11 ақпан күні Мемлекет басшысы «2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат ел өміріндегі аса маңызды саяси оқиғаның бастауы болды. Жарлыққа сәйкес, көктемде бүкілхалықтық референдум өтіп, Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасы халық талқысына ұсынылмақ.
Келесі күні жаңа Конституция жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жарияланып, қалың көпшілікке таныстырылды. Бұл – ашықтық пен жариялылық қағидаттарының нақты көрінісі. Әрбір азамат құжат мәтінімен танысып, өз ұсынысы мен пікірін білдіруге мүмкіндік алды.
Айта кету керек, жаңа Конституция жобасы бір күнде дайындалған жоқ. Оған дейін ауқымды әрі мазмұнды дайындық жұмыстары жүргізілді. Алты ай бойы Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен ғылыми қауымдастық мүшелері жаңа құжатты әзірлеуге белсенді қатысып, әрбір бапты жан-жақты талқылады.
Бұл үдеріс кең көлемдегі қоғамдық талқылаумен қатар жүрді. Республика көлемінде кездесулер, дөңгелек үстелдер мен пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылып, мыңдаған ұсыныс пен бастама жинақталды. Ең бастысы – халықтан түскен пікірлер ескеріліп, жоба мазмұнын жетілдіруге нақты ықпал етті. Осылайша Конституцияның шын мәнінде халықтық сипат алуы қамтамасыз етілді.
Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде жаңа Конституцияның теңгерімді, жан-жақты ойластырылған жобасы қалыптасты. Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, әділеттілік қағидаларын орнықтыру бағыттары айқын көрініс тапқан.
2026 жылғы 12 ақпанда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция құрылды. Оның құрамына саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сараптамалық және ғылыми ұйымдар, сондай-ақ елдің белсенді азаматтары енді. Коалицияның басты мақсаты – жаңа Конституция жобасын кеңінен түсіндіру, референдумның маңызын халыққа жеткізу және азаматтарды ел болашағына бейжай қарамауға шақыру.
Осыған орай коалиция мүшелері өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жақында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері Жамбыл ауданына арнайы сапармен келді.
Сапар аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев, Алматы облыстық мәслихатының депутаттары Даулет Жарасбаев және Меруерт Молдашева, Жамбыл аудандық мәслихатының төрағасы Мадияр Әмірғалиев пен медицина ғылымдарының кандидаты, Райымбек және Жамбыл аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Зинаш Көпжасарқызы, «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Ықылас Еркінұлы алдымен Қасымбек ауылындағы «КазТекИнвест» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.
Кәсіпорын 2012 жылы пайдалануға берілген және электрлік жарықтандыру құрылғыларын өндірумен айналысады. Зауытта жарықдиодты шамдардың 1500-ден астам түрі, металл бұйымдарының 300-ге жуық атауы шығарылады. Жобалық қуаты жылына 100 000 тоннаға дейін жететін өндіріс орнында 130-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев кәсіпорын жұмысшыларымен жүздесіп, 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумның маңызы мен мәнін түсіндірді.
Бұдан соң «Алатау» тігін фабрикасына барып, жұмысшылармен әңгімелесті. Фабрика 2022 жылы іске қосылған, жобалық қуаты жылына 150 000 дана киім шығару, жұмыс орны 120 адамға арналған. Кездесу барысында жұмысшылар референдумды қолдап, ұйымшылдық таныту қажеттігіне тоқталды.
Келесі кезекте коалиция мүшелері №2 Қайназар орта мектебінде ұстаздар мен оқушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Жиналғандар алдына шығып сөз алған депутаттар әрбір заң баптарының мәнін айтып, елдің келешегі мен дамуына арналған маңызды құжат екенін атап өтті.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өздерінің сауалдарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті. Республикалық референдум – әр азаматтың мемлекет тағдырына тікелей ықпал етуіне берілген мүмкіндік. Ата Заң – елдің саяси, құқықтық және әлеуметтік дамуының іргетасы. Сондықтан әрбір азамат алдағы науқанға жауапкершілікпен қарап, таңдауын саналы түрде жасағаны жөн. Ел тағдыры таразыға түсетін сәтте белсенділік танытып, референдумға қатысу – әрбір азаматтың азаматтық борышы.


