Пятница, 29 марта, 2024
Басты бетЖаңалықтарОблыстық Ілияс оқуларында үш бірдей бұрымды топ жарды

Облыстық Ілияс оқуларында үш бірдей бұрымды топ жарды

Жетісуда мектеп оқушылары арасында жыр құлагері Ілияс Жансүгіров оқуларының облыстық кезеңі өтті. Әр аймақтан дараланып шыққан 47 оқушының поэзия сайысында бақ сынауына Алматы облысы білім басқармасы тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімі мен «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығы мұрындық болды.

Ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтың шығармаларын оқушылар арасында насихаттау,өскелең ұрпақтың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге және шығармашылық қабілеттерін, табиғи дарындылығын анықтау мақсатында ұйымдастырылған жарыста, қатысушылар «Ілияс – эпик ақын», «Сұлу сөздің сүлейі», «Ағынды менің — Ақсуым» атты үш бағыт бойынша сынға түсті.

Қазылар алқасы оқушылардың тілінің тазалығы, сахна мәдениеті, мүдірмей жатқа айтуына, көркем оқуына аса мән берді. Жарыс барысында әр оқушының өнер көрсетуінен кейін әділ қазылар ұпайларды көрсетіп отырды.

« Жылдағы дәстүр бойынша Ілияс оқулары өтті. Әр бағытқа 1 оқушы, аудан-қала бойынша барлығы 3 үміткер ұсынылады. Бүгін ақынның шығармаларына сусындап өскен жастар поэзия бәйгесінде бақ сынады. Әр оқушы бабына қарай шапты, бағына қарай жүлделі болды. Облыстық жарыста оза шапқандар өңір намысын республикалық сайыста қорғайтын болады»,-деді қазылар алқасының төрағасы Мұратбек Иманғазиев.
5 сағатқа созылған облыстық байқауда кіл мықтының ішінен, шын жүйрік суырылып шықты. Нақтылайтын болсақ, «Ілияс – эпик ақын» аталымында Зерда Жиенбаева, «Сұлу сөздің сүлейі» бағытында Гаухар Әмірбек, «Ағынды менің — Ақсуым» кезеңінде Шолпан Қылышхан жүлделі 1 орынды қанжығаларына байлады. Осылайша, үш бірдей бұрымды облыстық Ілияс оқуларының жеңімпазы атанды.
Гаухар Әмірбектің айтуынша, жарыс тарысты болған.
— Қарсыластар өте мықты болды. Бірінен-бірі өтеді. Тыңғылықты дайындықпен келген. Алғашында қобалжу болды. Бірінші айналымда ойдағыдай өнерімді көрсеткен соң, сенімділік ұялады. Сол деммен соңына дейін бардым»,-дейді жеңімпаз.
Шара соңында жүлдегерлер әр бағыт бойынша І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады, артынша естелік суретке түсті.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments