Облыстық кардиологиялық орталықта кардиохирургтар 62 жастағы науқастың жүрегіне сәтті хирургиялық ем жүргізді. Операция үш сағаттан астам уақытқа созылды. Дәрігерлер атап өткендей, «жүре пайда болған жүрек ақауы» диагнозы қойылған әйелдің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін жаңа әдіс шет елдерде жиі қолданылады.
Мамандардың шеберлігі мен ерекше әдістің арқасында операция транскатетерлі қолқа қақпағын имплантациялау арқылы кеуде қуысын ашпай жасалды, бұл уақытта науқастың жүрегі соғып тұрды. Операцияның жалпы құны 7 млн теңгеден астам, бірақ әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының арқасында сақтандырылған азаматтар үшін тегін жүргізіледі.
«Бұл технологияның сөзсіз артықшылықтары бар. Біріншіден, сүйек құрылымдарының толық сақталуы, бұл хирургиялық жараның инфекциялық асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді, екіншіден, науқастың отадан кейін тез қалпына келуі. Хирургиялық жарақатты азайту және кеуде қуысының қаңқасын сақтау арқылы пациент 10-14 күн өткен соң толық физикалық белсенділікке орала алады, ал ауруханадан үш күннен кейін шығарамыз», — дейді облыстық кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі, кардиохирург Хусан Исманов.
Орталықта жүрекке транскатетерлі қолқа қақпағын имплантациялау бойынша операциялар бірнеше жылдан бері жасалып келеді және осы уақыт ішінде хирургтар 10-нан астам пациентке осы әдіспен ота жасаған.
Айта кетейік, өткен жылы орталықта 257 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді. Ал күн сайын медициналық ұйымға консультациялық-диагностикалық қызметтер үшін 100-ден астам адам келеді. Сондай-ақ, жылына 200-ден астам ашық жүрекке ота, 1300-ден астам коронарография және 700 стенттеу жасалады.