Site icon Атамекен

Оқулықтағы олқылықтар

Қазақ филологиясы дегенде есімізге бірден ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы түсетіні сөзсіз. Биыл 150 жылдығы тойланғалы отырған ұлы ағартушының мерейтойы қарсаңында қазіргі қазақ филологиясының жай-күйі қандай екенін сөз етпекпін. Қазіргі деп отырғаным мектеп қабырғасындағы оқушылардың күнделікті оқып жүрген «Қазақ тілі» пəні жөнінде. Жаңа оқу бағдарламасын сылтауратып, жаңаша кітап құрастырамыз деген кейбір пысықайлар ұлт болашағын ойлауды ысырып, қазақ тілінің тамырына балта шапқалы отыр ма деген ой түйесің. Оған дəлел де жоқ емес. Мəселен, орта мектептерде оқытылатын «Қазақ тілі» пəнінің 5-сыныпқа арналған кітабының əр тарауын оқысаңыз жаға ұстайсыз.

«Ана тілі» кітабын бастауышта аяқтап, енді ғана «Қазақ тілін» оқып, тілдік құрылымды жаттықтырамыз деп жүрген жасөспірімдер бұл пəнде мүлде бөтен сабақтарды өтеді. Бірінші тарауы «Мəдениет: тіл жəне қарым-қатынас» деп тəп-тəуір басталатын бұл кітаптың екінші тарауы «Киім. Сəн. Талғам» деген тақырыпқа ауып кетеді. Бұл 2017 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан Ж.Дəулетбекова мен Г.Қосымовалардың құрастырған кітабы. Жə, бөлім атауы ғана басқа деп кітап маңына шаң жуытпай, мені табалайтын да оқырман табылып қалар. Алайда, кітаптың ішіне үңілсеңіз «Қазақ тілі» пəніне мүлде жат жаттығулар өріп жүр. Кейде мұндай олқылық тек бір тараудан кеткен шығар деп ойлайсың жəне басқа тарауларда қайталанбаса екен деп тілейсің. Алайда, тағы да есіктен сығалап «Қазақ тіліне» жат тақырыптар сап ете шығады. Бір ғана 5-сыныптың «Қазақ тілі» кітабында тараулардың өзі бұл кітаптың қазақ тілін дамытуға арналмағанын аңғартқандайақ. Өйткені, əр тарауда əртүрлі жағдаяттар баяндалады. «Жануарлар əлемі» 53-беттен басталып, 66-бетке дейін жалғасады. Ал, «Бос уақыт пен хобби», «Қиял əлемі», «Көлік жəне жол белгілері», «Адамның сырт келбеті», «Аспан əлемінің құпиялары», «Саяхат жəне демалыс» деп бірінен соң бірі жалғасып барып, тамамдалатын осы тақырыптардан «Қазақ тілі» пəнінің иісі шығып тұр дегенге сіздер сенер ме едіңіздер? Мен сенбес едім. Себебі, «Көліктің қандай түрлерін білесің?» деген жаттығуларды көргенде біз балаларға «Қазақ тілін» емес «Көлік жасау» сабағын өтіп жатқан жоқпыз ба деген ой келеді. Бұдан бөлек, ана тіліміздің ішіне «психология», «биология», «география», «астрономия» сияқты пəндердің тақырыптары не керек? Осыған бақылау жасайтын құзыретті орган жоқ па? Бұрын біз мектепте оқыған «Қазақ тілі» қандай ғажап еді. «Морфология» бөлімін өтсең соған ғана қатысты жаттығулар кездесетін. Бір тарау біткенде оны толық санаға сіңіретінбіз. Ал, қазіргі балаға «Морфология» тарауын өтіп, көлік түрлері мен мінез-құлық туралы тапсырма берсең, ол морфологияның не екенін қайдан ұқсын? Жаңа бағдарлама енбей тұрғандағы «Қазақ тілі» пəні қандай болды екен деп ауданды шарлап жүріп, өзіміз мектепте оқыған бірнеше кітапты əрең таптым. Ішін ашып, тарау мен бөлімдерді қарасаң көз қуанады. Өйткені, бəрі тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Сөзіме дəлел болу үшін 1997 жылы «Рауан» баспасынан шыққан 6-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» пəнінен бірнеше мысал келтірейін. Бұл кітаптың басынан бастап аяғына дейін тек қана «Қазақ тілі» (авторлары: С.Исаева, К.Назарғалиева) пəні туралы сөз етіледі. Алғашқы тарауы «5-сыныпты қайталау» деп басталатын бұл кітаптың соңы «Тіл ұстарту» тақырыбымен өз мəресіне жетеді. Ішіндегі жаттығуларын айтсаңыз жаның сүйсінеді. Кітаптың кез-келген бетін аша қалсаңыз тақырыптан ауытқымаған. Мəселен, осы кітаптың 122-бетін аша қалсаңыз «Болжалдық сан есім» тақырыбы берілген. Сол тақырыпта «Болжалдық сан есімнің» қандай сан есім екенін түсіндіретін ережесі мен 123-бетінде осыған сəйкес тапсырмалар беріледі. Мысалы, 269-жаттығуда былай делінген: «Берілген есептік сан есімдерден болжалдық сан есімдер жасап, оларды сөзбен жазыңыз» деген де оның үлгісін келтірген. Дəл осындай тағы бір мысал келтірсек, 63-бетте «Біріккен сөздер емлесі» тақырыбы беріледі. Осы тақырыпқа сəйкес 124-жаттығуда «Берілген біріккен сөздердің жазылуына назар аударыңдар. Қандай түбірлерден туындағанын анықтаңдар» деп анық көрсетілген. Ал, қазіргі 6-сынып оқып жүрген «Қазақ тілі» (Т.Н.Ермекова, Ж.К.Отарбекова, Г.Б.Тоқтыбаева. «Арман ПВ баспасы) кітабын ашсаңыз «Спорт», «Су – тіршілік көзі», «Əлемнің жеті кереметі» сынды тақырыптар беріледі. Осы кітаптың 38-бетіндегі 1-тапсырмаға зер салып қарасаңыз тапсырма сұрақтары былай өрбиді: «Əлемнің жеті кереметі туралы бұрын естідіңдер ме?». Бұл сұрақтан сіз қазақ тілге қатысты қандай тапсырма көріп тұрсыз? Болмаса осы оқулықтың 105-бетіндегі 1-тапсырманың сұрақтары. Ол жерде де «Қазақ тіліне» қатысты бірауыз сөз жоқ. Тапсырма сұрақтары былай берілген: «Судың түсі қандай?», «Дəмі бола ма? Иісін сезуге бола ма?», «Өзен-көлдердің атауларының «түрлі-түсті» болу себебі не?» деп келеді. Сіз осы жерден не ұқтыңыз? Бұл «Қазақ тілі» пəніне керек дүние ме еді?

5-6-сыныптың «Қазақ тілі» пəндерін оқып, өзге сыныптарда бұндай келеңсіз жайттар жоқ шығар деп ойлаған едік. Сөйтіп қолымызға 2013-жылы «Арман ПВ» баспасынан шыққан А.Қасымбек, А.Нұрғазылардың жазған 7-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» пəні кітабы мен 2017 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан Г.Қасымова мен Р.Рахметовалар құрастырған 7-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» пəні кітабын алып, салыстырып көрдік. Бұл жерде де жоғарыда айтып өткен олқылықтар ойып тұрып орын алған. Тағы сол баяғы жартас сол жартастың күйіне түсіп, мазақ болған «Қазақ тілін» көрдік. Осылай айтпасқа амал да қалмады. Себебі 7-сыныпқа арнап 2017 жылы шыққан «Қазақ тілі» кітабының алғашқы тарауы «Ауа райы жəне климаттық өзгерістер» деген тақырыптан басталса, ортасындағы тараулар «Ғаламтор жəне əлеуметтік желілер» тақырыбымен ұштасып, «Ғылыми фантастикамен» аяқталады. Бұл кітапта да тақырптан ауытқыған тапсырмалар жетерлік. Соған бір ғана мысал келтірсек. Осы кітаптың 62-бетіндегі 1-тапсырмаға назар салсаңыз былай делінеді: «Қандай музыканы тыңдағанды ұнатасың?»… Осыған ұқсас көптеген тапсырмалар бар. Сол тапсырмаларды беріп жатқан мұғалім де, оны орындап отырған оқушы да қай пəнді оқып отырмыз деп күмəнданатын шығар, ə? Қалай ойлайсыз?

Ал, 7-сыныпқа арналған 2013 жылы жарық көрген «Қазақ тілі» кітабын ашып қалсаңыз алғашқы бөлімінен-ақ ол жерде «Қазақ тілінің» иісі аңқып тұрады. «Қазақ тілі – қазақ халқының əдеби тілі, мемлекеттік тіл» деп ұрандап басталған бұл кітаптың əр тарауы да қазақылықтың барлығын білдіреді. Морфологиямен жалғасын тапқан əр тарау оқытушы мен оқушыны жалықтырмайтын жаттығулар арқылы көркем түрде жазылған. Аталмыш кітаптың кез келген бетін аша қалсаңыз өзіңіздің «Қазақ тілі» пəні кітабын ұстап отырғаныңызды сезінесіз. Оған да бірнеше мысал келтірсек. Осы кітаптың 193-бетінің 226-жаттығуында «Берілген мəтіннен етістікті жəне есімді тіркестерді ажырата жазыңыздар» деп келсе, 82-бетіндегі 87-жаттығуда «Зат есімді (жалқы) жіктеу есімдігімен алмастырып көшіріп жазыңыздар» деп келеді. Осындай тапсырмаларды барлық тараудың əр тапсырмасында орындаған оқушы ертең-ақ етістік пен есімдікті жадына мықтап сіңіріп алатыны анық.

Бұл тек қана 3 сыныптың «Қазақ тілі» кітабы бойынша берілген қысқаша ғана мысалдар болатын. Осы тізбекті 11-сыныпқа дейін жалғасақ «Қазақ тілі» пəнінің ішінде «Демографиялық жағдай» сияқты тақырыптарды көргенде оқушыға не айтарыңды білмей абдырап қаласың. Ана тілдің арын кірлетпейік десек мектеп қабырғасында оқытылатын «Қазақ тілі» пəніне қатты көңіл бөлейік. Тіл үшін шырылдап жазған осы мақалам жоғарыдағылардың құлағына жетсе екен деймін. Біздегі ниет, тілек пен арман да осы. Əрине, жалғыздың үні шықпас. Бірақ сол жалғыздың жанұшыра жазған жанайқайын үлкен мінбеде сөз етіп, түземесек келер ұрпақ алдында ұятты боламыз.

Елдар ЖАҚЫПБЕКОВ.

Exit mobile version