31 қазан күні қазақ киносының көрнекті режиссері, ұлттық кинематография тарихында өшпес із қалдырған Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай 100 шақырымдық халықаралық бәйге ұйымдастырылды. Алыс-жақыннан жиналған атбегілер мен шабандоздардың басын қосқан бұл дүбірлі дода Қопа даласын ерекше мерекелік көңіл күйге бөледі.
Қазақ халқы үшін жылқы – төрт түліктің төресі, еркіндік пен тектіліктің, қайсарлық пен намыстың символы. Ал бәйге – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық өнері, жүйрік баптап, тұлпар таныған атбегілердің шеберлігін сынға салатын ерекше дода. Осындай ұлттық құндылықтарды ұлықтаған айтулы жарыс биыл қазақ киносының құлагері Абдолла Қарсақбаевтың ғасырлық мерейтойымен сабақтасты.
Таңғы сағат 8:00-де Қаншеңгел ауылынан жарыс жолына шыққан сәйгүліктер Қопа ауылына дейінгі 100 шақырымдық қашықтықты бағындыруға аттанды. Ұзақ жолға төзімділік пен үлкен дайындықты талап ететін аламан бәйгеге еліміздің Маңғыстау, Жетісу, Абай, Алматы, Қостанай облыстарынан, Астана қаласынан және көршілес Қырғызстан Республикасынан барлығы 63 сәйгүлік қатысты.
Жүз шақырымдық қашықтық – кез келген жүйріктің бағындыра бермейтін белесі. Мұндай жарыста аттың табиғи жүйріктігімен қатар, төзімділігі, бапкердің тәжірибесі мен шабандоздың шеберлігі шешуші рөл атқарады. Сондықтан жарысқа қатысқан әрбір атбегі бәйгеге үлкен дайындықпен келгені анық.
Үш сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеден кейін алғашқы жүйріктер Қопа ауылындағы мәреге жетті. Мәреге жақындаған тұлпарларды жиналған жұрт ерекше ықыласпен қарсы алып, шабандоздарға қолдау көрсетті. Ат тұяғының дүбірі мен жанкүйерлердің қошеметі Қопа даласындағы мерекенің ажарын аша түсті.
Салтанатты шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, Алматы облысы мен Жамбыл ауданының құрметті азаматы Әскербек Абаев, белгілі атбегі Орынтай Әмірғалиев, «Ата жолы» қоғамдық қорының директоры Махаббат Бигелдиев, ел ағалары, еліміздің әр өңірінен келген атбегілер, шабандоздар және аудан тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Нұрлан Ертас жиналған қауымды Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, ұлттық спортты дамыту мен ата-баба дәстүрін дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Аудан басшысы қазақ кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылық мұрасы ұлт руханиятының құнды қазынасы екенін атап өтті. Сондай-ақ осындай ауқымды жарыстардың жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, ат спортына қызығушылығын арттыруға және еліміздің әр өңіріндегі атбегілер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.
Мұнан кейін көпшілік асыға күткен бәйге жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Жүз шақырымдық халықаралық бәйгеде маңғыстаулық «Бесжүйрік» атты сәйгүлік дара шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Жүйріктің тізгінін ұстаған шабандоз Нұрсұлтан Омаров мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Тұлпардың иесі әрі бапкері Нұрсағын Тұқымбайға бас жүлде – CHANGAN X5 автокөлігі табысталды.
Екінші орынды Жетісу өңірінен келген «Аққұм» сәйгүлігі иеленді. Оның шабандозы әрі бапкері Дәрігербек Қабай, ат иесі Аяулым Мұхамеджан. Жеңімпаздарға 1,5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.
Үшінші орын да Жетісу өңірінің жүйрігіне бұйырды. «Жетіжал» атты тұлпардың шабандозы Сұңғат Қайратов, ат иесі Алихан Амиргазиев, бапкері Нұрсапа Сабыржан 1 миллион теңге жүлдеге ие болды.
Төртінші орынға көршілес Қырғызстаннан келген «Буран» сәйгүлігі табан тіреді. Шабандозы Искандер Джимсимбаев, ат иесі Даир Тоокеев, бапкері Жашар Тогузбаев 700 мың теңге сыйақымен марапатталды.
Бесінші орынды Талғар өңірінен келген «Таутүрген» атты жүйрік еншіледі. Шабандозы Қанат Реймбай, ат иесі Қуат Үсенов, бапкері Мейрамбек Толқымбай 500 мың теңге жүлде алды.
Алтыншы орын Маңғыстау облысынан келген «Көкшулан» сәйгүлігіне бұйырды. Шабандозы Әбіш Етірек, ат иесі Ахмет Жубанов, бапкері Руслан Дүйсенбай 300 мың теңге сыйлыққа ие болды.
Жетінші орынды Абай облысынан келген «Тарланкөк» тұлпары иеленді. Шабандозы Мейрамбек Ибатуллаев, ат иесі Тұмар Сүлейменова, бапкері Әлібек Қызырбек 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай жүлдемен марапатталды.
Осылайша, жүз шақырымдық күрделі қашықтықта үздік нәтиже көрсеткен жеті сәйгүліктің иелері, бапкерлері мен шабандоздары көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Бәйгенің демеушісі “Ата жолы” қоғамдық қоры.
Бәйге жеңімпаздарын марапаттау рәсімінен кейін мерекелік шара мәдени бағдарламаға ұласты. Жамбыл аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашып, Қопа даласын әнге бөледі. Ұлттық рухты асқақтатқан өнерпаздардың өнері көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекенің сәнін келтірді.
Сонымен қатар алыс-жақыннан арнайы келген қонақтарға, атбегілер мен ел ағаларына арнап ас берілді. Дастарқан басында ел азаматтары бас қосып, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, атбегілік өнердің бүгінгі жай-күйі мен болашағы туралы әңгіме өрбітті. Бұл да халқымызға тән қонақжайлық пен кеңпейілділіктің жарқын көрінісі болды.
Айта кетейік, Абдолла Қарсақбаев – қазақ кино өнерінің тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті режиссер. Оның «Менің атым Қожа» сынды туындылары қазақ киносының алтын қорынан берік орын алып, бірнеше ұрпақтың рухани дүниесіне айналды. Режиссердің шығармалары ұлттық болмысты, қазақы мінезді, адамгершілік құндылықтарды шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді.
Осындай тұлғаның ғасырлық мерейтойын ұлттық спортпен ұштастыра атап өтудің өзіндік мәні бар. Өйткені қазақ киносы мен атбегілік өнердің түп-тамыры бір арнадан – халқымыздың бай тарихынан, мәдениеті мен рухани мұрасынан бастау алады.
Аңырақай даласында өткен халықаралық бәйге тек жүйріктердің жарысы ғана емес, елдік дәстүрді дәріптеген, ағайынның басын қосқан, ұлттық рухты асқақтатқан шара болды.
Б.Айталы

