Site icon ATAMEKEN

Тұрғын үйді басқару: жауапкершілік пен ашықтық қажет

Көппәтерлі үйдің жай-күйі тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, тұрғындардың белсенділігі мен ортақ мүлікке деген жауапкершілігіне де байланысты. Бүгінде тұрғын үй қорын тиімді басқару, инженерлік желілерді жаңарту, күрделі жөндеу мәселелері мен ОСИ жұмысының ашықтығы – қоғам үшін маңызды тақырыптардың бірі.

Осы мәселелер Астанада өткен тұрғын үй қорын басқару мәселелеріне арналған республикалық диалог алаңында кеңінен талқыланды. Жиынға еліміздің әр өңірінен шамамен екі мың ОСИ және ПИК төрағалары, басқарушы ұйымдардың өкілдері, сала сарапшылары мен белсенді тұрғындар қатысты.

Инженерлік желілерді жаңарту – басты міндеттердің бірі

Елімізде 61 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй және шамамен 2,5 миллион пәтер бар. Олардың едәуір бөлігіндегі инженерлік желілерді жаңарту қажет. Осыған байланысты тұрғын үй қорын жаңғырту, күрделі жөндеуді ұзақ мерзімді қаржыландыру және коммуналдық инфрақұрылымның тозуын азайту мәселелері көтерілді.

Ұсынылған бағдарламада 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңарту және салу көзделген. Негізгі мақсат – желілердің тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету.

Бұл жұмыстардың нәтижесі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Жылу, су, электр және басқа да инженерлік жүйелердің тұрақты жұмыс істеуі – жайлы әрі қауіпсіз тұрғын ортаның маңызды шарты.

Кім не үшін жауап береді?

Көппәтерлі үйлерді басқаруда жиі кездесетін мәселелердің бірі – жауапкершілік шекарасының нақты белгіленбеуі. Үйдің ішкі инженерлік желісіне кім жауап береді? Ал магистральдық желілерге ше? Құрылыс кезіндегі ақаулар үшін кім жауапты?

Диалог алаңында осы мәселелерге байланысты нақты ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, магистральдық және үйішілік желілер үшін жауапкершілікті нақты бөлу, құрылыс салушылардың жасырын ақауларға жауапкершілігін күшейту және тұрғындардың кондоминиум аумағынан тыс инфрақұрылымға негізсіз шығындануына жол бермеу мәселелері көтерілді.

Мұндай тетіктердің нақты белгіленуі тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы даулы мәселелерді азайтып, қаражаттың мақсатты жұмсалуына мүмкіндік береді.

Цифрландыру – ашық басқарудың құралы

Тұрғын үй қорын басқаруды цифрландыру да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Біртұтас цифрлық платформа арқылы тұрғындардың дауыс беруі, үйлердің техникалық жағдайын бақылау, инженерлік желілердің тозуын есепке алу және қажетті жұмыстар туралы ақпаратты жүйелеу мүмкіндігі қарастырылуда.

Цифрлық құралдардың қолжетімді болуы тұрғындардың үйді басқару процесіне белсенді араласуына жол ашады. Ең бастысы – тұрғындар қандай жұмыс жоспарланғанын, оған қанша қаражат қажет екенін және оның қалай жұмсалатынын түсінікті түрде көре алуы.

ОСИ төрағасы – үлкен жауапкершілік

Үйді басқару – тек жиналыс өткізіп, төлем жинаумен шектелмейді. ОСИ төрағасы тұрғындардың мүддесін қорғап, мердігерлермен және коммуналдық ұйымдармен жұмыс істеп, үйдің техникалық жағдайын бақылауы керек.

Сондықтан сала мамандарын кәсіби даярлау және сертификаттау қажеттігі де көтерілді. ОСИ төрағалары мен тұрғын үй қорын басқарушылардың біліктілігін арттыру тұрғын үйді басқару сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Форум барысында тәжірибесімен бөліскен ОСИ төрағалары нақты мысалдар келтірді. Мәселен, елордалық «Тұрсын Астана-2» ОСИ үйді жаңғыртуға 236 млн теңге, ал ауланы абаттандыруға «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы 60 млн теңге тарту тәжірибесін таныстырды.

Үйдің жағдайы – тұрғындардың ортақ ісі

Көппәтерлі үйдің тазалығы мен техникалық жағдайы тек ОСИ төрағасының немесе басқарушы компанияның міндеті емес. Ортақ мүлікке ұқыпты қарау, жиналыстарға қатысу, маңызды шешімдерге дауыс беру және үйдің қаражатының жұмсалуын бақылау – әр тұрғынның азаматтық жауапкершілігі.

Тұрғындар белсенді болған сайын үйді басқару да тиімді бола түседі. Сондықтан ашықтық, өзара сенім және нақты жауапкершілік – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамытудың негізгі қағидалары.

Республикалық диалог алаңында айтылған ұсыныстарды жүйелі түрде қарастыру үшін тұрақты сараптамалық алаң құру ұсынылды. Оның құрамына сала мамандары, өңірлердің өкілдері мен сарапшыларды енгізу көзделіп отыр. Кездесу барысында айтылған ұсыныстар «Біздің қала» жобасының тізіміне енгізілді.

Exit mobile version