Қазақ баспасөзі тағы бір аяулы тұлғасынан айырылды. Ұлт журналистикасының абыз анасына айналған, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ардагер журналист, ұзақ жылдар Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» – бүгінгі «Атамекен» газетінің бас редакторы болған Ханымбүбі Ақжолова 106 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Ханымбүбі Ақжолова – тұтас бір дәуірдің шежіресін кеудесіне сақтаған, ғасырдан да ұзақ ғұмыр кешіп, қазақ журналистикасының қалыптасу кезеңіне куә болған санаулы саңлақтардың бірі еді. Ол 1921 жылы Алматы облысында дүниеге келіп, соғыстың сұрапыл жылдарында білімге ұмтылған өр рухты қазақ қыздарының қатарынан табылды. 1944 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, қазақ журналистикасының алғашқы қарлығаш буынының арасында білім алды. Бір курста атақты жазушы Кемел Тоқаев, ғалым Мүсілім Базарбаев, қаламгер Мұқан Мамажановтармен бірге оқығаны туралы естеліктері кейін ел тарихының бір бөлігіне айналды.
1949 жылы оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдаған соң, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке шақырылғанымен, анасының жағдайына байланысты туған жеріне оралып, Жамбыл аудандық «Большевиктік жол» – кейінгі «Екпінді еңбек», бүгінгі «Атамекен» газетіне редактор болып тағайындалды. Осы қасиетті қарашаңырақта табан аудармай еңбек етіп, аудандық баспасөздің беделін биіктетті, талай жас журналистің қанатын қатайтты.
Ханымбүбі апай тек редактор емес, ұлт журналистикасының мектебін қалыптастырған ұлағатты ұстаз еді. Қарапайымдылығы мен талапшылдығы қатар жарасқан асыл жан редакциядағы әр жас маманға бағыт-бағдар беріп, журналистиканың адалдығы мен жауапкершілігін үйретті. Оның «Журналист пен қасқырдың асыраушысы – аяғы» деген қанатты сөзі кейін шәкірттерінің өмірлік ұстанымына айналды.
Ғасыр жасаған ғұмырында Ханымбүбі Ақжолова қазақ баспасөзінің небір қиын да күрделі кезеңдерін бастан өткерді. Соғыс жылдарының ауыртпалығы, кеңестік кезеңнің қыспағы, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары – бәрінің куәсі болды. Бірақ қандай кезеңде де қаламының адалдығынан айныған жоқ. Ол кісінің өмір жолы – журналистикаға адалдықтың, елге қызмет етудің, рухани беріктіктің айқын үлгісі.
2021 жылы Ханымбүбі Ақжолованың 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау жолдаған болатын. Бұл – ардагер журналистің ұлт руханиятына сіңірген өлшеусіз еңбегіне берілген зор құрмет еді.
Бүгін сол асыл жүрек тоқтады. Бірақ Ханымбүбі Ақжолованың жарқын бейнесі, өнегелі ғұмыры, ұлт баспасөзіне сіңірген еңбегі халық жадынан ешқашан өшпейді. Оның қалдырған ізі – қазақ журналистикасының тарихындағы өшпес із.
«Атамекен» газетінің ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын, ардақты Ханымбүбі апа…

