Site icon ATAMEKEN

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ЖАМБЫЛ МУЗЕЙІНДЕГІ ИГІ ДӘСТҮР

«Тазалық – мәдениеттің айнасы» дейді дана халқымыз. Бұл қағида бүгінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында кеңінен көрініс тауып, қоғамда тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға серпін беріп келеді.
Жамбыл музейінің ұжымы да осы игі бастаманы күнделікті жұмысымен ұштастырып келеді. Мұнда тазалық бір реттік акция емес, қалыптасқан өмір салтына, еңбек мәдениетіне айналған. Әрбір жұмыс күні музей аумағын ретке келтіруден басталады. Аула сыпырылып, гүлзарлар мен жасыл желек күтіп-бапталады, айнала мұнтаздай таза ұсталады. Себебі музей – өткен мен бүгінді жалғайтын, ұлт руханиятының құндылықтарын дәріптейтін киелі мекен.
Жамбылдың асыл мұрасын қастерлеген ұжым музейдің ішкі мәдениеті мен сыртқы келбетіне де үлкен жауапкершілікпен қарайды. Таза да көрікті орта келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, туған жерге деген құрмет пен табиғатқа жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетеді.
«Таза Қазақстан» бастамасының басты мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес, қоғамда экологиялық сана мен ортақ жауапкершілікті нығайту. Осы мақсат жолында Жамбыл музейінің қызметкерлері ұйымшылдық пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп, тазалықты күнделікті дағдыға айналдырған.
Тазалық – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, мәдениетті қоғамның және ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын белгісі. Сондықтан Жамбыл музейінде қалыптасқан бұл игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын тауып, «Таза Қазақстан» идеясын насихаттауға өз үлесін қоса береді.

Exit mobile version