Site icon ATAMEKEN

«Таза Қазақстан» – заң мен тәртіпке негізделген қоғамдық мәдениет

2026 жылғы 9 шілде күні Жамбыл ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері және аудан тұрғындары қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.

Бүгінгі сенбілікке 332 мемлекеттік мекеме қызметкері, 320 ерікті және 1 813 тұрғын қатысып, жалпы 2 465 адам жұмылдырылды. Тазалық жұмыстары барысында 58 тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, 22 гектар аумақ тазартылды. Жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін 27 арнайы техника тартылды.

«Таза Қазақстан» – бұл қоршаған ортаны тазартуға бағытталған науқан ғана емес. Бұл – әрбір азаматтың туған жеріне деген жанашырлығын арттыратын, қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыратын және экологиялық мәдениетті орнықтыратын маңызды жалпыұлттық бастама. Таза көше, таза аула, абаттандырылған қоғамдық кеңістік – қоғамдағы тәртіп пен ұйымшылдықтың айқын көрсеткіші.

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, қалдықтарды белгіленген орындарға тастау, табиғатқа ұқыпты қарау – құқықтық мәдениеттің және азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі.

Осыған байланысты «Таза Қазақстан» акциясы аясында санитарлық тазалық талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, ауылдық округ әкімдері өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға құқылы. Бұл өкілеттік Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 729-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Сондықтан елді мекендердің тазалығын сақтау – тек азаматтық парыз ғана емес, заң талаптарын орындаудың да маңызды бөлігі.

Жамбыл ауданының ішкі саясат бөлімі аудан тұрғындарын, жастарды, кәсіпкерлерді, қоғамдық ұйымдарды және барлық еңбек ұжымдарын «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуға шақырады. Туған жердің тазалығы әрқайсымыздан басталады. Әрбір тазаланған аула, әрбір жиналған қоқыс, әрбір көркейтілген көше – болашақ ұрпақ үшін жасалған игі іс.

Тазалық мәдениеті күнделікті өмір салтына айналғанда ғана біз көрікті, жайлы әрі қауіпсіз елді мекен қалыптастыра аламыз. Бұл – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, қоғамда заңға құрметті, тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін нығайтудың маңызды жолы.

«Таза Қазақстан» – бір күндік акция емес, бұл – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымы. Туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосайық!

Алматы облысы Жамбыл ауданының ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекемесі

Exit mobile version