Site icon Атамекен

Республикалық білім сайысында 82 оқушы сынға түсуде

 

 

Алматы облысында республикалық олимпиада бастау алды. Кіл жүйріктер бәсекесіннің өтуіне өңір бойынша «Жетісу дарыны» КММ-і мұрындық болуда. Білім додасы 18-21 сәуір аралығында өтеді.

Республикалық олимпиада ҚР Білім және ғылым министірлігінің №99 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылуда.

Жыл сайын Республикалық олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 16 жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында 2 кезеңде өткізіледі.

«Жалпы осы уақытқа дейін аудандық кезеңге 9622 оқушы қатысса, облыстық кезеңде 900-ден астам оқушы бақ сынады. Осылардың ішінен оза шапқан 82 қатысушы республикалық білім сайысында облыстың атынан сынға түсіп жатыр. Әр оқушыға сәттілік тілейміз.»,-дейді Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Маманқызы.

Олимпиада «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасы мен прокторинг жүйесін қолдану арқылы өтеді.

Сынақ тапсырмалары «Дарын» РҒПО интернет ресурсы арқылы әр турдың басына бір уақытта ұсынылады және әрбір қатысушының алдын ала берілген жеке қол жеткізу коды болады. Тур аяқталғаннан кейін қатысушылардың сканерленген жұмыстары шифрланады және қазылар алқасының мүшелеріне тексеруге жіберіледі. Тапсырмалар бойынша дұрыс жауаптар және турлардың нәтижелері бар хаттамалар да «Дарын»РҒПО сайтында жарияланады.

Айта кетейік, 18-21 сәуірде олимпиаданың I және II кезеңдері өтеді. Апелляция 22-23 сәуірге жоспарланған. Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаздар ел намысын халықаралық олимпиадаларда қорғайтын болады.

Exit mobile version