Сәрсенбі күні Ұзынағаш ауылында адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі – Чернобыль апаты-ның 40 жылдығына орай кездесу өтті. Аталған жиынға аудан әкімі Нұрлан Ертас қатысып, апат салдарын жоюға қатысқан ардагерлермен жүздесіп, олармен емен-жарқын әңгімелесті.
Іс-шара барысында жиналғандар алдымен Чернобыль қасіретінің құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Кездесу барысында сол бір қиын кезеңде қауіп пен қатерге қарамастан, адамзатқа төнген апаттың салдарын жоюға атсалысқан азаматтардың ерлігі ерекше атап өтілді.
Аудан әкімі өз сөзінде Чернобыль апатының адамзат үшін үлкен сабақ болғанын айтып, сол кезеңде жанқиярлық танытқан азаматтардың еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, Жамбыл ауданынан аттанған жерлестеріміздің ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Кездесу аясында ардагерлермен еркін пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың естеліктері тыңдалды. Ардагерлер сол бір ауыр жылдардағы бастан өткерген оқиғаларын еске алып, бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін ерекше сезінетіндерін жеткізді.
“Сол бір сын сағатта қауіп пен қатерге қарамастан, жүздеген мың адам апаттың салдарын жоюға жұмылдырылды. Олардың қатарында 30 мыңнан астам қазақстандық болды. Оның ішінде біздің Жамбыл жерінен аттанған азаматтар да бар. Бұл – сол кездегі жүйе жүктеген жауапты міндет болғаны баршамызға мәлім.
Бүгінде біз Сіздердің ерліктеріңізге тағзым ете отырып, зор алғысымызды білдіреміз. Сіздердің қайсарлықтарыңыз бен табандылықтарыңыз – кейінгі ұрпаққа үлгі.
Чернобыль апаты бізге үлкен сабақ қалдырды. Бұл – ғылым мен техниканың дамуы қаншалықты маңызды болса, оны жауапкершілікпен пайдалану да соншалықты маңызды екенін дәлелдеді. Табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдікті сақтау – баршамызға ортақ міндет екенін ұқтырды.
Бүгінде біз тәуелсіз елде, бейбіт әрі тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Бұл – ең үлкен бақыт, ең қымбат құндылық. Осындай мамыражай күнге жеткенімізге шүкіршілік ете отырып, халқымыз енді мұндай ауыр сынақтарды ешқашан көрмесін деп тілейміз”- деді аудан әкімі өз сөзінде.
Іс-шара соңында аудан әкімі Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстап, олардың ел алдындағы еңбегіне жоғары баға берді. Бұл – ерлікке көрсетілген ізгі құрмет.
Мұндай тағылымды кездесулер – жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етеді. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, ал оны ұлықтау – бүгінгі буынның міндеті.
Б.Айталы.
