Site icon Атамекен

Таразы басын ақырында ақиқат басады

Жазуы бар қағазға жасымыздан жадыланғандықтан шығар, күнделікті баспасөз басылымдарын бір шолып шықпасақ, ұйқымыз қашатыны бар. Əрине, дүние күйіп бара жатса да қызықтырған материалдарға арнайы уақыт бөліп, зерделеп оқып шығатын дағдымыз да ерте қалыптасты. Мақтан болып кеткен сияқты ма, қалай өзі… Мейлі.

Жуырда, атап айтсақ, наурыздың 29-ы күні «Егемен Қазақстан» газеті Мұхтар Қазыбек деген автордың «Жамал əл-Қарши» атты көлемді тарихи зерттеу мақаласын жариялады. Сонда мынадай жолдар бар:

«2003 жылы қолға алынған мемлекеттік «Мəдени мұра» бағдарламасының арқасында Жамал əл-Қаршидің «Əл-Мулхакат бис-сурах» атты еңбегі орыс тіліне аударылып, оқырманға ұсынылды.

Жамал əл-Қарши Қазақстан, Орта Азия, Шығыс Түркістанның тарихы, мəдениеті, этнографиясы жөнінде мол деректер жазып қалдырған тарихшы, филолог. Қазақстан тарихына қатысты көне, бізге беймəлім, айтыла бермейтін деректер мен мəліметтер ол кісінің аталған еңбегінде ғана баяндалады. Ол ислам тарихының терең білгірі, білімпаз, оқымысты, хафиз болды, шығармасын араб, парсы тілдерінде жазды, ол көп тіл білетін ғалым еді. Араб тілін терең меңгергендіктен араб тілі грамматикасы туралы зерттеу еңбегін жазды. Ислам тарихын терең зерттеген ғалым пайғамбарлар туралы, олардың үрім-бұтақтары жөнінде, дана тұлғалар мен атақты билеушілер жайында өз еңбегінде арнайы тоқталды. Көптеген жерлерге саяхат жасаған ғалым өзі көзімен көрген кенттер, шаһарлар, қалалар туралы географиялық тұрғыда құнды мəліметтер жазып қалдырды. Сондықтан оның еңбегі əртүрлі жанрды қамтиды. Зерттеушілер үшін Жамал əл-Қаршидің туындысы бірегей дерек көзі ретінде аса құнды дүние болып саналады.

…Ғұлама тарихшы Жамал əлҚаршидің Қазақстанға қатысты мол мəліметтер жинақталып қамтылған Шыңғыс хан туралы еңбегінің бар екені мəлім. Жамал əл-Қаршидің осы кітабы жөніндегі назар аударар деректі Қазыбек Тауасарұлы кітабында келтіреді, ол кісі: «Ұран (Майқы) заманын, оның тұрғыласы Шыңғысты Жамал баба Қаршы баласы қалпынша (сол қалпында – М.Қ.) тауарихқа түсіргендіктен, мен оған көп тоқталмадым», – деп жазады. Бұл еңбек жөнінде басқа ешбір əдебиеттерде айтылмайды».

Осы тұста біз елең ете түстік. Рас па екен-ай дедік те, дереу кітап сөресінде тұрған Тауасарұлы Қазыбек бек бабамыздың 1993 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Түптұқианнан өзіме шейін» атты кітабын суырып алып, парақтай бастадық. Таптық. 98-ші бетте екен. Дəлмедəл, сол қалпында. Енді «…мен оған көп тоқталмадым» дегенінен кейінгі жолдарды жалғастырып көрелікші.

«…Мен өзімнен бұрын жасаған адамдардың айтқанына əлдеқандай бір ауытқушылық жасағым келмейді. Ұран бабамыздан кейін маған дейін мəмлəкəт əспетінде, яғни хан төңірегінде қызмет қылған адам жоқ. Ішінен бабаларымыздың батыр шыққаны бар болар, көбі-ақ шаруа баққан адам еді. Оны менің бала кезімде Матай атам: «Бізден қазақты билеген бір адам шықпай-ақ қойды, биліктің һəммесін атам Ұран əкеткен бе?», – деп отыратын. Бірақ атам менің де хан жанында оңқал болғанымды көре алмай кетті, əкем де көрмеді. Атам судыратып оқып, жылдам қағаз түзетін ұрпағын да армандады» дейді Қазыбек бек бабамыз.

Осыдан енді қандай ой түйеміз. Кезінде бабамыздың кітабын мойындамай қойғандар, тіпті мойындағысы келмейтіндер арамызда əлі де аз емес. «Балғабек Қыдырбекұлы марқұм бəрін ойдан құрастырып шыққан жалған кітап» деп жалаулатып жүргендер енді не дер екен? Араб жəне парсы тілдерін жетік меңгерген осы Жамал əлҚаршидің «Əл-Мулхакат би-с-сурах» атты еңбегін оқымаса, өзі де сол тілдерде қатталған қағаздардың астарына терең үңілмесе, Қазыбек бек Тауасарұлы жазбасына оның есімін жалаң қиялға сүйеніп енгізбес еді ғой. Осынау ұлы ғалымның еңбегіне қазақстандық зерттеушілер тек 2003 жылдан кейін ғана қол жеткізіпті. Ал, «Түп-тұқианнан өзіме шейін» ғасырдан ғасырға жетіп, қолдан қолға өтіп, əрең дегенде 1993 жылы жарық көрді емес пе.

«Таң атпайын десе де күн қоймайды, өтірікті өкшелеп шын қоймайды» деген бар. Таразы басын ақырында ақиқат басатыны анық екен. Иə, Жамал əл-Қаршидің аталған кітабы орыс тіліне аударылып, оқырманға ұсынылыпты. Енді соған бір зер салар ма едік-ай, шіркін!

Рəтбек САҒИД-УАҺАС.

Exit mobile version