Қай өңірге барсаң да, ауыл халқының тынымсыз тіршілігіне куә боласың. Уақыт сынынан сүрінбей өткен, тамыры терең тарихымен танысып қайтасың. Бүтін бір елді мекеннің өмір тынысы сол қарапайым ауыл адамдарының берекесі мен аңғал көңілінен бастау алатын секілді. Ауылдың келбеті адам жанының жайлылығын еске салады.
Бүгінгі біздің бет алысымыз аудан орталығының солтүстік аймағында, 137 шақырым қашықтықта жатқан шалғай мекен. Бұл – Жамбыл ауданына қарасты Айдарлы ауылдық округі.
Айдарлының тарихы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына барып тіреледі. Күрті су қоймасының құрылысы аяқталғаннан кейін, 1964 жылы «Айдарлы» қой шаруашылығы кеңшары болып құрылған. Ол жай ғана шаруашылық емес, ауылдың тұтас тағдырын айқындаған ерекше кезең еді.
Аядай ауыл кеңшарының алғашқы басшысы Дәуітұлы Нұров болатын. Сол жылдары ауыл тынысы бос жатқан даладан еңсесін көтерген жаңа қонысқа айнала бастады. Еңбекпен келген өмір біртіндеп орнығып, мал шаруашылығы қарқын алды. Қой саны сол уақыттарда 30–40 мыңға дейін жетіп, ауыл экономикасы нығая түсті. Сонымен қатар, ауыл жастарының білім алуына да ерте бастан көңіл бөлініп, мектеп құрылысы қолға алынды.
Мектеп 1968 жылы салынып, қолданысқа берілген болатын. Кейіннен мәдениет үйі, кітапхана, балабақша, жөндеу шеберханалары ашылып, руханиятқа қадам басқан көрікті ауылдардың біріне айналды. Сол кеңестік кезеңдерде Айдарлы ауылы аудан бойынша алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі ретінде танылды.
1991 жылы кеңестік жүйе күйреп, кеңшарлар таратылған соң, ауыл өмірінде жаңа кезең басталды. Шаруашылықтар жекешеленді, шаруа қожалықтары мен кооперативтер құрыла бастады. Бұл ауыл өміріндегі оңай кезең болған жоқ. Жұмыссыздық пен дағдарыс тұрғындарды біраз әуре-сарсаңға салды. Дегенмен, ауыл тұрғындары біртіндеп бұл жаңа жүйеге де бейімделіп үлгерді. Ауыл тіршілігі қайта жанданды.
Айдарлы ауылы сол сын сағаттарда тоқтап қалмай, жаңа еңбек түрлерін игере бастады. Міне, сол қалыптасқан тұрмыс-тіршілікті күні бүгінге дейін жалғап, экономикалық және әлеуметтік өсу деңгейін біршама тұрақтандырып отыр.
Аталмыш ауылдық округтегі түтін саны – 163 үй, ал жалпы тұрғын саны 824 адамды құрайды. Ұлттық құрамы әртүрлі бұл мекенде бір орыс, екі ұйғыр және өзге ұлт өкілдері жылдар бойы қазақ бауырларымызбен бірге тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Жалпы, ауыл бойынша 97 зейнеткер, 17 мүмкіндігі шектеулі жан, 46 студент, 32 көпбалалы отбасы, 5 «Алтын алқа» және 12 «Күміс алқа» иегері тіркелген. Кең жазиралы округтің жер көлемі – 94311,11 гектарды құрайды. Оның 1473,91 жері егістік болса, 90374,13 гектары жайылымға арналған. Ал тұрғылықты жер көлемі 1120,05 гектар.
Ауылдың кіреберісінде ертеректе бой көтерген ауылдық мәдениет үйі, әкімшілік кеңсесі мен мектеп ғимараты алыстан көз тартады. Әкімшілік артында «Асыл-ай» шағын балабақша орталығы мен жаңадан салынған стадион көзге түседі. Полициялық тірек пункті де ауыл тыныштығын күзетіп, татулыққа үндеп отырған шағын мекеме.
Сондай-ақ, ауылдан шыққан демеуші кәсіпкерлердің мұрындық болуымен бой көтерген 70 адамдық мешіт пен Құран қатымханасы бар екен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, сол кәсіпкерлер мешіт имамы мен қызметкерлерінің жалақысын толықтай қамтамасыз етуде. Коммуналдық қызмет төлемдерін де өз мойындарына алған.
Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған, Бозой, Сарытауқым, Айдарлы және Қаншеңгел ауылдарының тұрғындарына ортақ қызмет көрсететін амбулатория жұмыс жасауда. Ол жерде 6 қызметкер бар. Атап айтсақ, 1 дәрігер, 2 медбике, 1 санитар, 1 жүргізуші, 1 аула сыпырушы еңбек етеді.
Ауылға келген жас маман ретінде Ошақбаев Нұрсұлтан осы ауылда 8 айдан бері жұмыс жасап келеді. Негізгі қызметі – ЖТД (жалпы тәжірибелік) дәрігері. Мекеме керекті құрал-жабдықтармен және заманауи техникамен толық қамтылған. Ауыл тұрғындарының денсаулығына қажетті ем-шараларды жасап, мұқтаж жағдайда аудан орталығы Ұзынағаштан жедел жәрдем шақыртады.
Ауылдың өз ішінде жедел жәрдем көлігінің әлі қарастырылмағаны көңілімізді алаңдатқаны рас. Шұғыл жағдайда көмек көрсету қалай жасалатынын сұрастырғанымызда, көп нәрсеге қанық болдық.
«Аяғы ауыр әйелдер мен диспансерлік тіркеудегі ем алушылар алдын ала аудан орталығындағы емханаға жіберіледі. Тегін дәрі-дәрмек алу толық қарастырылған. Анализ сараптамалары тегін жасалады. Бірақ шұғыл жағдайда көмек көрсетуде көптеген тәуекелдерге баруға тура келеді. Жедел жәрдем келіп жеткенше күтіп отырмай, ауыл адамдарының көлігімен жолға шығуымызға тура келеді. Жол алыс, арнайы жабдықталған көлігіміз жоқ, дегенмен әзірге уақытты осылай үнемдейміз», – деді ол өз сөзінде.
Дәрігердің ешқандай бағдарламасыз, ауылға өз еркімен келгенін естіп, ішіміз жылып, ерекше риза болдық. Еңбегіне табыс тілеп, ауылдың басты мәселесі – жедел жәрдем көлігінің тезірек берілуіне және осылай өз ісіне адал жас мамандардың көптеп келуіне тілекші екенімізді білдірдік.
Бұл ауылдың ертеден-ақ негізгі тірегі – мал шаруашылығы. Қазіргі таңдағы есеп бойынша 4724 ірі қара, 74105 қой мен ешкі, 3578 жылқы, 121 құс тіркелген. Малды асылдандыру бағытында 3 шаруа қожалығы бар. Олар: 1290 бас малымен Амандық Дәулетбайдың «Амандық», 1096 бас малымен Арын Татибаевтың «Айым-Аяла» және 500 бас малымен Бақсейіт Закарияның «Тұрсын» асыл тұқымды мал өсіру шаруа қожалықтары.
Ауыл малдарының барлығына дерлік ветеринариялық тексеру жүргізіліп, екпе жұмыстары кестеге сай жасалған. Сондай-ақ 5 шаруа қожалығының қоражайларына қосымша дезинфекциялау жұмыстары жүргізілген. Ауылда 2 мал дәрігері мен 5 фельдшер осы жұмыстар бойынша тұрақты қызмет атқарады.
Мал азығы қысқы мезгілге алдын ала дайындалады. Биылғы қысқа 19022 тонна шөп, 3215 тонна сабан, 336 тонна силос, 4477 тонна жем дайындалған. Бұл округте жалпы саны 109 шаруа қожалығы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 4 өндірістік кооператив жұмыс істейді. Еңбек әлі де басты құндылық болып отырған ауыл тіршілігі осылайша жалғасын тауып келеді.
Егін шаруашылығы да ауыл экономикасын жандандырып отырған салалардың бірі. Негізінен ауылдың басты байлығы – дәм мен күтімі келіскен қауын-қарбыз өсіру. Аудан орталығы мен «Алтын орда» базарларындағы көкөніс пен жеміс-жидек сатушылар арнайы келіп, қауын-қарбыз өнімдерін сатып алып кететінін тілге тиек етті.
Жеміс дәмін суреттеген ауыл тұрғындарының сөздеріне куә болғанда: «Айдарлыға қонақ тамызда барар, қауын-қарбыз дәмі ауызда қалар» деген ой еріксіз еске түсті.
Құрылысы ауыл тарихымен ұштасқан ауыл мектебінде 151 оқушы білім алуда. 16 оқушы биыл ғана мектеп табалдырығын аттаса, 10 оқушы 2026 жылы білім ошағынан түлеп ұшты. Мектепте 20 ұстаз білім береді. Білім сапасы 2024–2025 оқу жылында 62%-ды құраған.
Дегенмен, ұстаздар құрамында бүгінде маман тапшылығы орын алып отыр. Әсіресе математика, химия, биология пәндері бойынша мұғалімдер жетіспейді. Кейбір педагогтардың ауылға сырттан келіп, пәтер жалдап тұруы – кадр мәселесінің өзектілігін айқындап тұр.
Бәрін айт та, бірін айт. Ауылдың түйткілді мәселелеріне де тоқтала кеткен жөн. Ауылдың өмір сүру салтын жақсартып, алға қадам басуына тұсау болып тұрған бірнеше мәселе әлі шешімін таппай келеді. Бірінің құжаттық рәсімделуі қалтаға салмақ түсірсе, екіншісінің жобасы ұсыныс деңгейінен аспай тұр.
Ең бірінші мәселе – осы маңайдағы ауылдық өңірлерге ортақ суармалы судың тапшылығы. Күрті су қоймасынан келетін судың құмды жерге сіңіп кетуі біршама қолайсыздық тудырады. Арақашықтығы 10 шақырымдай болатын қатар жатқан Бозой, Айдарлы және Сарытауқым ауылдарына ортақ кемшілік осы болар.
Ауылға бетон су каналын жүргізу ұсынысын ауыл халқы бірлесіп көтеруде. Себебі, қазіргі жағдай ауыл тұрғындарының бақша суаруы мен егін шаруашылығын жүргізуіне біршама қиындық келтіріп отыр.
Екінші мәселе – инфрақұрылымның біршама бөлігі ескірген. Кеңес дәуірінде бой көтерген ғимараттарды әлі де пайдаланып отырғанын байқадық. Айдарлы ауылы әкімшілігінің ғимараты да күрделі жөндеуді қажет етеді.
Сондай-ақ, жарықтандыру жүйесіндегі электр желілері ескірген. Ауыл халқы телекоммуникация желісі бойынша 60 абонент, оның ішінде 48-і көп жолақты интернетке қосылғандығы айтылды. Ауыл ішіндегі бас-аяғы 7 көшенің 3-еуі жарықтандырылған.
Дегенмен, көшедегі күннен қуат алатын шамдардың жиі істен шығуы біршама қиындық тудыруда. Электр желісінің бағаналары бұрынғы қарағай діңімен жасалған. Заманауи қолданыстағы цемент бағаналар әлі күнге ауылға орнатылмаған, сымдарының да тозығы жеткені көзге анық байқалды.
Ауыл халқы келер жылға басты ұсыныс ретінде осы мәселе шешімін тапса деген үміттерін жасырмады.
Ауыл халқымен тілдесіп, хал-ахуалымен үндесіп қайтқандағы көзіміздің жеткені осы болды. Айдарлы ауылының бірлігі мен берекесі татулықпен жалғасып жатыр. Күнделікті күйбең тіршіліктерінде көптеген мәселесі болса да, адал еңбектің жемісін көрген ауыл іші – мол өнімнің кеніші іспеттес.
Бұл ауылда еңбек те, қарапайым өмір де, шынайы келбет те берік сақталғандығын біз де байқадық.
Жұмахан БАЙҒАЗЫҚЫЗЫ

