Серік САТЫБАЛДИЕВ
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Жамбыл ауданындағы мүшелері Ұзынағаш ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиынды «АМАНАТ» партиясы облыстық филиалы жанындағы мәдениетті қорғау жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, жергілікті қоғамдық кеңес мүшесі Тәңірберген Қасымберкебаев жүргізді.

Аталған жалпыұлттық коалицияның аудандағы белсенділері 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға ұсынылатын жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді. Бұл орайда алғашқы сөзді алған білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы Сәния Бижұменова Ата Заңның жаңа жобасының барлық бөлімдеріне жеке-жеке тоқталып, мемлекетті нығайтуға, халықтың мүддесін қорғауға бағытталған тармақтардың мәні мен маңызын тарқатты. Ал облыстық мәслихат депутаты Меруерт Молдашева елдің басты құжатының жобасында адам құқықтары мен бостандықтарына баса мән берілгеніне тереңірек үңілді. Меруерт Сағындыққызы қоғам белсендісі болуымен қатар өзі ана, кәсіпкер ретінде де мемлекеттің саяси жүйесінің реформалануына бей-жай қарай алмайтындығын білдіріп, оны дұрыс түсіну үшін көпшілікке Ата Заң жобасын мұқият оқып шығуға кеңес берді. Медицина саласының ардагері, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Доғдыркүл Молдахалықова Конституция жобасының халықтың денсаулығын сақтауға қатысты тұстарына тоқталып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төңірегіндегі өзгерістерді түсіндірді. Аудандық мәслихат депутаттары Дәурен Тойбаев пен Айдын Жүнісов те Конституция жобасы туралы шығып сөйледі. Жиын модераторы Тәңірберген Қасымақынұлы 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституция мен жаңадан дайындалған нұсқасының арасындағы айырмашылықтарды салыстырды.
Коалиция мүшелері Ұзынағаш ауылының тұрғындарын жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Жамбыл ауданы