Президенттің пиар мен жалған есепке емес, өлшенетін нәтижеге басымдық беруі — қоғамда қордаланған күмән мен сынға берілген ашық жауап деуге болады. Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі соңғы жылдары жиі айтылатын «инновация», «цифрландыру», «жасанды интеллект» секілді ұғымдарға нақты мазмұн беруге бағытталғаны аңғарылады.
Білім мен ғылымға инвестицияны адам капиталының сапасымен тікелей байланыстыру — стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім. Себебі кез келген технологиялық серпілістің түпкі нәтижесі экономикада емес, ең алдымен адам әлеуетінде көрінеді. Әсіресе, тарихи бетбұрыс кезеңінде бұл салаға салынған қаржы — болашаққа жасалған ең сенімді инвестиция.
«Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» ұран емес, нақты міндет деп атап көрсетуі де маңызды сигнал. Бұл мемлекеттік аппарат үшін жай формальды жоспар емес, жауапкершілігі жоғары жүйелік талап екенін білдіреді. Шешім қабылдау мерзімінің қысқаруы, еңбек өнімділігінің артуы, қызмет сапасының жақсаруы сияқты көрсеткіштер — қоғам үшін ең түсінікті әрі сұранысқа ие нәтиже.
Ендігі басты мәселе — осы талаптардың орындалуы. Егер жарияланған мақсаттар нақты индикаторлармен бекітіліп, ашық бағаланса, бұл бастама елдегі басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Ал керісінше жағдайда, Президенттің өзі ескерткендей, бұл да кезекті «көрсетілімге» айналып кету қаупі бар.
Күмісжан Байжан, ҚР мәдениет қайраткері
Тұрсынжан Асқарұлы, журналист

