Site icon ATAMEKEN

РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ «САҒАН КІТАП АРНАДЫМ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

 

Республика күні қарсаңында «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында кітап сыйлау мәдениетін дамытуға және ел тұрғындарының әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Саған кітап арнадым» акциясыбасталады.

Республика күні — Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуын, ұлттық бірлікті және ел болашағы алдындағы жауапкершілікті айшықтайтын ерекше мереке. Бұл — түрлі буын өкілдерін байланыстыратын, қоғамның дамуына бағыт-бағдар беретін құндылықтарға назар аударуға мүмкіндік. Сол құндылықтардың бірі — кітап оқу. Өйткені кітап адамның ой-өрісін кеңейтіп, білім мен тәжірибе алмасуға жол ашады және жаңа жаңалықтарға жетелейді.

«Саған кітап арнадым» акциясы еліміздің басты мемлекеттік мерекесін игі әрі мағыналы іспен атап өтуге шақырады. Бұл бастама зерделі ұлтқалыптастыру әр адамның жеке үлгісінен, әдебиетке деген шынайы қызығушылығынан және кез келген адам жасай алатын қарапайым әрекеттерден басталатынын еске салады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев акцияның маңызы туралы былай дейді: «Республика күні — ел болашағы мен келешек ұрпаққа қалдырар аманат-құндылықтарымызды саралайтын күн. Кітап — ерекше сыйлық, өйткені онымен бірге біз білімімізді, идеямызды және әлемге жаңаша көзқараспен қарау мүмкіндігін бөлісеміз. «Саған кітап арнадым» акциясы — оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырудың қарапайым әрі мазмұнды жолы. Кітап адамдардың қарым-қатынасына себеп болып, оларды біріктіріп, жаңа шығармаларды оқуға шабыттандырғанын қалаймыз. Зерделі ұлт мәдениеті осындай шынайы ниеттен туған игі істер арқылы қалыптасатынына сенімдіміз».

Акцияға қатысу үшін жаңа немесе жеке кітапханаңыздағы жақсы сақталған кітапты таңдап, оның алғашқы таза бетіне жылы лебіз жазу немесе ішіне құттықтау салу ұсынылады. Құттықтауда кітапты кімге және кімнен сыйға тартылғаны, сондай-ақ дәл осы кітаптың неліктен таңдалғаны көрсетіледі.

Одан кейін кітапты жақын адамыңызға, досыңызға, әріптесіңізге, сыныптасыңызға немесе курстасыңызға сыйлауға болады. Қатысушыларға кітап сыйлау сәтімен әлеуметтік желілерде бөлісу ұсынылады. Ол үшін кітаптың фотосуретін немесе қысқа бейнежазбасын жариялап, кітап пен оны сыйлаған адам туралы шағын әңгіме жазып, марафонның ресми @kitap_oqityn_ult аккаунтын белгілеу және #CағанКітапАрнадым #КнигаДляТебя #BookForYou #Republicday хэштегтерін пайдалану ұсынылады.

Әр қатысушы достарын, әріптестері мен таныстарын акцияға қосылуға шақырып, игі бастаманың эстафетасын жалғастыра алады.

«Саған кітап арнадым» — жай ғана сыйлық емес. Бұл — біліммен бөлісудің, жақын жандарға көңіл бөлудің және өзгені кітап оқуға шабыттандырудың мүмкіндігі.

 

 

 

 

Exit mobile version