Site icon ATAMEKEN

ШӨЛЕЙТТЕН ШҰРАЙЛЫ МЕКЕНГЕ ДЕЙІН

Суы ащы демесең, құмы алтын, сусындатқан шұбатпен елін-халқын. Түйелері жайлауда, құлындары байлауда, сақтап келеді қазақтың ескі салтын, – деп ақындардың жырына арқау болған Сарытауқұм өңірі мыңғырған түйесімен, бал татыған қауын-қарбызымен ауданға танылған тарихы терең аймақ.

Алматы–Астана күре жолының бойында орналасқан бұл ауылдық округ КСРО-ның 60 жылдығы атындағы бұрынғы «Күрті» совхозынан енші алып, шығысында «Айдарлы» қой совхозымен, батысында Жамбыл ауданының мал жайылым учаскесімен шектесіп, «Бозой» қой совхозының қыстаулары және Жиенқұм өңірімен ұласып жатқан аумақта 1977 жылы Сарытауқұм түйе шаруашылығы болып қайта құрылған.

Сол кезеңде шаруашылықтың негізгі бағыты – ойсылқара түлігі түйе болды. Түйе шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, республиканың әр өңірінен түйелер әкелінді. Жиенқұм бойынан арнайы түйе қоралары салынып, мал күтіп-бапталды. Әр жылдары округті басқарған әкімдер – Нүсіпов Бақыт, Бошқұлов Ертас және Айнабеков Бейсембек – ауылдың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосты.

Шаруашылық алғаш құрылған кезде оның қарамағында 141 499 гектар жер, 15 925 қой, 700 түйе, 351 жылқы, 36 трактор және 30 автокөлік болған. Аспанында құс қалықтап, даласында ақбөкен жортқан «Ащысу» аталатын шөлейт далаға тіршілік еніп, тың жерлер игерілген. Кең жазирада қой, үйірлі жылқы, табынды түйе жайылып, өңір ажары артқан.

1980–1995 жылдар аралығы Сарытауқұм совхозының дәуірлеген кезеңі болды. Цехтарда сабын, шұжық, өсімдік майы және ұн өнімдері өндіріліп, халық игілігіне ұсынылды. Сол жылдары озат түйешілердің көшін бастаған Құтпанқұлов Тұрдақын сынды еңбек майталмандары шаруашылықтың мақтанышына айналды.

1996 жылдың ортасында Сарытауқұм совхозы Жамбыл ауданының қарамағына өтті. Бүгінде Сарытауқұм ауылдық округінің әкімі Жанатбеков Айдын ауылдың көркеюі мен дамуына өз үлесін қосып келеді.

Қазіргі таңда округте 471 аула бар. Көпбалалы отбасылар саны – 10, оның ішінде 18 жасқа толмаған балалар саны – 48. Бұл отбасылар мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған. Жұмысқа жарамды азаматтар саны – 267, оның ішінде 55 адам ауыл шаруашылығында еңбек етеді.

Округтің жалпы жер көлемі – 61,3 мың гектар. Оның 1135 гектары егістік болса, қалған бөлігі жайылымдық жерлер. Ащысу ауылының елді мекен ретіндегі аумағы 76,3 гектарды құрайды.

Тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Бүгінде округте 70 шаруа қожалығы мен 3 ЖШС тіркелген. Мал басы: ірі қара – 1470, қой-ешкі – 28 897, жылқы – 813, түйе – 107, құс – 1600 басқа жеткен.

Білім беру саласында бір мектеп жұмыс істейді. 1988 жылы салынған бұл мектепте 2025–2026 оқу жылында 38 оқушы білім алуда. Оларға 12 білікті мұғалім сабақ береді. Мектеп өртке қарсы дабыл жүйесімен, бейнебақылау құрылғыларымен және басқа да қажетті құралдармен жабдықталған.

Денсаулық сақтау саласында облыстық бюджеттен 88 млн теңге бөлініп, фельдшерлік-акушерлік пункт салынған. ФАП заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда мұнда 1 фельдшер, 1 санитар және 1 қарауыл қызмет атқарады. Сонымен қатар 5 адам қоғамдық жұмысқа тартылған.

Ауылда абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Орталық алаңға, мектеп пен ФАП ауласына 300 түп ағаш отырғызылған. Сонымен қатар арықтарды тазалау, су арналары мен шлюздерді қалпына келтіру, каналдарды жөндеу жұмыстары атқарылған. Көктемгі және күзгі санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, қосымша ағаш көшеттері егілген.

Бүгінде округ аумағына қараағаш тұқымы себіліп, оған тұрақты күтім жасалуда. Атқарылған жұмыстар бойынша мәліметтер, фото және бейнематериалдар аудандық ішкі саясат бөліміне жолданып отырады.

Мемлекеттік қызметтерді алу көрсеткіші бұрынғы жылдармен салыстырғанда 20–30 пайызға төмендеген. Ауыл тұрғындары егістік және бау-бақша жұмыстарына белсенді атсалысуда.

«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несие беру қарастырылған. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының кәсіпкерлігін дамытуға және тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған. Қазіргі таңда бір тұрғын 5,5 млн теңге көлемінде несие алып, мал шаруашылығын дамытуда.

Тұрғындарының өтініштері негізінен ауыл шаруашылығына қатысты. Көктемгі егіс науқаны кезінде субсидияланған дизель отынына 2 өтініш түсіп, оның біреуі қанағаттандырылды.

Бозой, Айдарлы және Сарытауқұм ауылдық округтерінің егістік алқаптары Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы арқылы суарылады. Ұзындығы 73 шақырым болатын магистральді каналдың 23 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Алайда каналдың төменгі бөлігінде орналасуына байланысты су тапшылығы байқалады.

Осыған байланысты ауыл диқандары тамшылатып суару технологиясын енгізуде. 2026 жылы бір шаруа қожалығы 400 гектар жерге жүгері, тағы біреуі 35 гектарға, ал тұрғындар 19 гектар жерге қауын-қарбыз еккен.

2024 жылы округ тұрғындары үшін 344 млн теңгеге ауыз су жүйесі тартылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2026 жылы 41 адам Egov бұрышы арқылы қажетті анықтамалар мен электрондық цифрлық қолтаңба алған. Мектеп пен әкімшілік ғимаратында Egov бұрыштары жұмыс істейді.

Сарытауқұм – бүгінгі тіршілігі берекелі, болашағы баянды өңір. Табиғатымен тамсандырған, еңбегімен еңселі бұл аймақтың тұрғындары ата кәсіпті дамытып, заман талабына сай жаңашылдықты да игеріп келеді.

Инфрақұрылымның жақсаруы, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы және ауыл халқының ынтымағы өңірдің келешекте де өркендеуіне берік негіз қалайды.

Тұрсынжан ТОҚТАСЫН

Exit mobile version