ATAMEKEN

«Таза Қазақстан» аясында ауқымды сенбілік өтті

«Таза Қазақстан» аясында ауқымды сенбілік өтті

Ел Президенті бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Жамбыл ауданында санитарлық тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аталған бастама аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, туған жердің тазалығын сақтауға және табиғатты аялауға бағытталған маңызды шаралардың біріне айналып отыр.

Кезекті сенбілік жұмыстары Ұзынағаш ауылындағы Саржан көпірі мен ескі мал базары аумағында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қарағаш тұқымын себу, жол жиегін күл-қоқыстан тазарту және аумақтың санитарлық жағдайын жақсарту жұмыстары жүргізілді.

Сенбілікке аудан әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев, бөлім және мекеме басшылары, мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме ұжымдары белсенді қатысты. Қатысушылар ортақ іске жұмылып, ауыл аумағын тазарту мен көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Экологиялық акция аясында аудан бойынша жалпы саны 700 қап қарағаш тұқымы себілсе, оның 200 қабы Ұзынағаш ауылына тиесілі болды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта елді мекендердің жасыл желекпен көмкерілуіне, қоршаған ортаның жақсаруына оң әсерін тигізбек.

Табиғатты қорғау – тек арнайы мекемелердің ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті. Туған жердің тазалығы мен көркеюіне атсалысу – әр азаматтың азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Осы ретте «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан көлемінде тұрақты түрде өткізілмек.

Б.Айталы

Exit mobile version