Site icon ATAMEKEN

ТАЗАЛЫҚ – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ТІРЕГІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы Жамбыл ауданында жүйелі түрде жалғасып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және әрбір азаматтың туған жерге деген жанашырлығын арттыру.

Осы бағыттағы жұмыстар Алматы облысы әкімдігінің қаулысы мен Жамбыл ауданы әкімдігінің көктемгі-күзгі санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру екі айлығын өткізу туралы қаулысына сәйкес ұйымдастырылуда. Аудан көлемінде әр апта сайын өткізілетін «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы бүгінде игі дәстүрге айналып, тұрғындардың белсенді қолдауына ие болды.

Кезекті «Таза бейсенбі» сенбілігі аудан орталығы Ұзынағаш ауылында таңғы сағат 07:00-де басталды. Оған мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, белсенді жастар, еріктілер және ауыл тұрғындары қатысып, орталық көшелерді, қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар көшелерді қоқыстан тазартып, жол жиектерін ретке келтіріп, арық жүйелерін тазалап, елді мекеннің көркін арттыруға өз үлестерін қосты.

Жамбыл ауданында тазалық шаралары бір реттік науқан емес, жыл бойы үздіксіз жүргізілетін жүйелі жұмысқа айналған. Биылдың өзінде аудан бойынша 22 сенбілік ұйымдастырылып, оған 57 мыңнан астам тұрғын қатысты. Сенбіліктер барысында 145 көше, 780 аула, 125 шақырым автомобиль жолының бойы тазартылып, 21 шақырым арық жүйесі ретке келтірілді. Сонымен қатар, мыңнан астам ағаш әктеліп, 124 гектар аумақ тазартылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 495 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, бұл жұмыстарға 105 арнайы техника жұмылдырылды.

Көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жылдық жоспарға сәйкес аудан аумағында 25 мың түп ағаш отырғызу көзделсе, көктемгі маусымда оның 12 700 түбі егілді. Бұған қоса, Ұзынағаш ауылының орталық көшелеріне 8 мың түп гүл көшеті отырғызылып, аудан орталығының келбетін көркейтуге ерекше көңіл бөлінді.

Санитарлық тазалық жұмыстары барысында 83 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы, 1 саябақ, 8 сквер, 70 тарихи-мәдени ескерткіш пен 211 әлеуметтік нысанның аумағы толықтай тазартылды. Бұл жұмыстар ауданның экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындарға қолайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда цифрлық бақылау тетіктері де тиімді пайдаланылуда. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық мониторингі арқылы анықталған заңсыз қоқыс үйінділері кезең-кезеңімен жойылып келеді. Жыл басында анықталған төрт заңсыз қоқыс үйіндісі толық тазартылса, кейінгі мониторинг нәтижесінде тіркелген өзге үйінділерді жою бойынша ауылдық округ әкімдіктеріне нақты тапсырмалар беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, «Taza Qazaqstan» Telegram-боты арқылы тұрғындардан түскен барлық өтініштер дер кезінде қаралып, тиісті ауылдық округтер арқылы толық орындалуда. Санитарлық талаптарды бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар да тұрақты түрде қолданылып келеді. Бұл тазалық мәдениетін қалыптастырудағы жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік беруде.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ақпараттық-насихат жұмыстары да кең көлемде ұйымдастырылуда. Аудан аумағында билбордтар, баннерлер мен LED экрандар арқылы экологиялық мәдениетті насихаттайтын материалдар тұрақты жарияланып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мыңдаған жарияланым жарық көріп, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға үндейтін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Тазалық – тек коммуналдық қызметтердің немесе мемлекеттік мекемелердің міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін, мәдениеті мен жауапкершілігін айқындайтын ортақ іс. Сондықтан Жамбыл ауданында қолға алынған «Таза бейсенбі» бастамасы алдағы уақытта да жалғасып, туған өлкеміздің көркеюіне үлес қосатын игі дәстүр ретінде өз жалғасын таба береді.

Б.Айталы

Exit mobile version