Site icon ATAMEKEN

ТАЗА ТАБИҒАТ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Өткен сенбіде Жамбыл ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең ауқымды сенбіліктер мен көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылып, аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері туған жердің тазалығы мен көркеюіне бір кісідей атсалысты.

Жалпы, аудандық сенбілік барысында аудан әкімі Нұрлан Ертас, аудан әкімінің орынбасарлары мен мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкерлері белсенділік танытты. Іс-шара аясында қатысушылар ағаш отырғызып, елді мекендерді көгалдандыруға үлес қосты. Сонымен қатар, негізгі жолдардың бойы күл-қоқыстан тазартылып, қоршаған ортаның тазалығына ерекше көңіл бөлінді. Мұндай жұмыстар ауданның экологиялық ахуалын жақсартумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыра түсуде.

Аудан көлемінде өткен тағы бір маңызды шара – ағаш отырғызу акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту және жасыл аймақтарды көбейту. Аталған акцияға жас мамандар белсене қатысып, туған жердің табиғатын көркейтуге өз үлестерін қосты.

Шара барысында алма және алмұрт ағаштарының көшеттері отырғызылып, оларды күтіп-баптау жұмыстары да назардан тыс қалмады. Мұндай игі бастамалар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа деген жанашырлықты арттыра түсетіні сөзсіз.

Сонымен қатар, Ақтерек ауылында да «Таза Қазақстан» акциясы аясында игі іс қолға алынды. 2026 жылғы 28 наурыз күні ауылдағы жаңадан салынған дәрігерлік амбулатория аумағына Ақтерек шаруа қожалығының басшысы Шайнүсіпов Темірлан Қалмашұлының демеушілігімен шырша ағаштары мен қоршау өсімдіктері отырғызылды. Шараға ауыл тұрғындары, әкімшілік мамандары және амбулатория қызметкерлері қатысты.

Жалпы, мұндай ауқымды экологиялық шаралар – туған жерге деген жанашырлықтың жарқын көрінісі. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың парызы. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, еліміздің әр өңірінде кеңінен жүзеге аса беретіні анық.

Exit mobile version