Среда, 24 апреля, 2024

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН

Көктем айындағы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл тарихы – терең, өмірі – өлең қазақтың кең байтақ даласын мекендеген 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын нығайтып, арман-тілегін біріктірген мерейлі мереке. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың басшылығымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамды топтастыруда, барлық ұлттар мен ұлыстардың арасындағы қоғамдық келісімді нығайту бағытында маңызды рөл атқаруда. Бүгінде «Мəңгілік ел» болуды армандаған мемлекетіміз бейбіт өмір сүруде.

Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың атындағы ауданда ынтымақ пен бірлігі жарасқан өзге этномəдени орталықтар 1996 жылдан бастап өз жұмысын жандандырып келеді. Біздің ұйғыр этномəдени орталығының шаңырағы осы 1996 жылы көтерілген болатын. Əр ұлт өздерінің салт-дəстүрін, мəдениетін, өнерін кеңінен насихаттап, аудан көлемінде ұйымдастырылатын түрлі мəдени іс-шаралардың ортасынан табылып келеді. Біздің орталық жылда өткізілетін  «1 наурыз – Алғыс айту күнін», «Ұлыстың ұлы мейрамын»,  «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесін»,  «Тəуелсіздік күнін», «Жаңа жыл мерекесін», «Ұлы Жеңіс күнін» жоғарғы деңгейде атап өтіп, мерекелерде концерттік бағдарламаларын көрсетіп, ұлттық тағамды көпшілікке ұсынып келеді. Ауданда 600 отбасы ұйғыр ұлтының негізін қалайды. Оның 90 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлеп, ұлттар арасындағы ұлы достықтың туын көтеруде. Ұйғыр этно-мəдени орталығының бірінші төрағасы Аркентай Ибрагимов болды. Орталықтың қалыптасуына оның мол үлес қосқанын атап айтқан орынды. Атқарылатын барлық жұмыс жоспарын орталықтың белсенділері Мақсұт Назаров, Иминжан Турдиев, Зейнеп Гашимова, Гүлнар Садырова, Адалят Вагапова, Рахатай Насирова, орталықтың жетекшісі Рашида Сабитова, Саид Ганиев, Баратжан Рахманов бірге ақылдасып жасаймыз. Сонымен бірге біздің орталық мүгедектерге өз тарапынан материалдық көмек шараларын ұйымдастырып, қамқорлық көрсетеді. Əр мерекеде біздің өнерлі жастарымыз əн айтып, би билеп, көпшіліктің назарына өзіміздің ұлттық қолөнер бұйымдарын, ұлттық ойын түрлерін ұсынады. Біздің ең басты мақсатымыз ұлттар арасындағы ұлы достықтың дəнекері болып, бейбіт аспан аясында бақытты өмір сүру. Өзге ұлт өкілдеріне өздерінің бауырмалдықпен құшағын кең жайған қазақ ұлтына ризамыз, айтар алғысымыз шексіз. Ұйғыр ұлтының салт-дəстүрін, шеберлердің қолданбалы туындыларының жиынтығын түрлі байқаулар мен фестивальдерде көрсетіп жүрміз. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесімен барша жамиғатты құттықтаймыз. Аспан төрінде бейбітшіліктің символы ақ көгершін қалықтай берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, мереке мерейлі болсын!

 

 

Рустам РАИМОВ,

Жамбыл аудандық ұйғыр этномəдени орталығының төрағасы

Алдыңғы мақала
Келесі мақалада
RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments