Мемлекет басшысының өзі айтқандай, өзгерістер ауқымы жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар болса, бұл — саяси жауапкершілігі де, тарихи салмағы да зор қадам. 2022 жылғы реформа қоғамға белгілі бір үміт пен серпін берген еді, ендігі бастама сол өзгерістердің логикалық жалғасы әрі жаңа кезеңнің бастамасы іспетті.
Конституциялық комиссияның кең құрамда жасақталуы — процестің барынша ашық әрі инклюзивті болуына жасалған талпыныс деп бағалауға болады. Ұлттық құрылтай мүшелерінен бастап, заңгерлер, медиа өкілдері мен өңірлік деңгейдегі азаматтардың қатысуы қоғамдағы түрлі көзқарастардың ескерілуіне мүмкіндік береді. Дегенмен, басты мәселе комиссия санының көптігінде емес, ұсыныстардың қаншалықты нақты нәтижеге айналатынында.
Алдағы референдум — билік пен халық арасындағы сенімнің нақты көрсеткіші болмақ. Сондықтан бұл жолы қоғам тек өзгерістердің мазмұнына ғана емес, олардың қалай қабылданып, қалай жүзеге асатынына да мұқият қарайды. Егер билік жариялаған ашықтық пен диалог принциптері іс жүзінде көрініс тапса, бұл реформа елдің саяси дамуындағы жаңа бетбұрысқа айналуы әбден мүмкін.
Жамбыл ауданының құрметті азаматы Рәпбек Терлікбаев
