Міне, еліміз қара жамылып, төрт күн бойы арпалысып жатса да, тілсіз жау тізгін бермей тұр. Өрттің кейбір ошақтарын ауыздықтай алсақ та, біраз тұста қауіптілік деңгейі басылған жоқ.
Бородулиха ауданының ауылдарын шарпыған өрттің салдарынан Семей қаласына қарасты Каштак, Талица, Бұлақ, Озерка ауылдарының тұрғындарына да қауіп төніп, олар облыс орталығына көшірілді. Семейдегі электртехникалық колледж бен құрылыс колледжінің жатақханаларына аталған ауылдардан 148 адам орналастырылды. Олардың 56-сы – бала.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Бородулиха ауданындағы Успенское ауылында орналасқан жедел штабта жағдайды жіті назарда ұстап отырғанымен, ауыл іргесінде жанып жатқан ағаштардың қою түтіні әлі де басылар емес. Негізінен, тілсіз жаудың тізгін тартпай тұруына ауа температурасының көтерілуі және желдің күшеюі де мейлінше әсер етіп тұр.
Әуел баста 60 мың гектар жерді жайпаған өрттің қазіргі аумағы 43 мың гектарға азайды десек те, қызыл жалынның Семей қаласы бағытында жылжығаны сақтық шараларын барынша күшейтуді қажетсінеді. Осы себептен қазір өртті оқшаулауға баса назар аударылып жатыр.
«Өртті оқшаулау үшін біз жеткілікті топ құрдық. Жеке құрамда 1,5 мыңға жуық адам бар: өрт сөндірушілер, орман қорғау қызметкерлері, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінің қызметкерлері. Сондай-ақ 300-ге жуық техника мен 12 тікұшақ жұмылдырылды», деді министр С.Шәріпханов. Сонымен қатар министр Қарағанды облысынан келген өрт сөндіру машинасының Каштак ауылында жанып кетуіне байланысты да түсінік берді. Айтуынша, қатты түтіннің салдарынан көлік жүргізушісіне алдыңғы жақты көру мүмкін болмай қалып, ағашқа соғылған. Артқа шегінбекші болғанда көлік от алмай қалған. Сол себепті жеке құрам өрт сөндіру техникасын тастап кетуге мәжбүр болған.
Ауа райына болжам жасаған «Қазгидрометтің» мәліметінше, бүгін Абай облысы бойынша жауын-шашын түспейді. «Солтүстік-батыс, солтүстік бағытындағы 9-14 м/с-пен соққан жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді деп күтілуде. Ауа температурасы түнде – 12-17 0С, күндіз 27-32 0С-қа шейін көтеріледі», деп хабарлайды «Қазгидромет» болжаушылары.
Жедел штабтағы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Александр Чистяковтың айтуынша, орман өртін күндіз ауыздықтау үшін өрт сөндіру машиналарының кіруіне қиындық бар. Сол себептен де әуеден тікұшақпен су төгу жұмыстарын тоқтатпау қажет. Тек кешкісін өрт қызуы баяулағанда барып, машиналар мен жеке құрам жұмылдырылады. «Елді мекендерді түтін басу жайы бар. Бірақ өрттен қауіп төніп тұрған жоқ» деді А.Чистяков.
Қазір Каштак орман шаруашылығының 75. 77 137.139 кварталында өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.