Site icon Атамекен

Отан қорғаушыларды қалыптастыратын орта

Жас ұрпақтың бойына патриотизм құндылықтарын сіңіріп, оның отаншыл азамат болып өсуіне жан-жақты қолдау көрсету мемлекет жұмысының басым бағыттарының бірі. Елімізде өскелең ұрпақ тәрбиесінде ұлттық игіліктермен қоса азаматтық құндылықтарды дарытуда Отанды сүю қағидаттары әрдайым басшылыққа алынады. Бұл мүдде жолында ҚР ҰҚК Шекара қызметі қара домалақ баланың қамы үшін аянып қалмақ емес.

Мемлекет басшысының ауылдық аймақтарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес еліміздің шекаралас аймақтарында құрылып жатқан түрлі әскери үйірмелер мен ерлік сыныптары болашақ Отан қорғаушыларды қалыптастыратын ерекше орта. Осы орайда үстіміздегі жылдың 12–25 мамыр күндері ҰҚК Шекара қызметінде алғаш рет шекара маңы аудандарында тұратын балалар арасында «Шекара мұрагері» бейнебаян байқауы өткізілді. Байқаудың негізгі мақсаты – шекара маңындағы аумақтардың өмірі мен ерекшеліктеріне назар аудару, осы өңірлерде тұратын балалардың бойында шекарашы мамандығына деген құрмет пен патриотизм сезімін ояту болды. Сондықтан да бейнебайқауға қатысқан барлық бала жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, жақында Шекарашылар күніне орай Астана қаласындағы №16 мектебінде «Жас шекарашы» әскери-патриоттық сыныбы ашылды. Бұл бастама жас ұрпақты ел қорғауға және Отанға қызмет етуге дайындауға, сондай-ақ балалардың жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілікті ерте жастан сіңіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл бастама ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі мен мектеп арасындағы ынтымақтастық меморандумы аясында жүзеге асты.

Келісім аясында сыныпты толық жабдықтау, оқушыларға ардагерлер мен офицерлердің қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастыру, сондай-ақ тәрбие және әскери дайындық сабақтарын өткізу сияқты іс-шаралар жоспарланған. Жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен «Застава тарландары» РҚБ төрағасы, отставкадағы генерал-майор М. Сабидолданов мектеп қабырғасындағы әскери-патриоттық тәрбиені жүйелі дамытуға ниетті екенін білдірді.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары полковник С. Рахимов аталған бастаманың ел болашағы үшін аса маңызды екенін және мұндай сыныптардың ұлттық қауіпсіздік жүйесіне қосар үлесі зор екенін ескеріп, жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру жұмысына тиісті тұлғаларды жұмылдыра білді.

Клуб мүшелері үшін арнайы жабдықталған оқу бөлмесінде әскери форма мен жауынгерлік көрнекіліктер, шекара карталары, қару-жарақ үлгілері және түрлі тарихи жәдігерлер қойылған. Мұнда әр бұрыш – патриоттық тәрбиенің бір нышаны, әр экспонат – шекара қызметінің шежіресін баяндайтын дерек. Кабинет ішін безендірген ұрандар мен фотостендтер балалардың рухын көтеріп, шекарашы болуға деген ынтасын арттыра түседі.

Оқушылар саптық дайындық, спортпен шұғылданумен айналысады. Бұл олардың физикалық дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, бойларына төзімділік, батылдық, қиындықпен күресе білу қабілеттерін қалыптастырады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады», – деп атап өткендей, «Жас шекарашы» мектебі Отаншылдыққа бастайтын бірден бір тәрбие ордасы.

А. Киргизбаев, лейтенант, ҚР ҰҚК Шекара қызметі
Суреттерді түсірген қатардағы Д. Қуанышев

Exit mobile version