
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы Жамбыл ауданында жүйелі түрде жалғасып келеді. Бүгін аудан орталығы – Ұзынағаш ауылындағы Сұраншы-Саурық батырлар ескерткіші маңында кезекті ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Тазалық шарасына аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, аудандық бөлімдер мен түрлі мекемелердің басшылары және мамандары, жастар, сондай-ақ ерікті азаматтар белсенді қатысты. Жалпы саны 200-ден астам тұрғын бір кісідей жұмылып, қоғамдық аумақты тазарту және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Сенбілік барысында Сұраншы-Саурық батырлар ескерткішінің маңы мен оған іргелес аумақтар қоқыстан тазартылып, қоршаған ортаның санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды. Қатысушылар туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып, көпшілікке үлгі көрсетті.
Жамбыл ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық және абаттандыру шаралары тұрақты өткізіліп келеді. Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Туған жердің тазалығы тек коммуналдық немесе мемлекеттік мекемелердің міндеті емес. Ауылдың ажары мен көшелердің тазалығы әрбір тұрғынның өз ауласына, көшесіне және қоршаған ортаға деген жанашырлығынан басталады. Сондықтан аудан тұрғындарының осындай игі бастамаларға белсенді араласуы ерекше маңызға ие.
Алдағы уақытта да аудан аумағында «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктер мен абаттандыру жұмыстары жалғасын табады.
Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне бейжай қарамай, тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырамыз. Өз ауламызды, көшемізді және ауылымызды таза ұстау арқылы ортақ мекеніміздің ажарын бірге арттырайық.
Тазалық – әр тұрғынның азаматтық ұстанымы. Таза аудан – өзімізден басталады!
Аудан әкімінің баспасөз қызметі