ATAMEKEN

Халықаралық музейлер күніне орай дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясы

Халықаралық музейлер күніне орай дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Музей түні» – әлем музейлерінде жыл сайын өткізілетін ірі мәдени жоба. Аталған халықаралық бастама аясында музейлер келушілер үшін түнгі уақытта есігін айқара ашып, тарихи-мәдени мұраларды кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

Шара барысында Жамбыл Жабаев музейінің ауласында жыр алыбының балалық шағынан бастап ғасырға жуық ғұмырындағы өмір жолын кезең-кезеңімен бейнелейтін театрландырылған қойылым көпшілік назарына ұсынылды. Қонақтар музей ішін аралап, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи жәдігерлермен, мұрағаттық материалдармен танысты.

Мәдени кешке Солтүстік Қазақстан облысынан «Абылай хан резиденциясы» музей кешені, Қырғыз Республикасынан Токтагул Сатылганов атындағы әдебиет музейі, Жамбыл облысынан Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі, Астана қаласынан «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» Сәкен Сейфуллин музейі, Жетісу облысынан Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі, Алматы қаласынан «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы мен Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінен келген қонақтар, сондай-ақ ауданымыздағы Үмбетәлі Кәрібаев және Сүйінбай Аронұлы музейлері қатысып, рухани шараның мазмұнын байыта түсті.

Тағылымды кеш соңы өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Exit mobile version