Fingramota.kz мұндай алдап-арбау белгілері жөнінде еске салады.
Алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының, коммуналдық қызмет қызметкерлері ретінде таныстырулары мүмкін, бірақ олар жиі жағдайда банктен хабарласып тұрмыз деп айтады.
Алаяқтар адамдарды мезі етіп, әлеуетті құрбанына күніне бірнеше рет телефон соғып, әбден жүйкесіне тиеді.
Телефон алаяқтығының кең таралған схемасын мысалмен қарастырып көрелік және қаскүнемдерді ажыратуға болатын үш маңызды белгіні анықтайық.
№1 белгі. Алаяқтар бірінші болып телефон соғады.
Қаскүнемдер сіздің банктің «қауіпсіздік қызметінен» қоңырау шалып тұрмыз деп, сіздің банктік мобильді қосымшаңызға байланыстырылған телефон нөміріңіздің өзгергені жөнінде хабарлайды. Алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін «банктің қауіпсіздік қызметі» сіздің банктік шотыңызды 180 күнге бұғаттауға мәжбүр, — деп қорқытады.
Ақшаңызды «құтқарудың» бірнеше нұсқасы бар – оны «қауіпсіз» шотқа аудару, ол үшін карточканың толық деректемелері мен SMS-пен келетін кодты айтсаңыз немесе бүкіл әлемде онлайн-алаяқтармен күресу үшін қолданылатын «құпия» қосымшаны жүктеп алсаңыз болды.
Бұл жерде олардың діттегені — AnyDesk және TeamViewer, олардың көмегімен алаяқтар қашықтан кез келген құрылғыға қосылып, оларды басқара алады.
AnyDesk-ті іздеу функциясынан «қолдау» сөзін теріп, Play Market немесе App Store-дің кез келген ресми дүкенінен табуға болады. «AnyDesk деп аталатын ромб пішінді қызыл түсті қосымша пайда болады, оған басасыз да орнатасыз. Бұл біздің алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі ресми қосымшамыз», – бұл алаяқтардың үнемі айтатын сөздері.
КЕҢЕС: қоңырау шалып, бірден ақша жайында әңгіме қозғаған адамға, ол өзін кім болып таныстырса да сенбеңіз. Бейтаныс адамның айтқанын істеп, ол айтқан нұсқауларды орындамаңыз, әсіресе оған өзіңіз туралы ақпарат бермеңіз.
Күмән туғызатын қосымшаларды жүктемеңіз! Адамдардың көбі құрылғыны өшіру арқылы қашықтан қол жеткізу сессиясын тоқтатқан жағдайда алаяқтар онлайн-банкингке қол жеткізе алмайды деп ойлайды. Алайда, қылмыскерлер бірнеше секунд ішінде пайдаланушының телефонындағы барлық деректерді оқып, оны өз құрылғысына жібере алады. Сондай-ақ, алаяқтар қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын пайдалана отырып, басқа маңызды ақпаратты: пайдаланушы аккаунттарының, электрондық пошта парольдерін иемденуі, байланысатын тұлғаларды біліп алуы мүмкін. Немесе олар өздерінің құрбандарының гаджетіне маңызды мәліметтерді жіберетін, SMS-кодтар мен Push-хабарламалардағы кодтарды қоса алғанда, тыңшылық қызметті атқаратын бағдарламаларды «енгізе» алады.
№2 белгі. Алаяқтардың мақсаты – эмоция тудыру, ызаландыру.
Қоңырау шалушылар, егер сіз банктің бөлімшесіне қоңырау шалатын болсаңыз да, сізге ешкім телефон арқылы ақпарат бермейді, себебі бұл конфиденциалды ақпарат болып табылады деп ескертеді, тіпті банктің бөлімшесіне барған күннің өзінде алтын уақытыңызды жоғалтасыз деп сендіреді. Алаяқтар, осылайша сіздің онлайн- немесе мобильдік банкингіңіз арқылы операция жүргізіп, ақшаны аударып жібере алады, сондай-ақ жалған кредит ресімдеп жіберуі де мүмкін немесе «банк» сіздің шотыңызды 180 күнге бұғаттап тастауы мүмкін деп сендіреді.
Қырағылығыңызды төмендету үшін алаяқтар сізді қорқыта бастайды немесе кенеттен ұтысқа ие болдыңыз немесе «пайызсыз кредиттер науқаны» түріндегі басқа «тосын сыйға» ие болдыңыз деп сендіруге тырысады.
КЕҢЕС: нағыз банк қызметкерлерінің әлеуметтік инженерия әдістерін меңгерген алаяқтардан айырмашылығы — сіздің бойыңызда қорқыныш, үрей, ашулану сияқты сезімдер тудырмайды және ешқашан картаңыздан басқа шотқа дереу ақша аударуды талап етпейді, кредит ресімдеуді немесе банкоматтан ақша алуды сұрамайды. Сіз қатыспаған ұтыс ойындары, байқауларға келсек, «батпан құйрық, айдаладағы жатқан құйрық» дегендей тегін ештеңенің де болмайтынын естен шығармаңыз.
№3 белгі. Алаяқтар психологиялық қысым жасап, өздеріне қажетті деректерді сұрайды
Ықтимал құрбандарын тек алаяқтар ғана асықтырады, олар құрбандарына талдау жасап, ойлануға мұрша бермейді. Бұл үшін қаскүнемдер адамдарды өз нұсқауларын дереу орындауға итермелеп, қорқытуды жалғастырады. Олар «шұғыл» деген сөзді бірнеше рет қайталайды.
Алаяқтар қандай сылтау айтса да, негізінде, олар сіздің картаңыз туралы ақпаратқа, әсіресе картаңыздың артқы жағындағы үш таңбалы кодқа, жарамдылық мерзіміне, ПИН-кодқа, сондай-ақ банктік қосымшаның паролі мен логиніне, код сөзіне, банктік хабарламалардағы кодтарға қызығушылық танытады.
КЕҢЕС: Егер ақшаңыздан айырылып қалмайын десеңіз және сіздің атыңызға «бөтен адамның» кредитін ресімдегенін қаламасаңыз, ешбір жағдайда дербес және төлем деректеріңізді ешкімге бермеңіз.
Ақшаға қатысты маңызды шешімдер шұғыл қабылданбайтынын естен шығармаңыз. Сабыр сақтап, сарапқа салып, өзіңізге ойлануға уақыт бөліңіз, банк саласын жақсы білетін мамандардың кеңесіне жүгініңіз. Банктің байланыс орталығына немесе ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің call-орталығына «1459» нөмірі бойынша қоңырау шалыңыз.
Сақ болыңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!