Атамекен

«Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енуі

«Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енуі — тек тарихи құжаттың мойындалуы емес, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тереңде жатқанын халықаралық деңгейде дәлелдейтін маңызды қадам.Президенттің бұл сөзі мәдени саясаттың қосалқы бағыт емес, мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиялық басымдығына айналып келе жатқанын көрсетеді.

Маңғыстаудың жерасты мешіттерін Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мәселесінің көтерілуі де орынды. Бұл нысандар — сәулет ескерткіші ғана емес, дала өркениетінің дүниетанымы мен рухани тәжірибесін паш ететін бірегей мұра. Егер Пусандағы отырыста оң шешім қабылданса, бұл өңірдің ғана емес, тұтас елдің мәдени брендіне айналатыны сөзсіз.

Сонымен қатар, Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраны белсенді түрде тіркеп жатқан елдер қатарында болуы қуантады. Алайда Президенттің «мұнымен тоқтап қалуға болмайды» деуі — орынды ескерту. ЮНЕСКО тізіміне енгізу — мақсат емес, құрал. Ең бастысы, сол мұралардың ел ішінде сақталуы, зерттелуі және келер ұрпаққа табиғи қалпында жетуі.

Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жалғаса берсе, Қазақстан өзін тек экономикалық немесе саяси тұрғыда емес, терең тарихы мен бай мәдениеті бар ел ретінде де әлемге таныта алатыны анық.

Күмісжан Байжан, ҚР мәдениет қайраткері

Тұрсынжан Асқарұлы, журналист

Exit mobile version