Арал теңізін құрғап кетуден сақтау, суды тиімді пайдалану, заманауи технологиялар мен жасыл энергетиканы дамыту. Осы және өзге де маңызды тақырыптар Түркі әлемі Ұлттық ғылыми академиялары одағының жиынында талқыланды. Алматыда өткен басқосуға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Татарстаннан өкілдер қатысты. Түрлі саладағы сын-қатерлердің алдын алу бойынша бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Қатысушылар түркі халықтарының ортақ тарихын, тілін, әдебиеті мен мәдениетін зерттеуді тереңдету жайлы да пікір алмасты.
Шаин Мұстафаев, Халықаралық түркі академиясының президенті:
Біз бұл мәселелерді жай ғана талқылап қоймаймыз. Нақты жоба әзірлеп, түркі елдерінің басшыларына ұсынамыз. Ең басты мәселелердің бірі — Арал теңізін қайта жандандыру. Қазір Каспий теңізінің де деңгейі төмендегені байқалады. Бүгінде ғылыми академия ғалымдары осы бағыттар бойынша ұсыныстар дайындап жатыр.