Алматы облысында шетелде біліктілігін арттырған жоғары санатты дәрігерлерден құралған арнайы мобильді топ шалғай аудандарды аралап, тұрғындарға кешенді медициналық көмек көрсетті.
Негізгі мақсат – мамандандырылған медициналық көмекті шалғай елді мекен тұрғындарына қолжетімді ету, созылмалы және алғаш рет анықталған ауруларды ерте кезеңде диагностикалау, сондай-ақ жергілікті медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру.
Бұл туралы Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов мәлімдеді.
Мобильді топтың жұмысы – сапалы медициналық көмекті әрбір тұрғынға жақындатудың нақты жолы. Бұл бастама шалғай ауыл тұрғындары үшін маңызды және әлеуметтік маңызы зор, – деді Ержан Сүлейменов.
Мобильді топ Балқаш, Райымбек, Кеген және Ұйғыр аудандарында жұмыс жүргізіп, жалпы саны 1337 адамды тексеруден өткізді. Медициналық қызметтердің ауқымы кең болды: созылмалы аурулар бойынша бақылау, алғаш рет анықталған диагноздар бойынша кеңес беру, сондай-ақ күрделі оталарды орындау сияқты жоғары білікті көмектер көрсетілді.
29 күрделі ота сәтті жүзеге асырылып, көптеген тұрғынға дер кезінде медициналық жәрдем көрсетілді. Сонымен қатар, ауруларды ерте сатыда анықтау арқылы диспансерлік бақылауға алу жұмыстары жүргізілді. Бұл шалғай өңірлерде денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға айтарлықтай әсер етті, — деді Алматы аймақтық көпсалалы клиниканың онкохирург-дәрігері Рашид-ага Мамедов.
Мобильді топ құрамында хирург, травматолог, акушер-гинеколог, невропатолог және онкохирург сияқты білікті мамандар жұмыс істеді.
Айта кетейік, бұл бастама денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттырудың және медициналық көмектің сапасын көтерудің тиімді жолы ретінде бағаланып отыр. Мұндай форматтағы жұмыс алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасады.