Халық Кеңесі – халық үні мен мемлекеттік шешім арасындағы алтын көпір
Ержан Жиенбаевтың Халық Кеңесіне қатысты ұсыныстары елдегі саяси жаңғырудың мазмұнын тереңдете түседі. Бұл бастама азаматтардың пікірін мемлекеттік басқару жүйесіне тікелей енгізуге бағытталған маңызды институционалдық қадам ретінде бағалануға тиіс.
Халық Кеңесінің мәртебесін Конституцияда жеке бөліммен бекіту ұсынысы – оның рөлін нақтылап, маңызын арттыратын орынды шешім. Кеңестің Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде айқындалуы мемлекеттің халықпен диалогты жаңа деңгейге көтеруге ұмтылысын көрсетеді.
Кеңес құрамының Мемлекет басшысы тарапынан еліміздің азаматтары арасынан қалыптастырылуы қоғамдық сенімді нығайтып, түрлі әлеуметтік топтардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді. Бұл – инклюзивті әрі теңгерімді саяси жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды тетік.
Ұсынылып отырған өкілеттіктер — ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, мемлекет қызметінің қағидаттары мен ұлттық құндылықтарды ілгерілету — Халық Кеңесінің стратегиялық мәнін айқындай түседі.
Президенттің Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығын беру туралы пікірі де ерекше маңызға ие. Бұл норма азаматтық бастамалардың нақты заңнамалық шешімдерге айналуына жол ашып, халық пен Парламент арасындағы байланысты күшейтеді.
Сонымен қатар Кеңестің құрылу тәртібі, өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыру мәселелерінің бөлек конституциялық заңмен айқындалуы оның жұмысының жүйелілігі мен құқықтық айқындығын қамтамасыз етеді.
Халық Кеңесінің жоғарғы органы ретінде жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессияның белгіленуі – оның нақты мәселелерге бағытталған, тиімді әрі мазмұнды алаңға айналуына мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда Кеңестің тұрақты орган емес, бірақ стратегиялық шешімдер қабылданатын маңызды диалог платформасы болатыны анық.
Осылайша, Халық Кеңесінің құрылуы қоғамдық келісімді нығайтып, халық үні мен мемлекеттік саясат арасындағы берік байланысты қалыптастыратын жаңа саяси институт ретінде ел дамуында маңызды рөл атқарады.
Тұрсынжан Асқарұлы, журналист

