«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кеңесте Экология және табиғи ресурстар министрлігі акцияның екі жылдық қорытындысын жариялады.
Ведомствоның мәліметінше, осы уақыт ішінде республика бойынша 1,5 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізіліп, 2 миллион тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Сонымен қатар 5,5 миллионға жуық ағаш отырғызылып, акцияға жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам қатысуда.
Қазіргі таңда өңірлерде сенбіліктер, жағалауларды тазалау, көгалдандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Акцияның негізгі мақсаты – табиғатты қорғау мен елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге қоғамды кеңінен тарту.

