Site icon Атамекен

Тәуелсіздік  құрдасы

Үлгілі ауылдық округінің əкімі, жас маман Батырбаев Тұрар Болатқанұлы 1991 жылы қыркүйектің 21-де ел тəуелсіздігін алатын сəттің елең-алаңында туған екен. Дана халқымыз «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмас» деген сөзді тегін айтпаған. Тұрар Болатқанұлының салмақты, салиқалы азамат екенін сөз саптасынан аңғардық. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалды мықтап ұстанған оның болашағынан үміт күтуге болатынын да сезіндік. Сөйтіп, бір ауылдың тізгінін жаңадан қолына алған тəуелсіздіктің құрдасын əңгімеге тарттық.

– Тұрар, сен тəуелсіздіктің құрдасы ретінде жалпы осы тəуелсіздік деген ұғымды қалай түсінесің? – Иə, аты айтып тұрғандай, тəуелсіздік деген ұғымның мағынасы өте тереңде жатыр емес пе. Өз алдына дербес, жеке мемлекет болуды қай ел аңсамайды дейсіз. Осы бір тəтті сөздің дəмін сезініп өскен біздің ұрпақ өзінің Ата Заңы, көк туы, Елтаңбасы бар елде көркейіп өсіп келеді. Ал енді сондай дəрежеге жету үшін қаншама қажыр-қайрат жұмсалғаны өз алдына, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманының жүзеге асқаны қандай ғанибет. – Алдағы желтоқсанда 30 жылдық мерейін ата өтетін тəуелсіз мемлекеттің қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай ма, жас маман ретінде еліміздің дамушы елдердің қатарынан көрінуге деген талпынысына көңілің тола ма? – Тұңғыш ПрезидентімізЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды əлемге танытты десек, артық айтқандық емес. Тіпті басқа мемлекеттердің өзі Қазақстанмен санасатын жағдайға жеткенін мақтанышпен айтар едім. – Ал қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жастарға артқан сенімі тіпті жоғары ғой, өскелең мемлекеттің жастары осы сенімнен шыға ала ма? – Жастарға барынша қолдау көрсетіліп жатыр деп білемін. Мəселен, Парламент Мəжілісі депутаттарының 25,30 процентін жастар құрап отыр. Сол мүмкіндікті пайдалана білсе, жастар өз елінің алдындағы борышын ойдағыдай өтер еді. Негізі еңбекқор, болашағынан үміт күтуге болатын жастардың қатары əлі де толыға түседі деген нық сенімдемін. – Халқымызда «отызында орда бұзады» деген жақсы сөз бар. Мəселен, өзің жас болсаң да біраз биіктерден көріндің. Ендеше, қазіргі алтын уақытының көбін бекер өткізіп, даңғазаға ілесіп жүрген жастарға қандай ақыл-кеңес берер едің? – Екі қолға бір күрек табылады. Меніңше, ауылда жұмыс жоқ деген тек сылтау. Мысалы, қазір бағдарламалар көп. Ерінбеген адамға қаржыландыру жағынан болсын, жеке кəсіп ашуға да мүмкіндіктер мол, қолдау деген сол емес пе. Ең алдымен бағдарламаңызды жасаңыз да жұмысыңызды жалғастыра беріңіз. – Жалпы барлығына көңіл толады деген сөздің артында күмəн бар. Сені де мазалайтын, əттең мынау былай болғанда ғой дейтін сəттер бар шығар? Əділетсіздікпен бетпе-бет келген кезің болды ма? – Əділетсіздік көрген емеспін. Менің өмірімде ондай олқылықтар болған емес. – Токиода өткен Олимпиадада қазақ спортшылары осалдық танытты деп ойлайсың ба? Біздің Жамбыл ауданында чемпион болуға лайық жастар бар ма? – Иə, əлеуметтік желілерден де оқып, біліп жатырмыз. Енді бұл туралы əркім əртүрлі пікірлер айтуда. Бапкерлер жоқ, ауысып кеткен немесе біздің споршыларымызға əділетсіздік көрсетілді деген де пікірлер кездеседі. Ал, қарап отырсақ, қазір ауыл-ауылда спортқа құмар жастар аз емес. Бірақ оларды дайындайтын бапкерлер жоқтың қасы. Менің өз ойым, ауыл-ауылды аралап, сондай жастарды спортқа тарту керек, аса дарындыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе тіпті құба-құп болар еді. – Тəуелсіз елдің ертеңгі болашағын қалай елестетесің? – Тəуелсіздікті ұстап тұру үшін мықты мемлекет құруымыз керек деп ойлаймын. Аллаға шүкір, қазір де жаман емеспіз. Болашақта басқалар сүйсінетіндей ауызбірлікпен өмір сүрсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін елге қызмет етуден ерінбеу керек. Жастарға айтарым – жұмыс істеуден қашпау керек. Бастаған істі аяғына дейін жеткізе білген адам, жұмыс таңдамайтын адам ғана табысқа жетеді. Əңгімеңізге рахмет.

 Роза СЕЙІЛХАН

 

 

 

Exit mobile version