«AMANAT» партиясының қолдауымен Жамбыл ауданына қарасты Саурық батыр ауылында балалар ойын алаңы мен воркаут аймағы ел игілігіне берілді.
Бұған дейін ауылда балалардың бос уақытын қауіпсіз әрі тиімді өткізуіне арналған арнайы ойын алаңы болмаған. Енді ауыл бүлдіршіндері заманауи әрі қауіпсіз алаңда асыр салып ойнап, спортпен шұғылдануға мүмкіндік алды.
Жаңа нысан «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, Жамбыл ауданының тумасы Рүстем Тұрсынбайұлы Өтембаевтың 17 миллион теңге көлеміндегі жеке қаражаты есебінен салынды. Туған жердің түлегі ретінде ауылдың әлеуметтік дамуына үлес қосып жүрген азаматтың бұл бастамасы – елге деген жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Рүстем Тұрсынбайұлы бүгінде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосып келеді. Халық қалаулысы ретінде тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, ел игілігі жолындағы бастамаларды қолдап жүр.
Жаңа алаң – тек балалардың ойын орны ғана емес, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан. Мұнда балалар дене шынықтырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік алады.
«Туған жерге туыңды тік» демекші, ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосу – кейінгі буынға үлгі болар өнегелі іс. Осындай игі бастамалар ауыл келешегінің кемел болуына негіз болары сөзсіз.
«Атамекен-ақпарат»

