера театры жанындағы субұрқаққа барып бетімді жудым да төңірегіңде серуендеп біраз жүрдім. Ұстазымның бүгінгі қылығына қайран қалып, ойым оңға бөлінді.  Қаһарланса қар жаудыратын қатал деканымыз Бекетайұлының мына мүскін халін көріп, адам деген қалай өзгеретініне  қайран қалдым. Бір терінің астында тірі пенде жүз  толып, жүз рет азады деген осы-ау. Баяғы тәкаппар тұлға, сұлу мүсін, өжет де батырлықтың бірі де жоқ, басқа бөтен жан. Тоқсанға келгенде шүкіршілік етіп отырудың орнына осынау былқылдаған керім келіншекті аламын деп епелек қағып, жас жігіттей өліп-өшіп барады. Мен күтпеген ерсі, ұят қылыққа өзім де араласып кетіппін ғой. Дардай атым бар, ел-жұрт естісе мазақтап күледі-ау…

Кеңсеге келіп кірсем, телефоным шырылдап маза бермей тұр. Көтерсем Берік ағам, дауысы екпінді, көңілді тіптен.

–Ескендір, айналайын сен жарадың! Сенімімді ақтадың.

Әзірше ешкімге тіс жарып айтпай-ақ қой. Саражанды шығарып салып келдім. Ибалы, дұрыс  бала көрінеді, — деп арқа-жарқа мәз.

Берік Бекетаев күнде телефон соғады. Базар аралап жап-жаңа костюм-шалбар алғанын, кімдерді тойына шақыратынын, дастарханға қандай тамақ, арақ-шарап қоятынына дейін тәптіштеп  баяндайды. Өзі бөлек дәптер алып тізімдеп жазып, қанша шығын кететініне дейін есептеп қойыпты.

Арасында Сарамен телефонмен сөйлескенін жыр қылады. «Үзіліп тұр ғой, піскен өріктей уылжып, үзіліп тұр ғой. Сызылып шәй құйғаны қандай. Ұялып назарын төмен салғаны қандай десеңші! Әй, бір айналайын нұржауған көрегенді жан екен айналайын!»…

Жағдайы ауыр жан қиналғанда құзар-жартастан секіруден тайынбайды. Сараның осындай мүшкіл халге түсуіне қу жоқшылық дедектеп айдап әкеліп, қақпанға түсіргенін кім білсін! Жетімдер жыламасын, бар жетімек қасіретін айтып боздап жыласа, көз жастары әлемді топан су басқандай дариядай ағызып жіберер. Іштей бұл келіншекке де жаным ашиды. Барар жер, басар тауы қалмаған соң, амал жоқ, осы жағдайға мөнді-мөнді көніп отыр.

Ағам міне, таң атпай жұмысыма тағы келіп отыр. Күлімсіреп риза пішінмен тойға әзірлік қамын тізбектеп тағы бір айтып шықты. Қолында баяғы ескі сөмке, одан сорайып мені көрдіңдер ме дегендей қайың сыпыртқышы шошаяды.

–Моншаға бара жатырмын. Азанда адам аз, іші тап-таза. Сен оған бармайды екенсің, ә? Жап-жас болып жүрегің неге ауырады? Осы жасқа келгенше еһе деп жөтеліп көрген жоқпын, ауырдым деп бір күн төсекке жатып қалған емеспін. Бүгін жақсылап буланып, ащы терімді әбден шығарып алайын. Ертең енді той, сағат бірден қалмай келін екеуің  үйге келіңдер. Кафе, ресторанға емес, өз қара шаңырағыма көл-көсір дастархан жаямын. Арнайы аспаз, даяшылар шақырдым, бәрін өздері дайындайды. Саражан да үкідей боп күтіп жүр ғой. Өзімен бірге келетін жеңгесі мен бір-екі жақындарына да киіттерін алып қойдым. Ал Саражанға саусағына сақина, құлағына бриллиант сырға тағамын. Міне, ағаң сондай, өзіңді де риза қыламын!

Бекетаев ағам жасарып кеткендей ме, күпілдеп болып-толып сөйлеп отыр.

–Ескендір, қарағым, мұның бәрі сенің арқаң. Сен инженер-құрылысшы студенттерімнің ішінде маңдайы  жарылып туған аса дарындысы едің. Әттең шіркін, мына Алматыға сені басшы қойғанда ғой деп қиялдайтынмын. Қайран жасылға малынған рабат бақты жұмақ бұл шаһарымызды жұлым-жұлымын шығарып, қаптаған ретсіз үйлер салып, тасқалаға айналдырып жіберді ғой. Әттең шіркін-ай… Сен сияқты іскер, таланттылар жолы неге ашылмайды осы?

Ескендір, кешке жұмыстан кейін біздің үйге соқ. Ағаңның әзірлегенін өз көзіңмен көргенің жөн. Ертең тойды өзің басқарасың. Егер жетпей жатқан жері болса қысылмай айт, бәрін алдыртамын…

Ағам ырқылдай күліп, қутың қағып,  нұрлана күлмеңдейді. Иә, жас келіншектің буы алып барады-ау, шіркін?!

–Ұмытпа, кешке күтемін – деп шығып бара жатып бұрылып  тұрып тағы ескертті.

Кешқұрым Алматыда лүп еткен жел жоқ, аспанмен тірескен зәулім үйлерді сығылыстыра салып тастаған. Баяғыдағы бақ, парктердің бәрі тип-типыл, тасжол шыжыған күнге еріп, көңірсіңген иіс қолқаңды қабады. Жол біткеннің бәрінде қаптаған машиналар кептелісі, олардан шыққан көктүтін шаһарды тұмшылап, булықтырып тұр. Көлікпен қарыс жерге жету – қиямет.

Жуан қарын автобустың тасбақа жүрісімен кептелген қалың жұртпен бірге әзер жеттім-ау.

Берік Бекетаевтың үйі тарс жабық. Ол кісі өте кінәмшіл, қатаң талапшыл, ешуақ кешіккенді кешірмейтін тақуа жан. Іле үш аспаз қыз-келіншектер келіп, олар да есік көзінде тосып қалды.

Ошарылып не істерімізді білмей дал болып тұрғанымызда бір ұзын бойлы жігіт ағасы келіп:

–Ескендір, бұл сенсің бе? Әкемізден айырылып қалдық қой. Моншада жүрегі тоқтап қалыпты! – дегенде төбемізден жай түскендей есеңгіреп қалдым. –Мен Тоқтармын ғой. Баяғыда менің үйлену тойын өзің басқардың емес пе?!

–Апыр-ай, ә?! Қайран ұстазым! – деп баласымен көрістім.

–Әкем жұма сайын осы моншаға  таңертеңгісін баруды өмір бойы әдет қылып алған. Бүгін әлденеге дегбірім кетіп, әдейілеп іздеп барсам жедел жәрдемге салып жатыр екен. Көкпеңбек болып кетіпті, қолымды қыса береді, сөйлей алмайды, көзінен жас аққанын сұрама. Ол кісінің өмірі қамығып, өксігенін көрген емеспін. Өте қатал, дәті берік кісі еді. Сол жедел жәрдемге  салып жатқанда тіл қата алмай көз алдымда кемсеңдеп жылаған күйі жүріп-ақ кеткені. Ертең туған күні – тоқсанға келетін еді. Міне, қалтасынан кілтін алып келіп тұрғаным…

Аспазшылар ақырын жылыстап кетіп қалды. Біз есікті ашып ішке кірдік.

–Папам ертеңге дастархан дайындап қойыпты ғой, — деді Тоқтар  таңдайын қағып.

–Сізді елші шетелде деп естіген едім.

–Иә, бұрын болғанмын, қазір осы қалада консулдықта істеймін. Ескендір сенен несін жасырайын, әкемізбен араласпай кеттік қой. Қарт адам сәбиден арман өкпешіл, кінәмшіл болады екен, оның үстіне бұл кісінің мінезі өте қатал, бір қисайса қасқырдың мойны сияқты қайта бері қарауы қиын. Інім Астанада, ұшып келеді. Екеуміздің де үй-жайымыз бар, жағдайымыз жақсы. Анам кеткелі жиырма жылдан асты. Шешейдің асын бермей жатып әйел, әйел деп шатақ шығарды. Жетпіске келдіңіз, біреуіміздің үйінде бол деп інім екеуміз қанша айтсақ та көнбей, үйленіп тынды.  Біздің қолымызда тұрғысы келмеді. Өте өркөкірек, тік мінез шалға кім шыдасын. Төрт рет үйленді, осы үйге төрт әйел кіргізді. Біреуін де  шыдатпай қуып шықты. Бізді, тіпті немерелерін де жолатпайтын кісікиік болып алды, әлде қалжырап алжыды ма? Мына есіктен не бізді, бала-шағаларын, туыс–достарының бірін де кіргізбейді, ешкіммен араласпайтын тыңқ етпе мінез тауып алды. Қайтеміз, туған әкеміз. Пұл салып, керек деген нәрсесін жеткізіп беріп тұрдық. Бізден де, елден де безіп, еш адамды жолатпайтынын қайтерсің. Әуелі  «…мына менің үш бөлмелі үйімді сыртымнан сатып жіберейін деп жүрсіңдер өңкей сұмырайлар» дегенін де естідік қой. Қайтеміз енді, әке өзіміздікі. Өз қолымызды   өзіміз кесе алмаймыз.

Екеуміз отырып шәй іштік, ол әкесі сияқты бұйра толқын-толқын шашын сілкіп қойып, біраз жан сырын жайып салды.

Тоқтардың әйелі бала-шағасымен келіп жылап, улап-шулап жатқанда тұңғышы «Папам-ау, асыл әкем-ау» деп аңырай, боздап көзінен жасы алты тарам боп дауыс сап кірді.

Оларға басу айтып, ақырын шығып кеттім.

Әкелерінің тағы да үйленгелі жүргені жайлы тіс жармадым.

Ертеңіне келсем көпқабатты үйдің алдына палатка құрғызып қойыпты. Сондағы сәкілерде ақсақал, қарсақалдылар отыр, бір бұрышта жастар, бастарына орамал тартқан қыз-келіншектер. Ақ шапанының алдын ашып тастаған қара сақалды    жас молда бірқалыпты мақаммен уағыз айтуда.

–Бұл өмір – өткінші. Бәрін бұ дүниеде сұрамайды, жақсылығы мен жамандығы о дүниеде таразы басына салынады…

Жағалай бәріне амандасып келе жатып анадай жердегі ағаш астында тұрған қызыл көйлекті Сараға көзім түсіп кетті.

Жанына бара бергенімде қып-қызыл қызғалдақтай жаңа көйлек киген, басына ақ шаршы орамал тартқан келіншек мырсыңдап жылап көрісті.

Тамағыма кептеліп қара тас тұрғандай сөйлей алмадым. Осы бір жайқалған күн түстес сары шашты жанды әуре-сарсаңға салған сорлы пендемін ғой, не дейін?

–Аға, өмірі менің жолым болмайды. Детдомда өстім, әке-шешем кім екенін білмеймін. Сол жерде менімен бір сыныпта оқыған жігітке тұрмысқа шықтым. Ол шофер еді, машинасы аударылып тіл тартпай кетті. Жанында отырған мен дін аман-есен, екі айдан кейін босанып ұл таптым. Өзім қу жетімдіктің, жоқшылықтың зарын әбден көрдім ғой. Енді осы жалғыз тал ұлымның жолы ашылса екен, жан балам қиындық көрмей өссе екен деген оймен Сіз айтқан жайға амалсыз көніп едім.  Жоқшылық жарға жығады. Мен ғұмыры жолы болмаған сорлымын, бағым ашылмаған бейшарамын. Мүмкін мені детдомға тастап кеткен әке-шешемнің таудай күнәлері барма, әлде қарғысталған   жандар ма, деп ойлаймын. Бүгін міне, менімен бірге осы жерге ешкім қасыма жан адам ермей, жападан-жалғыз келдім.

Қара жерге қазықша қағылып, кірерге тесік таппадым. Мына келіншектің зарлана торығып айтқандары бүкіл жандүниемді төңкеріп, астаң-кестеңін шығарды.

–Бұл әлемде бірде-бір туған-туысқаным жоқ. Өңкей жетімдердің ортасында балалар үйінде өстім. Әкем кім, шешем қайда, білмеймін. Тек түсімде ғана  көріп жүремін. Күйеуім атын Мирас деп қойған ұлым ғана бар, жанжүрегім ғой. Мүлде түңіліп, қайғыдан біржола опырылып, сынып кетпей мені сақтап жүрген сол балам. Қалада үйлі болатын болдық енді шырағым қорлық көрмей өседі-ау деп үміттеніп едім… Күйеуімнен  айнымайтын мұраты – ұрпағы ғой.  Мені жолдасым керемет жақсы көруші еді, оны да қош көрмей о дүниеге  алып кетті. Қайда барамын, не істеймін?..

Зар-запыран, қалың шерін күңірене айтқанда тұла бойым тұншығып, түршігіп жүрегім кеудемді жарып жіберердей атой сап, дүңкілдеді.

–Аға, қош болыңыз, — деп тарыққан ол қос алақанымен бетін баса өксігіне тығылып,  екі иығы селкілдеп, бұрыла сала жылап кетіп бара жатты.

Қабағы әр жерінен аршылған ағаштың түбінде бір ауыз жұбату сөз айта алмаған күйі тас мүсіндей қалшиып тұрдым да қалдым.

Анадай жерде жиылған жұрт бүгін тоқсанға келетін Берік Бекетаевтың сүйегін үйінен шығарып жатты…

 

Қыркүйек, 2025 жыл.

Exit mobile version