Site icon ATAMEKEN

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ІЛЕ АУДАНЫНДА КЕЗЕКТІ САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ СЕНБІЛІГІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

 

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында 2026 жылғы 16 шілдеде Іле ауданында кезекті санитарлық тазалық сенбілігі өткізілді. Экологиялық акцияның негізгі мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру.

Ауқымды сенбілікке ауданның барлық ауылдық округтері мен кенттерінің тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, коммуналдық мекемелер, еріктілер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсенді қатысты. Жалпы саны 2822 адам жұмылдырылып, тазалық жұмыстарын жүргізуге 23 арнайы техника тартылды.

Сенбілік барысында аудан аумағындағы көшелер, саябақтар, скверлер, балалар ойын алаңдары, арық жүйелері, қоғамдық кеңістіктер мен әлеуметтік нысандардың айналасы тазартылды. Сонымен қатар, жол жиектері ретке келтіріліп, кездейсоқ қоқыс орындары жойылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 21 гектар аумақ тазартылып, 54 тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылды.

Тазалық акциясы аясында Боралдай кентінің Жайнақ ықшамауданында да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мұнда тұрғындар мен мекеме қызметкерлері бірлесіп, көшелер мен қоғамдық аумақтарды қоқыстан тазартты. Ағаштардың түптері әктеліп, жасыл желектердің айналасы ретке келтірілді, аумақтың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды.

Іле ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда. Бұл бастама елді мекендердің көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндейді.

Таза әрі көрікті аудан – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Сондықтан аудан тұрғындарының қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, қоғамдық орындарды күтіп ұстауға және экологиялық акцияларға белсенді қатысуы өңірдің одан әрі көркеюіне зор үлес қосады.

Exit mobile version