Пятница, 19 апреля, 2024
Басты бетКелбетТЕМІРЛАННЫҢ ТЫНЫМСЫЗ ІЗДЕНІСІ

ТЕМІРЛАННЫҢ ТЫНЫМСЫЗ ІЗДЕНІСІ

Біздің ауыл Іле Алатауынан күнбатысқа қарай көлбей жатқан табиғаты əсем Қоңыртөбе тауының етегіне орналасқан. Атақты Атжайлау, Желісаз, Шоқпартас, Бəймен жайлаулары да осында. Оған асатын Балажан, Он бір жылға, Жамбас текшесі, Текшелі, Шетенді, Күркіреу, Жасыбай тайпағы, Сарықоянды, Сулықоянды, Құрқоянды, Ырғайты, Алмабай сайлары бар. Басын Қоңыртөбенің қайнар, бұлақтарынан алатын Жаманты, Сулықоянды, Ақтерек, Ырғайты өзендері табиғаттың елге тартқан сыйы.

1929 жылы Ақтерек, Жаманты мойынсерігі болып құрылған. 1930 жылы 5 колхоздан бірігіп, «Ақтерек» колхозы болып қайта ұйымдасқан. Алматы қаласынан батысқа қарай Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Көлқамыс бекетінде Ақтерек ауылының алғашқы іргетасы қаланған. Көлқамыс маңы сазды, сулы, қамысты болған соң ауыл ақсақалдары ақылдаса келіп, елді мекенді қазіргі ауылдың орнына, 1949 жылдың соңында, 1950 жылдың басында көшірген. Ондағы мақсаты таза, мөлдір тау суын халық игілігіне пайдалану болатын. Сол жылдары Ақтерек ауылының негізін қалап, көше тəртібін сақтай отырып үй салғандар Əліпбай, Есжан деген ақсақалдар еді. Алғашқы кезде бұл ауылда небары 9-ақ түтін болыпты. Сол кездері Жамбыл облысының Красногор ауданына қараған біздің ауыл 1964 жылы облыс басшыларының ұйғарымымен Алматы облысы, Жамбыл ауданының құрамына кірген. Негізінен мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қатар жүрген «Ақтерек» қой совхозы Одақ кезінде дүрілдеп тұрған ауылдардың бірі болатын. Төскейге алпыс мыңға тарта қой-ешкі, мыңнан аса ірі қара жəне мың жарымға жуық жылқы өріп шықса, он мың гектарға жуық егіс алқабына күздік бидай мен арпа, алты жүз гектарға мал азығындық жүгері егілетін.

 Сол кезде осындай қыруар еңбектің басында жүрген əкелеріміз бен ағаларымыз ел үшін аянбай еңбек етті. Тəуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында оларды кейінгі ұрпақтың жадында қалдыру мақсатымен ауылдың Орталық саябағында «Еңбек Даңқы мемориалдық кешені» ашылып, Мемлекеттік ордендермен марапатталған қырыққа жуық еңбек ардагерлерінің есімі мəрмəр тақтаға жазылды.

Əр елдің, əрбір ауылдың мақтанышы саналатын, сол ауылдың түтінінің түзу ұшуына өз үлесін қосқан елеулі азаматтары болады. Ел арасында сөз ұстап, жұрттың жоғын жоқтап, барын ұқсатып, ел ағасы атанып жүргендер де осындай азаматтар. «Туған жерге – туыңды тік» демекші, туған жерінің көркеюіне, елдің əлауқатының көтерілуіне ынта танытатын да осы жігіттер. Еліміздің түкпір-түкпірінде əр салада қызмет етіп жүрген аға-əпкелеріміздің есімі ауыл үшін зор мақтаныш! Атап айтқанда, кезінде совхоз директоры болған Жандаров Дəулетбек Дəнеғұлұлы, құрылыс саласында ұзақ жылдар «Алматықұрылыс» АҚ-ның басшысы болған Сұлтанбеков Таңатар Қасымқұлұлы, мүсінші Мамытов Берік Нəметұлы, Ұлттық Қауіпсіздік саласында қызмет еткен полковниктер Бөденеев Кеңес Дəуітқұлұлы, Əбдіхамитов Көпшілбай Тəшметұлы, Əбдіжанова Зəуреш Дəрменбайқызы, мемлекеттік қызметте жүрген Шалтабаев Дастан Тұрарбекұлы, ауылды көгалдандыруға үнемі демеушілік көрсетіп жүрген орман шаруашылығы саласының қызметкері Айдабосынов Наурызбай Нұрқұлұлы, ұзақ жылдар бойы «Егемен Қазақстан» газетінде қажырлы еңбегімен танылған журналист Гүлзейнеп Сəдірқызы, жазушы Айдабосынов Есболат Серікбайұлы, қорғаныс саласының полковнигі Төлеуішев Ғазиз Əуесханұлы, əртүрлі ғылым саласындағы профессорлар Бозжанов Есберген Тоқшылықұлы, Айдарбеков Əділхан Оспанқұлұлы, Тоқмағамбетова Күлсара Өзбекқызы, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған Қасенов Мархабат Мелісбекұлы, ғылым кандидаты Дəнеғұлова Толқын Базарбайқызы, мəдениет саласының үздігі, Жамбыл аудандық кітапханасының бас директоры Ыбырайжанова Бибінұр Ермекбайқызы, архив саласының айтулы қызметкері Шалғынбаева Жаннат Болатқызы, білім саласындағы ұлағатты педагогтар Бөденеева Сабыркүл, Садуақасова Айнагүл, т.с.с, (аты-жөні жазылмай қалған азаматтардан кешірім өтінемін) жерлестеріміздің есімін атап өткен жөн болады.

Осындай азаматтардың бірі, қазіргі таңда ауылда ел тізгінін ұстап, еңбек ері атанып жүрген Темірлан Шəйнүсіпов ағамыздың орны ерекше. Ол 1960 жылы шілденің 3-де Ақтерек ауылында туған, 1977 жылы Ақтерек орта мектебін үздік бітіріп, Алматыдағы зооветеринарлық институтына оқуға түсті. Осы оқу орнында зоотехник мамандығын игерді. Жастайынан ауыл тынысын біліп өскен ағамыз еңбек жолын 1983 жылы «Ақтерек» қой совхозында № 2 бөлімше зоотехнигі болып бастады. Тəжірибе жинақтаған жас маман кейін бөлімше меңгерушісі, бөлімшенің бас зоотехнигі қызметін атқарды. Басшылардың сенім артуымен 1992 жылы «Беріктас» қой совхозына бас зоотехник, ал 1993 жылы Сүйінбай атындағы қой совхозына директор болып тағайындалды. Осы шаруашылықта басшылық қызметте жүріп ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті.

1996 жылы аудан əкімінің өкімімен Ақтерек селолық округінің əкімі болды. Осы лауазымды 1999 жылға дейін атқарды. Алматы облысы мүлікті басқару комитетінің 1996 жылғы 28 желтоқсандағы № 188 қаулысымен «Ақтерек» қой совхозы таратылып, «Ақтерек» жекеменшік ауыл шаруашылық-өндірістік кооперативі болып қайта құрылды. Сол жылдары ауылдың жағдайы нашарлап, барлық мүліктер мен техникалар жекеменшікке таратылып кетті. Бұрынғы совхоздың техникасы мен малы таратылған соң, ауыл еңбеккерлерінің күнкөрісі қиындай бастады. Осы тұста 1999 жылы аудан басшыларының ұйғарымымен Темірлан Шəйнүсіпов «Ақтерек» ЖАШӨК-не төраға болып сайланды. Ол көп ойланып толғана келе, ердің ері ғана көтеретін шаруаны қолға алды. Алдымен шаруашылықтың малы мен мүлкін түгендеді. Бұрынғы техника мен автомашиналар ауылдағы ел-жұртқа үлеске деп таратылып, қалғаны сатылып кеткен болатын. Бірді-екілі техника мен аздаған мал қалған. Əрине, мұндай жағдайдың бəрі ауыл əкімі ретінде өзінің көз алдында тұрды емес пе. Бірақ қисыны кетіп тұрған шаруашылық ісіне араласпайақ қояйыншы деген. Оның үстіне бəрі ағайын-туыс, ертең өкпе-базына болады.

Дегенмен, тəуекелге бел буған азамат, ауылдағы ағайынның басын қосып жалпы жиналыс ашты. – Енді мен сіздерге бүгінгі нақты мəселенің шындығын айтуым керек. Өтірік сөздің өрісі ұзармайтынын өздеріңіз айтып өсіргенсіздер. Оған бұл жерде ешқайсыңыз қарсы келмейтін шығарсыздар. Ата-бабамыздың ақыры осы жерде жатыр. Білемін бүкіл елді, дүниені тастап сіздер де бір жаққа күні ертең көшіп кете алмайсыздар. Менің де бұл жерді бір жаққа көшіріп əкететіндей қауқарым жоқ екенін сіздер де жақсы білесіздер. Сіздерге мен күні ертең барлық дүниені орнатып тастаймын деп уəде бере алмаймын. Бірақ, мына бос жатқан жерді бірігіп игерейік. Əрине, біздің өңір тəлімдік жерге жатады, табиғаттың жаңбырына тəуелдіміз. Бірде мол өнім алсақ, кей жылы мүлде өнім ала алмай қалуымыз мүмкін. Тəуекелге бел бусаңыздар, осы шаруаны қолға алайық. Мал шаруашылығымен айналысам дегендерге сөзіміз жоқ. Ақылдасып істесек, алынбайтын қамал болмайды деген, біздің Ақтеректің жері бір мені ғана емес, осындағы бүкіл елді асырайтындай қауқары бар екенін жақсы білесіздер. Қарекет болса, қаумаласып еңбек етсек қарнымыз тоқ, қағанағымыз қарық болатын күнге де жетерміз. Тек сабыр мен саналы тіршілік керек, ағайын! – деген еді сол кезде.

Ел сенді, ағайын қолдады! Бірігіп еңбек етсе, елдің жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелетініне көз жетті бүгінде. Қазіргі таңда, ауылда елу мыңнан астам қой-ешкі, бес мыңға жуық ірі қара, екі мыңнан астам жылқы, қырық-елу түйе өріске шығады. Алты мың гектарға жуық егіс алқабына күздік бидай мен арпа себіледі. Осының бəрі ауылдағы ағайынның несібесі. Сонымен қатар ауылдың көркін келтіру, көгалдандыру, халықтың тұрмыс жағдайын көтеру мəселесі де қолға алынды. Алдымен, тұрғын үйлердің қоршауы жаңа үлгіде жаңғырып, көшелерге көпір салынды, ой-шұқыры көп жолдар жөнделді. Ауылда совхоз кезінде қараусыз қалған құрылыс ғимараттары қайта жөнделіп, ел игілігіне берілді. 2003 жылы «Алматы қалақұрылыс» АҚ-ның басшысы Сұлтанбеков Таңатардың жəне ауыл тұрғындарының демеушілігімен ауыл мешітінің құрылысы аяқталды. 2005 жылы бұрынғы «Ақтерек» қой совхозының асхана ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа заманға сай 250 орындық «Ақниет» тойханасы салынды.

Сонымен қатар, Ақтерек орта мектебінің бұрынғы интернат ғимараты да күрделі жөндеуден өткізіліп, халықтың күнделікті тұрмыс қажетін өтейтін əмбебап «Болашақ» сауда-сауықтыру орталығына айналды. Бұдан басқа да ел игілігіне жұмыс істейтін диірмен, астық сақтайтын қамба, машина-трактор шеберханасы жөндеуден өткізілді.

 Ауыл шаруашылығына қажетті техникалар сатып алынып, егістік жердің көлемі ұлғайды «Балапан» бағдарламасы аясында 2016 жылы бұрынғы «Универсам» дүкенінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, 50 балаға арналған «Дария-2016» жекеменшік балабақшасының құрылысы аяқталды. 2016 жылы ауыл жастарына арналған шағын футбол алаңы салынды.

Ауылды көгалдандыру, ауаны тазартып тұру мақсатымен мекемелердің ауласына, жалпы ауылға қылқан жапырақты (қарағай, арша, шырша) 3000 түп ағаш көшеттері егілді. 2019 жылы «Туған жерге – тағзым» бағдарламасы аясында Ақтерек ауылына Орталық саябақ жəне «Баба» ұрпақтарының шежіретасы орнатылды. Бұл ауыл халқының ең бір көрікті демалыс орнына айналды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, осы саябақта еңбек ардагерлеріне арналған кешен құрылысы да аяқталуға жақын.

Ауыз толтырып айтатын игі істердің жəне бірі – 2008 жылдан бастап қолға алынған ауыл халқының тозығы жеткен ескі үйлері сүріліп, орнына жаңа заманға сай зəулім тұрғын үйлердің салынуы. Қазірге дейін салынған 120-дан астам тұрғын үйлердің дені ауылда еңбек ететін азаматтарға жəне көпбалалы отбасыларына тиесілі. Бұл жұмыс жыл сайын жалғаса түсуде. Түп-түзу көшелерімен, зəулім үйлерімен, жайқалған қарағайларымен Ақтерек ауылы бүгінде алыстан көз тартып тұрады. Бұл ауылдағы ағайынның бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарып өзара ынтымақпен қол жеткізген жетістігі.

 Əрине, осынау атқарылған зор шаруа əрбір игі істің басынан табылған Темірлан ағамыздың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында мүмкін болды. Ауылдағы азаматтар да оны қолдай білді.

2007 жылы ақпанның 2-де кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша «Ақтерек» жекеменшік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі таратылып, сол күннен бастап қайтадан «Ақтерек» ірілендірілген шаруа қожалығы болып құрылған еді. Осы бірлігі жарасқан үлкен шаруашылықта қазіргі таңда ауылдың 130-ға жуық азаматтары жемісті еңбек етіп жүр. Атқарылып жатқан игі істер де осы бір қарапайым ауыл еңбеккерлерінің арқасында жасалып жатыр. «Еңбегіне қарай өнбегі» дегендей, осы шаруашылықтағы еңбеккерлердің əлеуметтік жағдайы басты назарда тұрады. Біріне жаңадан тұрғын үй салынса, енді біріне үй сатып алынып берілді. Қыстық отынсумен жəне мал азығымен де үнемі қамтамасыз етіліп келеді. Үрдісін тапқан жақсы іске кейінгі жастар да қызығушылық танытып, туған жеріне еңбек еткісі келеді.

Төккен тердің төлеуі мемлекет тарапынан да ескерусіз қалған жоқ. Темірлан Шəйнүсіпов 2008 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен, 2008-2012 жылдары облыстық жəне аудандық Құрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Тəуелсіздігіне – 20 жыл», 2014 жылы Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару жəне өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі үшін «Қазақстан мəслихаттарына 20 жыл» медальдарымен марапатталды. 2015 жылы «Жамбыл ауданының құрметті азаматы» атанды. 2017 жылы «Алтын жүрек» байқауының «Жылдың қайырымды адамы» номинациясының жеңімпазы деп танылды.

Қазіргі таңда Темірлан ағамыз «Ақтерек» ірілендірілген шаруа қожалығында басшы болып еңбек етіп жүр. Жəне Жамбыл аудандық мəслихатының депутаты ретінде қоғамдықəлеуметтік жұмыстарға да белсене атсалысады. Түтіні түзу ұшқан, бірлігі жарасқан біздің Ақтерек ауылына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де ат басын жиі тірейді. Ауыл туралы, ауылдың азаматтары туралы талай-талай көлемді мақалалар жарық көрді. Сондай бір кезекті сұхбатта, «Арманыңыз қандай, аға?» деген журналист сұрағына: – Арманым, кейінгі ұрпағымның туған жерге, туған ауылға ұялмай, мақтанышпен келуі… – деп еді.

 Сөз соңында, аудандық «Атамекен» газетінің бүгінгі редакторы Рəтбек Терлікбаевтың 2012 жылы «Жетісу» газетінің «Қолтаңба» айдарымен берілген мақаласында менен де бір пікір сұрағанын айта келіп, осы мақаланы да сондағы бір түйінді сөзімен қорытындыласам деймін:

 « – Қалай десем болар екен… Жалпы Темірлан ағамнан үйренгенім көп. Бір сөзбен қысқа қайырғанда, маған ол кісінің тынымсыз ізденісі ұнайды. Шаруашылықты жүргізіп үйренген жан емес пе, күнде таңғы бестен тұрып кетеді де, осы Ақтеректің бар аумағын аралап шығады десем қателеспейтін болармын. Бəрін көріп, бəрін өз қолымен ұстап үлгермейінше, жаны бір жай таппайтын мұндай еңбекқор, елі мен жеріне мұндай қамқор азамат ауылда сирек. Бəрін жеткізіп айта алмаймын. Осыдан ой түйіндей беріңіз өзіңіз!».

 Досан Дəрменбайұлы ƏБДІЖАНОВ, Ақтерек ауылы.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments