Site icon Атамекен

Солтүстікке соққан жел. Қазақстан биылдыққа дипломатия пазлын құрап бітті «Көршімен татудың көңілі тыныш» дейді халқымыз

Бұл нақыл бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастың дәл айнасы іспетті. Екі елдің байланысы жай ғана ресми әріптестік емес, ғасырлардан тамыр тартқан достық пен сенімге құрылған стратегиялық серіктестік. Қазір дүние дүрбелең, геосаяси ахуал күрделі. Осындай алмағайып кезеңде Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара түсіністік пен сындарлы диалогтың сақталуы – тұтас өңірдің тұрақтылығы үшін маңызды тірек, көпке үлгі боларлық құбылыс.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізіліп, Путинмен ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды. Сапар аясында екі ел Президенттері Орал қаласында өтіп жатқан XXI Қазақстан–Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты.
Форумда Мемлекет басшысы: «Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық жыл сайын тұрақты түрде нығайып келеді», – деп атап өтті.
Шынында да, Ресей бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы қазірдің өзінде 28 миллиард доллардан асқан. Мақсат болашақта осы көрсеткішті 30 миллиард долларға жеткізу. Осы бағытта нақты және жүйелі жұмыс жүріп жатыр.
2024 жылы Ресей инвестициясы рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллиард долларға тең болды. Ал жалпы алғанда, Қазақстан экономикасына құйылған ресейлік инвестиция көлемі 27 миллиард доллардан асып түскен. Өз кезегінде, қазақстандық бизнес те көрші елге белсенді қаржы салып келеді, Ресейге салынған қазақстандық инвестиция көлемі 9 миллиард долларға жуықтады.
Өнеркәсіптік кооперация – екіжақты серіктестіктің ең айқын көрінісі. Қазірдің өзінде жалпы құны 48,2 миллиард долларды құрайтын 171 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бұл – 44 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған орасан ауқымдағы серіктестік. Оның ішінде 105 жоба толық іске қосылған, 40-ы жұмыс үстінде, ал 31 жоба дайындық кезеңінде тұр.
Президент Тоқаев: «Осы қомақты көрсеткіштер өзара ынтымақтастық деңгейінің қаншалықты жоғары екенін дәлелдейді. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Алға ұмтылып, сауда мен инвестиция көлемін ұлғайта беру – біздің ортақ міндетіміз» — деді.
Шынында да, көршімен тату болу жай ғана саясат емес, халықтың болашағына салынған көпір. Ал Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс – осы көпірдің беріктігін нығайта түспек.
Exit mobile version