Site icon ATAMEKEN

Неке – тең құқықты одақ

Елімізде жаңа Ата Заңның қабылдануы Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадам болды. Әр салаға өзгеріс әкелген құқықтық құжат жас мемлекетіміздің даму жолына жаңа серпін бергендей. Конституция ең әуелі елдің тұрақтылығына кепіл. Тұрақтылық пен тыныштықты ту еткен халқымыз «Отан – отбасыдан басталады» деп әуелден-ақ айтып кеткен. Сол отбасылық одақтағы еркіндік, теңдік мәселесі жаңа заңымызда да алға тартылды.

Конституциядағы 30-бапта неке мен отбасы, ана болу, әке болу және балалық шақ мемлекеттік қорғауға алынған. Неке заңға сәйкес мемлекет тіркеген ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған. Бұл нормалар отбасының қоғамдағы маңызын, ерлі-зайыптылардың теңдігін және ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікті көрсетеді.

Ер мен әйел теңдігі тақырыбы қоғамда әрқашан қызу талқыда. Отанның іргетасын құрайтын екеудің одағы берекеден тұрмаса болашағы тағы бұлыңғыр. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, ері де, әйелі де қоғамға араласып, тең дәрежеде қызмет еткен ортада түсініспеушіліктер туындап жатады. Дәл осы теңдік тақырыбы қазіргі ажырасу статистикасының көбеюіндегі негізгі себептердің бірі десек те артық айтқандық емес.

Жалпы ажырасудың негізгі себептері қандай? Қырғын соғыста да, аштық алапатта да шаңырағын шайқамай, ұядай үйін қалқа қылып ұрпақ өсірген ата-бабамыз ажырасу, айырылысу ісін ең сорақылыққа балаған. Алайда жаңа буын арасында отбасылық құндылықтардың сақталуы азайып, ажырасуды ар санамау көбейіп келе жатыр. Перзент сүйе алмау, солайынша отбасы құрудағы басты мақсаттың орындалмауы – бір себеп. Екеу ара түсініспеушілік, тәрбие ,өмір салтының жараспауы, қызғаныш немесе тұрмыстың тауқыметі – мың себеп. Шиеленісі көп шешімі жоқ осындай одақтан қараусыз бала, қам көңіл ұрпақ көбейді. Ең өзекті, өмірдің өзін жалмап тұрған шулы тақырыптардың бірі – отбасындағы зорлық — зомбылық.

Соңғы жылдардағы еліміздің әр түкпірінде болып жатқан сұмдық жәйіттерден жағаңды ұстайсың. Өрімдей жас қыздар жәй ғана келіспеушіліктен, титтей бір түсініспеушіліктен өмірін қиюда. Ерлі-зайыптылар теңдігі дегенде төбе шашы тік тұратын ер азаматтар жоқ емес. Әлі бар. Нәзік жандыларды қарым күшімен басқаруды дұрыс деп білетін, осы бір үлкен дүрбелеңнің айтақшылары да дәл солар! Ендігі жаңа заң сол  тентектерге тұсау салады. Үй боламыз, ұрпақ өрбітеміз деп қосылған екі жастың құқы, дәрежесі тең болады деп сенеміз.

Әр шаңырақта отбасылық құндылық әртүрлі. Ата Заңымызда дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасауға және балалардың мүддесін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет үшін адам мен оның бостандығы ең басты құндылық. Бұл конституцияда да көрсетілген. Жалпы дәстүрлі құндылықтар жалғасын тапса екі жас ара бірілік те нық боларма еді дейсің?! Салтымызға сай үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірген халықпыз. Неке деген қасиетті ұғымға қадірлей қарап, отанымыздың дамуына өз үлесімізді берекелі жанұя құру арқылы қосуға болатынын түсінуіміз керек-ті!

Өкінішке орай, ажырасу статистикасы бойынша Қазақстан әлмде алғашқы ондыққа кіреді. Жыл сайын жүздеп, мыңдап жастар отбасын құрса, оның жартысына жақыны ажырасып жатады. Салдарынан қаншама бала жарым көңіл, жартылай отбасыда тәрбиеленеді. Әкенің берген тәлімін жүз мектеп те бере алмас. Ананың ыстық мейрімін өзге ешкімнен көре алмас.

Әрбір адам бақытты отбасын құруға, ордалы отау болуға тырысуы керек. Өйткені, шаттығы мол шаңырақтан бақытты ұрпақ дүниеге келеді. Бақытты ұрпақтан құралған ұлт та, қоғам да бақуатты болмақ.

 

Назира Адақ

Exit mobile version