2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі және аграрлық комиссияның төрағасы Тынышбай Досымбеков Жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған құжат – Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіне сай дайындалған стратегиялық маңызы бар Негізгі заң.
«15 наурыз күні бүкіл Қазақстан халқы референдумға қатысып, Конституцияға енгізілетін өзгерістерге дауыс береді. Біз оны «Жаңа Конституция» деп атаймыз. Ұсынылып отырғантүзетулер Конституция мәтінінің басым бөлігінқамтиды. Бұл – мазмұндық тұрғыдан түбегейлі жаңғыру», – деді Тынышбай Досымбеков.
Ол 1995 жылғы Конституция тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде елдің іргесін бекітуге қызмет еткенін атап өтті.
«1995 жылғы Конституция – Қазақстан егемендігін енді алған кезеңде қабылданған тарихи құжат. Содан бері мемлекетіміз нығайды, шекарамыз бекітілді, халықаралық деңгейде мойындалдық. Бүгінде біз егемендігіміздің 35 жылдығына қадам басып келеміз. Осы уақыт ішінде қоғам да, мемлекет те сапалық тұрғыдан өзгерді. Сондықтан жаңа кезеңге сай Негізгі заң қажет», – деді академик.
Оның сөзінше, Жаңа Конституция ел дамуының темірқазығына айналуы тиіс.
«Бұл құжат Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтын бағдарлама іспетті. Соңғы сегіз айда ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Жұмыс тобы құрылып, 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия жасақталды. Құрамында ғалымдар, заңгерлер, түрлі саланың беделді өкілдері бар. Яғни құжат тар шеңберде емес, кең сарапшылық және қоғамдық талқылау арқылы әзірленді», – деді Тынышбай Досымбеков.
Ол Конституция жобасының басты өзегіне де тоқталды.
«Негізгі басымдық – Әділетті Қазақстан идеясы, заң мен тәртіп қағидаты. Ең бастысы – адам капиталы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары. Сонымен қатар білім мен ғылымды дамыту, мәдениетті қолдау, инновацияларды енгізу, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері кеңінен қамтылған, – деді ол.
Қоғам қайраткері референдумға белсенді қатысу – әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Елдің ынтымағы мен ауызбірлігі болса, барлық этнос пен конфессия өкілдері бір мақсат жолында жұмылса, бұл тарихи науқан жоғары деңгейде өтеді. 15 наурыз күні барша қазақстандықтарды референдумға қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын», – деді Тынышбай Досымбеков.


