Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін ең өзекті мәселелердің бірі. Ол мемлекеттің экономикалық дамуын тежеп, заңның үстемдігіне нұқсан келтіреді және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті ең алдымен адамның санасы мен тәрбиесінен басталады. Адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді бойына сіңірген адам заңсыз әрекеттерге жол бермейді және парақорлықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдамайды. Осы құндылықтарды бала бойына ерте жастан бастап сіңіруде отбасы мен мектептің рөлі ерекше.
«Пара беру де, пара алу да – заң алдында жауапкершілікке әкелетін құқық бұзушылық екенін әркім түсінуі тиіс».
Жастарға адал еңбекпен жетістікке жетудің маңызын түсіндіру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Әрбір азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтаса, қоғамдағы жемқорлық деңгейін төмендетуге өз үлесін қоса алады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, қоғамдық бақылау және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында адалдық қағидаттарын насихаттау және жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу оң нәтиже береді.
Әділ әрі дамыған қоғам құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Әрбір азамат заң талаптарын құрметтеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық ұстаным танытса, елімізде әділдік пен сенімге негізделген қоғам қалыптасады. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ, ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ БЕРІК НЕГІЗІ.
(Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы
Ясын Айбын Мұхамедқалиұлы)

