Суббота, 20 апреля, 2024
Басты бетРухани жаңғыруТура мағынасын енді тапты

Тура мағынасын енді тапты

«Таңбалы» қорық музейінде əр жылдары жүзеге асырылған іс-шаралар мен зерттеу жұмыстарын отандық жəне шетелдік ғалымзерттеушілер атқарып келгені белгілі. Дерек көздеріне сүйенсек, зерттеушілердің басым бөлігі өзге ұлт өкілдері болғанын аңғарамыз. Сонымен қатар кеңестік жүйе кезеңінде орыс тілі қоғамның барлық саласында қолданыс тілі міндетін атқарғандықан, тарихи дерек бойынша Таңбалы атауы –Тамгалы болып енгізілген.

Енді Қазақстан өз тəуелсіздігін алып, дербес мемлекеттер қатарына енген соң қазақ тілі – мемлекеттік тіл мəртебесіне ие болды. Отыз жылдық тарихы бар тəуелсіз ел үшін ана тілі – ұлттық болмысымызды айғақтайтын рухани асыл қазынамыз екенін ескерген дұрыс. Кез келген ұлтты бір-бірінен ерекшелейтін негізгі белгілері – ұлттық тілі мен мəдениеті.

Қазақ халқының өткен дəуірінен сыр шертетін тарихи деректердің ана тілінде сауатты жазылуы да болашақ ұрпақ үшін аса маңызды. Ал «Таңба» сөзі – өзі айтып тұрғандай, кез келген бұйымға, т.б. заттарға басылатын немесе қашалып салынатын белгі деген мағынаны білдіреді. «Таңба» сөзін Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің тіл комитетіне қарасты А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының «Қазақ сөздігінен» жəне қазақ тілінің бір томдық үлкен түсіндірме сөздігінен де көруге болады. Осы мақсатта музей ұжымы əлеуметтік желі мен ресми сайттарда өз атауын «Таңбалы» деп қайта түзетіп жариялады. Əйтсе де, «Тамгалы» жəне «Таңбалы» атаулары бірізденбей қолданыста қатар жүргендігі шетелдік жəне отандық туристер тарапынан түсініспеушілік тудырды. «Таңбалы» қорық музейінің ұжымы мұндай келеңсіз жайтты болдырмау үшін ЮНЕСКО тізіміндегі жəне мекеменің құрылтай құжаттарындағы «Тамгалы» атауын «Таңбалы» деп өзгертуді ұсынған болатын.

Жуырда Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігі біздің осы ұсынымызды қолдап, жолдаған сұранысымызға орай Əлемдік мұралар комитеті тиісті шешім қабылдады. Онда Қазақстан тарапынан түскен өтінім құпталып, «Тамга» сөзі – «Таңба» деп жазылып, өзгертілсін делінген.

Сондықтан біраз жыл бойы бұрмаланып келген атаудың тура мағынасын тапқанын қуанышпен жария етіп, оны аудан оқырмандарымен бөліскенді жөн санаймыз. Елдігіміздің еңсесін көтерер əрбір сөзіміз тура мағынасында айтылғаны да баршамыздың жемісті еңбегіміздің нəтижесі деп біліңіздер.

Мадияр ƏМІРҒАЛИЕВ, Таңбалы қорық музейінің директоры.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments