Құрылтай сайлауы барысында үгіт-насихат жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс. Заңнамада сайлаушылардың еркін таңдау жасауына ықпал етуі мүмкін заңсыз әрекеттерге қатаң тыйым салынған.
Конституциялық заңға сәйкес, сайлау науқаны кезінде сайлаушыларға тегін немесе жеңілдікпен тауарлар тарату, бағалы қағаздар беру, қызмет көрсету, ақша төлеу немесе осындай игіліктерді уәде ету арқылы жүргізілетін үгіт жұмыстары сайлау алдындағы жөнсіз үгіт болып есептеледі. Бұған лотереялар ұйымдастыру және қайырымдылық акцияларын өткізу арқылы сайлаушылардың қолдауына ие болуға бағытталған әрекеттер де жатады.
Тек сайлау науқаны үшін арнайы дайындалған үгіттік баспа материалдарын, белгішелерді, жалаулар мен жалаушаларды таратуға ғана рұқсат етіледі. Ал сайлаушыларға қандай да бір материалдық пайда ұсыну заң бұзушылық ретінде қарастырылады.
Сайлау алдындағы жөнсіз үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынған. Мұндай талаптарды бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер заң бұзушылыққа партиялық тізім ұсынған саяси партия немесе оның сенім білдірілген адамдары жол берсе, партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күші жойылуы мүмкін.
Сонымен қатар сайлау жарияланған күннен бастап партиялық тізімдер ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдау мақсатында әрекет ететін жеке және заңды тұлғаларға қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынады. Бұл талап сайлау процесінің әділдігін қамтамасыз етуге және сайлаушыларға заңсыз ықпал ету әрекеттерінің алдын алуға бағытталған.
Сайлау заңнамасын сақтау – барлық саяси күштер мен сайлау процесіне қатысушылар үшін ортақ міндет. Заң талаптарының сақталуы сайлаудың ашық әрі әділ өтуінің негізгі кепілі болып табылады.

