Site icon ATAMEKEN

ТƏУЕЛСІЗДІКТІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Қазақ елі жылдар бойы еркіндік пен елдік үшін күресті. Ұлы дала төсінде найзаның ұшымен, білектің күшімен мемлекеттігін қалыптастырған, хандар мен билердің шешімімен тағдыр таразысын тең ұстаған жұрт. Елдің іргесі сөгіліп, жұрттың берекесі кеткен тарғыл тағдырлы жылдарда да ұлттың санасынан егемендік ұғымы өшкен емес. Күллі ғұмырын «ұлтымның қамы үшін» деп өткізген бабалардың бозала таңда боз биенің сүтін сапырып, босағасына іргетас еткен ұлы арманы – еркіндік еді. Ата заң – бұл жай ғана баптар мен тармақтар тізбегі емес, бұл – ұлттың сан ғасырлық тілегі мен еңселі елді аңсаған жүрегінен хабар беріп, тағдырына мөр басқан қасиетті құжат. Оның əр жолында елдің үні, халықтың тілі, ата-бабаның аманаты бар. Кешегінің күңгірт көлеңкесін, қара түнегін қақ жарып шыққан, азаттық таңымен нұрланған жаңа дəуірдің алтын кілті. Əлмисақтан бері əділдікті ту еткен қазақтың табиғатына, билер сөзіне, қара қылды қақ жарған шешендеріне тұғыр болған дала заңдарының заңды жалғасы. Тəуке ханның «Жеті жарғысы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» – бəрі де осы бір қасиетті құжаттың тамырына қан жүгірткен, қайнары болған тарихи негіз. Сондықтан да, бұл заң – заманның заңы ғана емес, бабалардың аманатын арқалаған, ата-баба өсиетін ұрпаққа мирас етіп жеткізген ғаламат жəдігер. Бұл – қай кезде де қараша халыққа қорған болған, ел ішінде əділет пен ынсаптың дəнін сепкен рухани заңғар. Ол ел ішінің ынтымағын, бірлігін бекемдейтін киелі құндылық, елдің ертеңіне көз тіккен кемел құжат.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанның Ата Заңы бүгінгі күнге үшінші рет өзгеріп отыр. 1993 жылғы Конституция: Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңестің IX сессиясында қабылданды. Бұл құжат елдің егемендігін бекітіп, парламенттік басқару үлгісіне басымдық берді.  ​1995 жылғы Конституция: 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылдған болатын. Ол 1995 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енген еді.

2026 жылғы 15 наурызда өткен референдум нәтижесінде (2026 жылғы 1 шілдеден бастап ресми күшіне енді) Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, Ата Заңымыздың 84%-ға жуық мәтіні қайта жаңартылды.

Жаңа Ата Заңдағы ең басты жаңашылдықтар мен саяси-құқықтық өзгерістер:

1. Мемлекеттік билік архитектурасының өзгеруі

 * Бір палаталы Парламент (Құрылтай): Сенат пен Мәжілістен тұратын екі палаталы жүйе жойылып, орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай енгізілді.

 * Вице-президент институты: Мемлекет басшысына Парламентпен және Үкіметпен өзара іс-қимыл жасауға көмектесетін Вице-президент лауазымы қайта қалпына келтірілді.

 * Халық Кеңесі: Қазақстан халқының мүддесін білдіретін, заң шығару бастамасына және референдум өткізуді ұсынуға құқылы жоғары консультативтік орган құрылды.

2. Адам құқықтары мен заманауи нормалар

 * Цифрлық құқық: Ата Заң деңгейінде алғаш рет цифрлық ортадағы дербес деректерді қорғау мен киберқауіпсіздікке кепілдік берілді.

 * «Миранда қағидасы»: Ұсталған азаматтарға бірден өз құқықтарын түсіндіру және адвокат алу құқығы конституциялық дәрежеде бекітілді.

 * Дәстүрлі құндылықтар: Неке ұғымы «ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы» ретінде нақтыланды.

 * Экология мен волонтерлік: Азаматтардың табиғатты қорғау міндеті күшейтіліп, еріктілер (волонтерлік) қозғалысын қолдау нормалары енгізілді.

3. Тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілдіктері

 * Аумақтық тұтастық: Мемлекеттің біртұтастығы, шекараның бөлінбестігі мен қолсұғылмаушылығы туралы баптар өзгеріссіз қалды.

 * Қаржылық шектеулер: Саяси партиялар мен саяси қызметпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) шетелден қаржыландыруға толық тыйым салынды.

 * Тіл мәртебесі: Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мемлекеттік ұйымдарда ресми түрде қатар қолданылу мәртебесін сақтады.

Адам – жаратылыстың ең асылы, ал оның құқықтары – сол асылдықтың айғағы. Бұл дүниеде адамның өмір сүруі ғана емес, оның еркін ойлауы, жүрек қалауымен тіршілік кешуі, өз қабілеті мен дарынын жүзеге асыруы – қасиетті құқық болып есептеледі. Қазақ халқы ерте заманнан-ақ «Құқық қорғалмаса – қиянат сөйлейді» деп, əділдікті ардың ісі санаған. Бүгінде бұл қағида Ата Заңымыздың өзегіне айналып, ел өмірінің заңдық темірқазығына айналды. Сол себептен болар, бұл заң адамның өмір сүруіне, еркіндігіне, ар-ожданы мен сөз бостандығына берілген заңдық кепіл. Бұл құжат – жай ғана баптар тізбегі емес, ол – мемлекет пен азаматтың арасындағы рухани келісім, заң мен ар арасындағы жарасымды үндестік. Ата Заң адамның ар-ождан бостандығына кепілдік береді. Бұл дегеніміз – əркімнің өз сенімі мен көзқарасын еркін ұстануына, дінін, дүниетанымын ашық білдіруіне мүмкіндік беру. Бұл – жүрекке шындық, санаға тыныштық сыйлайтын мəртебелі құқық. «Ой еркін болмаса – өмір тұман» деген тəмсілге сай, еркін ой мен еркін сөздің кеңістігі – нағыз демократияның белгісі. Бұдан бөлек, сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндігі де Конституцияда ерекше орын алады. Бұл еркіндіктер – адамның өзін-өзі тануына, қоғамдағы орны мен мүмкіндігін айқындауына мүмкіндік береді.  «Құс қанатымен ұшар, адам ойымен жетер» демекші, ой еркіндігі қанат қаққанда ғана қоғам биіктейді, адам кемелденеді. Сонымен қатар, Ата Заң адамның өмір сүру құқығын, жеке басының бостандығын, жеке өміріне қол сұқпау құқығын заң жүзінде қорғап отыр. Бұл – тек заңдық ұстаным емес, бұл – адам баласының жаратылысына деген сыйластықтың көрінісі. «Жаным арымның садағасы» деп өскен ұлттың заңында адамның ар-намысы мен қадірі бірінші орынға шығуы – тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы. Конституция – тек құқықтар мен міндеттерді баяндайтын құжат қана емес, ол – қоғам мен мемлекет арасындағы сенім мен сыйластықтың тұғырнамасы. Онда бекітілген құқықтар – адамзаттың ғасырлар бойы армандаған асыл мұраттарының заңдық тұғыры. Ал сол құқықтардың қорғалуы – елдің өркениеттілік деңгейін айқындайтын басты өлшем. «Заң бар жерде зұлым жоқ» дегендей, Конституция бар жерде əділет бар, бейбіт өмір бар, адам бақыты бар. Қазақстан Республикасының Конституциясы тəуелсіз еліміздің құқықтық негізі əрі мемлекеттік тұтастығын сақтау мен нығайтудағы басты құжат болып табылады. Бұл заң еліміздің даму бағытын айқындап, халқымыздың тарихи мұрасына, мəдениеті мен дəстүрлеріне негізделген құқықтық жүйенің қалыптасуына үлкен ықпал етті. Құқықтық мемлекеттің іргетасын қалаған Конституция халықтың құқығын қорғауды, əділеттілікті қамтамасыз етуді жəне қоғамдық келісімді нығайтуды көздейді. Тəуелсіздік жылдарында Ата заңымыз мемлекетіміздің ішкі саяси тұрақтылығын сақтап қана қоймай, сыртқы əлеммен тиімді байланыс орнатуға да жол ашты.

Конституцияның маңызды ерекшелігі – оның халықтың үміті мен армандарын, мақсат-мұраттарын заң жүзінде бейнелеуі. Бұл құжаттың қабылдануы еліміздің еркіндігі мен тəуелсіздігін паш етіп, халықтың өз тағдырын өз қолында ұстауға мүмкіндік береді. Əрбір өзгеріс пен реформа Ата заңымыздың аясында жүзеге асырылып, елдің дамуына нақты негіз қалайды. Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясы тек құқықтық құжат қана емес, ол мемлекеттің əлеуметтік-саяси жəне экономикалық дамуының бағдаршамы, халықтың еркіндігінің кепілі. Оның қағидаттары арқылы еліміз алдағы уақытта да өркениетті мемлекет ретінде биік белестерді бағындырып, өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға жəне дамуға ұмтылатындығы сөзсіз. Уақыт көшінде ұлт тағдырына айналған Ата заң – ел мүддесінің мəңгілік шырағы. Ол – өткеннің өнегесін, бүгіннің бағыт-бағдарын, болашақтың биігін айқындайтын темірқазық. Конституцияны қадірлеу – тек заңды мойындау емес, елге деген сүйіспеншілікті, азаматтық жауапкершілікті жүрекпен сезіну. Себебі бұл құжат – əр жүректің арманын, əр буынның тілегін, əр ұрпақтың үмітін біріктірген рухани тұғыр.

​

Майра Райымбердиева

Exit mobile version