Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдегі жол құрылысына жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын қатаң сынға алды.
Президенттің атап өтуінше, орталық және жергілікті атқарушы органдар түрлі ережелер пен бюрократиялық талаптарды алға тартып, түйткілді мәселелерді шешудің орнына жауапкершілікті өзара сылтауратып келген.
«Атқарушы органдар мәселені бір-біріне сілтеп, нағыз «футбол» ойнап отыр. Мәселені шешудің орнына оны тұйыққа тіреді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы олқылықтардың жолын кесу үшін Мемлекет басшысы республикалық және жергілікті маңызы бар барлық автожолға Үкімет тарапынан Көлік министрлігі арқылы тікелей жауапкершілік жүктеуді тапсырды.
Жиын барысында Президент «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту қажеттігіне тоқталып, алдағы жылы елдегі барлық автомобиль өткізу бекеттерін заманауи талаптарға сай сапалы жаңғырту жұмыстарын толық аяқтауды міндеттеді.
«Бізге сапалы жолдар ауадай қажет. Битум мен қиыршықтастың сапасын сылтау ету мүлде қабылданбайды», – деп ескертті ел Президенті.
Әйгерім ӘБУ,
“Атамекен” газетінің бас редакторы.

