18 тамыз – кең байтақ даламызға қорған болған, бейбіт өміріміздің берік қалқанына айналған шекарашылардың кəсіби мерекесі. Ерлік пен елдікке негізделген бұл күн – жүрегінде намыс оты жалындаған сарбаздар мен сардарларға құрмет көрсетіп, батылдық пен отансүйгіштікті ұлықтайтын айрықша дата. Дана халқымызда «Ерлік білекте емес, жүректе» деген қанатты сөз бар. Осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырып, Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып жүрген азаматтардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың қатарында Қырғыз Республикасымен шектесетін Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты «Қарғалы» шекара бөлімшесінің бастығы,аға лейтенант Тұраров Арман Ерболұлы да бар. Кəсіби мереке қарсаңында бөлімше бастығымен жүздесіп, шекара қызметінің ерекшелігі, əскери əдіске əуесқойлық жəне жас жауынгерлердің даярлығына қатысты сұрақтарымызға сыр ашса деп қолқа салған едік. Келісті. Ендеше өзара əңгімені ойлы оқырманның назарына ұсынамыз.
– Туған жердің тыныштығын күзетіп, оның көкжиегін көзден таса қылмау жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Өзіңіз басқарып отырған «Қарғалы» бөлімшесінің өзіндік ерекшелігі неде? Сондай-ақ осы мəртебелі мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?
– Мен 2001 жылғы 13 маусымда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келдім. Əжемнің тəрбиесін көріп өстім. Жамбыл Жабаев атындағы №161 лицейді тамамдағаннан кейін, бала кезден көкейімде жүрген асыл арманның жетегіне ердім. Əскери киім киіп, Отанға адал қызмет ету – менің жүрек қалауым еді. Осы мақсатпен 2018 жылы Шекара академиясына оқуға түсіп, оны 2022 жылы ойдағыдай аяқтадым. Еңбек жолымды Жетісу облысы, Алакөл ауданындағы Шекара басқармасында бастап, кейін Алматы облысы, Қарасай шекара басқармасына қарасты «Қаскелең» бөлімшесіне ауыстым. Аталған бөлімшеде үш жылға жуық уақыт бойы табанды еңбек етіп, тəжірибе жинақтадым. Осы жылдардағы қызметім мен жинаған тəжірибемнің нəтижесінде «Қарғалы» шекара бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалдым. Бұл – мен үшін үлкен сенім əрі зор жауапкершілік.
Аталмыш бөлімше баурайы бұлтқа тиген асқар таулардың етегінде орналасқан табиғаты өр де қатал, ерекше стратегиялық маңызы бар аймақ. Бөлімшеміздің барлық тыныс-тіршілігі тікелей мемлекеттік шекараны күзетумен тығыз байланысты. Біз көршілес Қырғыз Республикасымен арадағы шекара шебіне жауаптымыз. Басты міндетіміз – ел қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетіп, кез келген заң бұзушылықтың алдын алу. Сарбаздарымыз бен офицерлеріміз заманауи техникалық бақылау құралдарымен жəне қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олардың əрқайсысы өз жүктемесі мен жауапкершілігін терең сезінеді.
– Бөлімше командирі ретінде əрбір сарбаздың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, жауынгерлік шеберлігін шыңдауда қандай ұстанымдарды басшылыққа аласыз?
– Командир ретіндегі басты ұстаным – əр сарбаздың бойына Отанға деген адалдық пен жауапкершілікті сіңіру. Бізге еліміздің белгілі бір шақырым шекарасы аманат етілген. Сол аманатқа қиянат жасамай, ел шетіндегі қызметті абыроймен атқару – басты мақсатымыз. Сондай ақ сарбаздардың Отан алдындағы борышын аман есен, аброймен өтеп, отбасыларына аман оралуына жағдай жасауды басты парызым деп білемін.
– Шекарашы мамандығы темірдей тəртіп пен сарқылмас төзімді ғана емес, кез келген күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай білетін біліктілікті талап етеді. Сіздің ойыңызша, нағыз шекарашыға тəн басты қасиеттер қандай?
– Нағыз шекарашыға тəн ең ұлы қасиет – Отанға деген шексіз адалдық. Себебі шекара күзету – жай ғана қызмет емес, ел тыныштығы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қорғауға бағытталған үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар, еңбекқорлық, сабырлық, төзімділік пен кез келген жағдайда суыққандылық танытып, дұрыс шешім қабылдай білу де шекарашы үшін аса маңызды. Өз ісіне тиянақты қарап, əскери тəртіпті қатаң сақтайтын, жауапкершілікті терең сезінетін азамат қана нағыз шекарашы болып қалыптасады. Шекарашы үшін қырағылық пен сақтықтың да маңызы зор. Қызмет барысында əрбір жағдайға сергек қарап, ұсақ түйекке дейін мəн беру қажет. Өйткені шекарадағы қызмет жауынгерден тек кəсіби шеберлікті ғана емес, рухтың беріктігін, намыс пен табандылықты талап етеді. Ал осындай қасиеттерді бойына сіңірген жауынгер өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, ел сенімін ақтай алады. Менің ойымша, нағыз шекарашы – Отанын жүрегімен сүйетін, антына адал, тəртібі берік əрі қандай жағдайда да ел мүддесін бəрінен биік қоятын азамат.
– Жас жауынгерлердің əскери өмірге бейімделуі үшін «Қарғалы» бөлімшесінде қандай тəрбиелік жұмыстар жүргізілуде?
– Жас сарбаздардың психологиялық жағдайын қалыпты ұстап, олардың əскери ортаға тез бейімделуіне ерекше көңіл бөлеміз. Мемлекеттік жəне кəсіби мерекелерде арнайы тəрбиелік іс-шаралар мен спорттық жарыстар ұдайы ұйымдастырылады. Сонымен қатар сарбаздардың əрі қарай білім алуына жəне əскери қызмет барысында өз мүмкіндіктерін дамытуына жол ашатын «Сарбаз 2.0» жобасы жұмыс істейді. Əскердегі сабақ үлгерімі мен тəртібіне қарай жоғары ұпай жинаған сарбаздар əскери қызметін аяқтаған соң еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орнына конкурс арқылы тегін оқуға түсу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – жастарымыздың болашағына салынған үлкен инвестиция деп білемін. Бұған нақты мысал ретінде «Сарбаз 2.0» жобасының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жоғары оқу орнына білім гранты арқылы түскен Айдын Нəрікұлы мен Дарын Əскербайұлын атап өтуге болады. Ал Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп, əскери қызмет барысында өзін жақсы қырынан таныта білген Кендебай Арсен мен Боранбай Ыбырайым бөлімшеде келісімшарт бойынша əскери қызметін жалғастырып қалды. Осындай нақты нəтижелер жас жауынгерлердің Отан алдындағы борышын абыроймен өтеумен қатар, өздерінің білімін жетілдіріп, болашақ мамандығын таңдауға немесе əскери қызметті кəсіби тұрғыда жалғастыруға мол мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Біздің мақсатымыз – əр сарбаздың əскери ортаға бейімделуіне жағдай жасап қана қоймай, оның болашағына сеніммен қадам басуына жол ашу.
– Күнделікті кезекшілік пен шептегі бақылау барысында кездесетін қызықты немесе ерекше есте қалған сəттермен бөліссеңіз?
– Біздің бөлімше таулы аймақта орналасқандықтан, қызмет барысында табиғаттың көркемдігімен қатар, оның қатал мінезін де сезінеміз. Əсіресе шекара шебіндегі кезекшілік кезінде жабайы табиғатпен бетпе-бет келетін сəттер аз емес. Қызмет барысында аю мен қабан секілді аңдарды өз көзімізбен көрген кездеріміз де болды. Мұндай сəттер, бір жағынан, табиғаттың тылсым болмысын сезіндірсе, екінші жағынан, шекарашының кез келген жағдайда қырағы əрі сақ болуы керектігін еске салады. Біздің бөлімше құрылған 2013 жылдан бері шекарада заң бұзушылықтарға жол берілген жоқ. Жеке құрам күндіз-түні ел шетінде қырағылық танытып, күзетте тұр.
– Болашақта «Қарғалы» бөлімшесінің əскери əлеуетін арттыру бағытындағы басты мақсаттарыңыз бен алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Басты мақсат – кəсіби біліктілікті үздіксіз арттырып, бөлімшенің жауынгерлік дайындығын жоғары деңгейде ұстау. Қарамағымдағы жас сарбаздарды тек əскери іске ғана емес, өмірге бейім, жауапкершілікті терең сезінетін, қару жарақты шебер меңгерген азамат етіп тəрбиелеу. Өз тарапымнан – лауазымдық тұрғыдан өсіп, Отаныма адал қызмет етуді жалғастыра беремін.
– Кəсіби мереке қарсаңында ел тыныштығын қырағы күзетіп жүрген əріптестеріңізге айтар жүрекжарды тілегіңіз қандай?
– Бүгінде бүкіл еліміз бойынша 300-ден астам шекара бөлімшесі халықтың тыныштығын күзетіп тұр. Мереке қарсаңында барша əріптестеріме, ел шебінде жүрген сарбаздар мен офицерлерге амандық, мықты денсаулық, төзімділік пен толағай табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, шекарамыз берік болсын!
– Əңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Əйгерім ƏБУ

