ATAMEKEN

ФОТОСУРЕТ — АЛТЫН КӨПІР

27 сәуір күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің өнер факультетінде қазақ фотожурналистикасының ардагері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Нұрманбет Қизатұлының 85 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті. «Жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ фотоөнерінің бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы дөңгелек үстел мен фотокөрме Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы және әлемдік фотография өнерінің 200 жылдығы аясында ұйымдастырылып, еліміздегі зиялы қауым мен өнер өкілдерінің басын қосты.

Бұл игі шараның өтуіне Жамбыл ауданы әкімдігі де өз ықпалын жасап, туған жерден шыққан тұлғаны құрметтеуге ерекше мән берді. Аталған жиынға Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақытжан Жайламысов қатысып, мерейтой иесіне аудан әкімі Нұрлан Ертасұлының құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, аудан жұртшылығының ыстық ықыласын жеткізді.

Нұрманбет Қизатұлы 1941 жылдың 25 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Қызыләскер ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын аудандық газеттен бастаған ол кейінгі саналы ғұмырын облыстық Жетісу газеті редакциясында жалғастырып, фотожурналистика саласының дамуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті баспасөз орталықтарында еңбек етіп, тәжірибесін жас буынмен бөлісті.

Жарты ғасырға жуық шығармашылық жолында ол туған өлкенің табиғаты мен болмысын, ел тарихы мен адам тағдырын фототуындылар арқылы шебер жеткізе білді. Әр саланы қамтыған түрлі оқиғалардан сыр шертетін оның суреттері өнер факультетінің дәлізіне жайғастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Ресми шара басталмас бұрын көпшілік суреттер көрмесін тамашалады.

2021 жылы жарық көрген «Жан шуақ» фотоальбомы – соның шығармашылығынан сыр шертетін құнды мұра деп бағаланды. Аталған жинақта Жамбыл ауданының мәдени-тарихи өмірінен ақпарат беретін көптеген құнды фотосуреттер топтастырылған. Шебер фототілшінің әрбір еңбегі уақыт бедерін айқын көрсететін шежіре іспетті.

Фотожурналистика саласындағы қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін Нұрманбет Қизатұлы бірқатар марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, ол Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, 2015 жылы патриоттық бағыттағы фотосуреттері үшін Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгімен марапатталды. Ал 2016 жылы Фотоөнер қоғамдық бірлестігі тарапынан «Фотоөнер қайраткері» медалі табысталды.

Іс-шара барысында өткен дөңгелек үстелде қазіргі кезеңдегі фотоөнердің даму үрдістері, жасанды интеллекттің ықпалы мен оның болашағы кеңінен талқыланды. Қатысушылар ұлттық фотоөнердің жаңа технологиялармен сабақтаса дамуы заман талабы екенін атап өтті.

Нұрманбет Қизатұлының шығармашылығы – өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір десек қателеспейміз. Оның фототуындылары тек көркем дүние ғана емес, ел тарихы мен рухани болмысын айшықтайтын құнды мұра ретінде бағаланады.
Оған дәлел осы шарада бас қосқан журналистер мен оның әріптестерінің шынайы пікірі болса керек. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлттық өнердің өрісі кеңейіп, кейінгі буынға бағыт-бағдар беретіні сөзсіз.

Б. Айталы

Exit mobile version