Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында патриотизмнің мазмұны туралы пікір білдірді. Президенттің айтуынша, отаншылдық — тек сөзбен емес, күнделікті өмірдегі қарапайым іс-әрекет арқылы көрінуі тиіс.
«Қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де — отаншылдықтың белгісі», — деді Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын ерекше атап өтті. Ол қоғамдағы тәртіп пен қоршаған ортаға жанашырлық таныту азаматтық жауапкершілікпен тікелей байланысты екенін жеткізді.
Сондай-ақ Президент сұхбат барысында үлкенді сыйлау, ізет көрсету және ұрпақтар сабақтастығы тақырыптарын қозғады. Оның айтуынша, қоғамдағы мәдени мінез бен азаматтық сананы нығайту елдің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Президент: «Қарапайым істер де — отаншылдықтың белгісі»
